Әлеумет Қоғам

Абайдың шөбересі Шымкентте тұрады

Айгүл апаның арманы – ақын атасының мерейтойына қатысу екен A0BL

Биыл — Абай жылы. Руханият мерейтойында хакім мұралары мансұқталып қана қоймай, ұлы ойшылдың ұрпақтарына да зор көңіл бөлінуі тиіс.

Ақынның шөбересі Шымкент қаласында тұрады екен деген хабарды естіген бойда онымен кездесуге асық болдық. Шаһар орталығындағы «Фантазия» аялдамасы маңайындағы көпқабатты үйлердің біріндегі пәтердің есігін қаққанда бізге ұлы Абайдың шөбересі Айгүл Мүштарқызының өзі ашты. Биыл сексен үш жасқа келген қарияның өзі де, сөзі де әлі ширақ екен. Келген мақсатымызды білгеннен кейін кеудесіндегі өткен жылдар елесі сайрап қоя берді.

— Мен Абайдың қызы Күлбаданнан туған ұлы Мүштардың қызымын. Әжем Күлбадан бойжетіп отырған шағында атамыз Дүтбай болысқа тұрмысқа шыққан. Үкілеп өсіріп, оқытқан қызының әйелі бар кісінің етегінен ұстауына әуелде әкесі Абай біраз қарсы болса керек. Бірақ, Күлбадан алған бетінен қайтпаған соң, батасын берген. Мұны мен бертінде естідім. Сөйтіп, Күлбадан әжем мен атам Дүтбай болыстан Мұхтар, Мүштар, Хамза, Мәкен, Хадиша атты перзенттер дүниеге келеді.

Бізде қайбір өмір болды дейсің, шырағым?! Балалық шағымыздың аспаны бұлт торлаумен өтті. Кеңес өкіметінің зәбірінен әбден қорқып, жүрегі шайлығып қалған үлкендер бізге ешнәрсе айтпайтын. Тек бастары қосылғанда жасырын әлденелерді сыбыр-күбір әңгіме етіп отыратын. Айтуларынша, көрмеген қорлықтары қалмаған. Әкем Мүштар қудалаудың кесірінен 1937 жылы дүниеден қайтқан. Сол жылы өмірге келген мен әкеден алты айлық кезімде, жөргегімнен жетім қалыппын. Марқұм анам Хадиша «Қыр бөктерінің қойнауы малға толған ел едік. Шолақ белсенділер халықтың төрт түлік малын сыпырып алып, тартып әкетпекші болды. Ішсе тамақ, кисе киім болып отырған малсыз қазақ қалай өмір сүреді? Бұл зорлыққа көнгісі келмей адамдар көтеріліске шықты», — деп айтып отыратын. Бұл сол кезде «Шыңғыстау көтерілісі» деген атпен тарихта қалған. Атыс-шабыс, айқай-сүрең, айдаудың барлығы осыдан басталыпты. Адамдар аштан өле бастаған, сау қалғаны шекара асып өткен. Әкемнің ағасы Мұхтар сол кезде Мүштарға Қытайға кетіп бара жатқанын айтып, жасырын хабарлаған екен. Бірақ, әкем бұл көшке қосылмай, осында қалып қояды, — дейді асылдың сынығы.

Айгүл апаның айтуынша, жан-жаққа бытырап кеткен туыстарымен байланысып, табысуға замана дауылы ырық бермеген. Анық білетіні, әкесі Мүштардың қарындасы Хадиша тоғыз құрсақ көтергенімен, шетінен шетіней берген. 43 жасында әзер сүйген перзенті Тыныштық қана тұрақтаған. Қазір жасы жетпісте. Алматыда тұрады екен. Ал, Абайдың ұлы Тұрағұлдың Шымкентке жер аударылып, 1934 жылы аштан өлгенінен, одан тараған ұрпақтары осы қалада тұрғанынан хабардар. Айгүл апа Тұрағұл ұрпақтарын Ақылия, Халима, Мәкен деп таратады. Тұрағұл о дүниеге қызы Мәкеннің қолынан қайтқан. (Автордан: Мәкеннің қызы Ләйла Ұлықбекқызы Сарыағаш қаласында ұзақ жыл тұрып, былтыр қайтыс болды).

— Шымкент біздің бала кезімізде қу мекиен дала болатын. Біз сол кездегі ет комбинатының жанында тұрдық. Анам Хадиша комбинатта отыз жыл жұмыс істеп, зейнетке шықты. Абайдың жүз елу жылдық мерейтойында жергілікті әкімдікке «Ақынның біраз ұрпағы Шымкентте тұрады. Олар қашанғы қашқын атанып, қара жамылып жүрмек?» деп біраз жүгіріп, сұрау салдым. Анамның бір арманы сол мерейтойға қатысып, туыстарымен табысу еді. Өкінішке қарай, денсаулығы жарамай, төсек тартып жатқандықтан бара алмады. Сексен жеті жасында өмірден озды. Өзім жолдасыммен бірге екі қыз, бір ұлды дүниеге әкеліп, тәрбиеледік. Тігіншілікпен айналыстым. Осы үйде тұрып жатқанымызға алпыс жылдың жүзі болып қалыпты, — дейді Айгүл апа.

Иә, қазақты жер бетінен жоюды мақсат еткен кеңестік қызыл империяның қан тамған қылышы әуелі ұлт зиялыларын баудай қиып түсірді. Бұл аласапыран Құнанбай әулетін де айналып өткен жоқ. Абайдан тараған еркек кіндіктінің барлығы да құрбандық болды. Атылды, асылды. Жер аударылғаны аштық пен көрген қорлыққа шыдамай, сүйегі далада көмусіз қалды. Нәубет жылдардан аман қалып, осы күнге жеткенінің өзі некен-саяқ. Сондықтан, биыл Семей қаласында өтетін Абайдың 175 жылдық мерейтойы қарсаңында ақын ұрпақтарына тиісті деңгейде сұрау салынуы тиіс.

Айгүл апа ұлы ойшылдан тарайтын тікелей ұрпақтың соңғы буыны. Қызы Күлбаданның немересі, яғни шөбере жиеншары. Ол кісі қаймана қазақтың қаншама қилы кезеңнен өтіп, осы дәуірге жеткеніне әрқашан шүкірлік етіп отырады. Алдағы ақын мерейтойына Мүштардың қарындасы Хадишадан туған қыз, яғни, Алматыдағы жиен сіңлісі Тыныштық екеуі қатыссақ деген тілегі бар. Асылдың сынығының бұл тілегін тиісті орындар жерде қалдырмайды деп сенеміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *