Әлеумет Қоғам

ТАРИХШЫЛАРДЫ ТАРТЫСТЫРҒАН ЦИТАДЕЛЬ

туристерді қызықтыра ала ма?    

Тасын түртсең тарихы сөйлейтін киелі төбелер өлкемізде аз емес. Осындай мекендердің бірі — Шымкенттегі «Ескі қалашық» шағынауданы. Қазір бұл аймақ жаңаша түрленіп, өзгеше кейіпке енуде. Цитадель құрылысына байланысты түрлі пікірлер де айтылып жүр. «Қойнауы тарихи көмбеге бай қамалды музейге айналдырудың қажеті қанша?» деген сауал да жоқ емес. Тарихшылар «жаңғырту жұмыстары цитадельдің бастапқы қалпын жойып жібере ме» деп алаңдаулы.

         — Шетелде мұндай жобалар әбден екшеліп, мұқият зерттеліп барып, кемінде 20-30 жылда аяқталады. Ал, бізде көне құндылықтарды қойнауына жасырған бұл маңызды нысан Шымкенттің ТМД елдерінің мәдени астанасы болып аталуына байланысты туристерге көрсету үшін асығыс қолға алынды. Бірақ, ол  шетелдіктерді қызықтыра ала ма? Мәселе осында. Меніңше, қамалдың белгілі бір бөлігін ғана жаңғыртқан дұрыс. Ал, тұтастай қорған салу қажет пе, қаржылай тиімді ме? Егер туристерді қызықтырамыз десек, Қошқарата өзенін абаттандырған жөн. Мұндай өзен егер Жапония немесе Еуропа елдерінің бірінде болса әлдеқашан гүлдендіріп жіберер еді, — дейді тарих ғылымдарының докторы, археолог Мұхтар Қожа.

Ал, ОҚМПУ-дың аға оқытушысы, тарих ғылымдарының кандидаты Бахадыр Айтайдың пікірінше, цитадельге туристік нысан деп емес, алдымен тарихи құндылық деп қараған дұрыс.

— Қаламыз осы жерден бастау алды. Археологтар Шымкенттің жасын 2200 жыл деп тапқан соң,  тарихи орны болуы да қажет. Үш бидің атымен аталатын көшелердің түйіскен жеріне бюст қойылса жарасып кетер еді. Цитадельдің шекарасы ежелде биік қорғандармен қоршалып, оған төрт қақпа-дарбаза арқылы кірген. Бірі бүгінгі «Венеция» сауда үйінің аумағы —Түркістан  қақпасы болса, екіншісі Айболит клиникасы аумағында — Сайрам қақпасы, Ташкент қақпасы — Сантофарм зауыты аумағы, төртінші, яғни Әулиеата-Тараз қақпасы — жоғары базар аумағы жағында болыпты. Осы жерлерге биік, ежелгі нақыштағы дарбазалар қойылса қаламыздың шын мәнінде тарихилығы арта түсер еді, — дейді Б. Айтай.

Тарихи нысанның жаңғырту жұмыстарын жүзеге асырушы,  «Қазқайтажаңғырту» мемлекеттік кәсіпорны жобалау филиалының басшысы Сәдуақас Ағытаевтың да бұл мәселе төңірегінде айтары бар: 

— Кез келген елде туристерді қызықтыратын көне қала аумағы қоршалған. Мысалы, Бакудегі көне қалашықта қырыққа жуық галерея бөлімі жұмыс істесе, туристер толастамайтын ежелгі Рим Колизейінің танымалдығын арттыру үшін біраз шаруа атқарылған. Ал, Шымкент – еліміздегі ортағасырлық цитадель орны сақталған жалғыз қала. Биыл ТМД-ның мәдени астанасы атанған қаланы тамашалауға келетін туристер қайда аялдамақ? 

Екіншіден, «Ескі қалашықты» жаңғырту бүгін ойлап тапқан жаңалық емес. Оған цитадель қамалындағы мәдени қабаттардың өзі куә. Мысалы, ең төменгі қабатында Самарқанд пен Оңтүстік өңірінің байланысын көрсететін керамика кешені анықталды. Сол сияқты, VIII-IX ғасырлар қабатынан өрт пен қару-жарақ заттары табылды. Тарихта бұл кезең бізге арабтар мен саманидтер  жорықтарымен белгілі. Демек, цитадель тарихта әр дәуірдің келбетіне сай жаңғырып отырған. Сондықтан, ескі қамалдың ежелгі келбеті бүлінбей ме деп алаңдау негізсіз. Жаңа жоба тарихи құндылықтарды сақтай отырып, бүгінгі заман келбетін көрсетуге бағытталған, — дейді жоба авторы.

         Цитадельге арнайы барып көргенімізде онда қазір негізінен қайта қалпына келтіру және құрылыс жұмыстары жүргізілуде екен. Үш жылдан бері жалғасып жатқан археологиялық қазба жұмыстары кезінде калибрлер, оқ сынықтары, әшекей заттар мен қола, күміс тиындар, керамикалық қыш құмыралары аршып алыныпты. ХІХ ғасырға жататын тұрмыстық бұйымдар мен қару-жарақтар да ерекше назар аудартады. Бұл оқ пен зеңбіректердің калибрі Түркістан облыстық тарихи-өлкетану мұражайы қорында сақталған қарулар оқпандарының мөлшеріне сәйкес келетіндігі таңқалдырады

         Мамандар қамалдың оңтүстік қақпасы мен қасбеті, мұражай құрылысы наурызда дайын болатынын айтады. Бекіністің үстіңгі қабаты мен айналдыра абаттандыру жұмыстары қыркүйек-қазан айларына дейін жалғаспақ. Демек, туристер жаз бойы цитадельді аралап, жаңғыру жұмыстарының жалғасын өз көзімен тамашалай алады. Мұндай әдіс әлемдік тәжірибеде бар екендігін айта кеткен  жөн. Табылған жәдігерлер осы жерде салынып жатқан ашық аспан астындағы мұражайға қойылады. Бес жүз елу орындық амфитеатр, галерея, тағы басқа нысандар бой көтеретін қалашықтың жаңа мәдени әлеуеті де зор болмақ.

         Араб ғалымы Әбу Шама әл-Макдиси Х ғасырда Испиджаб пен оның Шымкент кіретін аймағы туралы: «Бұл — даңқты шекара бекінісі және сенім үшін соғыс орны» деп жазған екен. Расында, бүгінде тәуелсіздік туы астында екі мың жылдық тарихымызды түгендеуге деген ұмтылыс тарих алдындағы қателікке ұрындырмауы тиіс. Цитадельдегі күрделі жұмыстар ескі үйдің сыртынан еурожөндеу жүргізе салғандай болмауы керек. Ал оны шетелдегідей киелі жерлер мен тарихи мұралардан айтарлықтай табыс табуға болатын этномәдени туристік кешенге қалай айналдырамыз? Бұл әзірге болашақтың еншісіндегі сауал болып тұр.        

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *