Өмірдің өзі

Ұрпағымызбен мың жасағымыз келсе…

Қазақ – ұлды нарға, қызды арға балаған дархан халық. «Баламның табанына кірген шөңге, менің маңдайыма қадалсын» деп бауыр еті баласының төбесінен құс ұшырмай мәпелеген. Барын баласының аузына тосып, оны болашағына балап, отбасылық тәрбиеге терең мән берген.

Өлеңімен өзіне ескерткіш орнатқан, 175 жылдық мерейтойын барша ел болып тойлағалы отырған халқымыздың ұлы ақыны, кемеңгер ойшылы Абай «Баланың басты тәрбиешісі — ата-анасы» деп текке айтпаған. Бабаларымыз басына қандай қиын-қыстау күн туса да, тағдыр талайы қаншама ауыртпалық сыйласа да бала тәрбиесін ешқашан екінші орынға ысырып қоймаған. Кісінің ала жібін аттамауды, өзінен әлсізге зәбір-жапа көрсетпеуді ұрпағына ұлағат еткен. «Балаң жаман болса, жиғаның кетер, Әйелің жаман болса, мейманың кетер, Қызың жаман болса, жеті атаңа жетер», – деп перзенттерін жаман-жат қылықтардан сақтандырған.

Алайда өздеріңізге белгілі, бүгінгі таңда кейбір жастар мен жасөспірімдердің қылмыс жасауы, қыздардың оң босағада отырып жүкті болуы халқымыздың сүйегіне түскен таңба болып отыр. Бұл – тәрбиенің осалданып, күнделікті күйбең тірлікпен жүріп, бала тәрбиесін ұмытқанның салдары ма?!

Жас ұрпақ тәрбиесімен айналысу – бүгінгі күннің өзекті мәселелерінің бірі. Өйткені, қай қоғамда да, қай заманда да көңілі пырақ, көкірегі шырақ парасат иелерін жастардың тәрбиесі бей-жай қалдырмаған. Кешегі ердің құнын екі ауыз сөзбен шешкен Төле, Қазыбек, Әйтеке билерді, Шоқандай дараны, Абайдай дананы, Ыбырайдай ұлттың ұстыны болған азаматтарды Әлібек, Келдібек, Байбек сынды тау тұлғалар мен Шыңғыс сұлтан, Құнанбай қажы, Балқожа би тәрбилеп, ел танитын дәрежеге жеткізген.

Ана сүтімен ауызданып, жылқы сүтімен жетілген бабаларымыз баланы болашағына балап, татулықты ту еткен. Бала тәрбиесімен әкелер ғана айналысып қоймай, тиісті дәрежеде аналар да ақыл қосып отырған. Оған дәлел — заманымыздың заңғар жазушысы, атағын әлем мойындаған Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романында мынадай бір көңіл толқытатын үзінді бар: «Бала көп ішінен ең алдымен өзінің шешесін көріп, соған қарай жүре беріп еді, шешесі анадай жерде тұрып: – Әй, шырағым, балам, әуелі ар жағыңда әкең тұр. Сәлем бер! – деді. Абай жалт қарап барып жаңа көрді. Анадай жерде, қонақ үйдің сыртында, қасында екі-үш үлкен кісі бар әкесі Құнанбай тұр екен. Ыңғайсыздықпен қысылып қалған бала шешесінің сондайлық салқын сабырының мәнін ұқты да, дереу әкесіне қарай бұрылды». 

        Ұлжан ана бауыр еті баласын, көзінің нұрын қанша сағынып, аңсаса да аналық ұлы сезімді, әйелдік әлсіздікті ақылына жеңдіре білді де, қоңыр қозысын әкесіне қарай бағыттап жіберді. Ұлжан «алдымен әкеңе бар» деуі арқылы күйеуінің абыройын көтеріп, әкенің бала алдындағы қадірін асқақтатып, асқар тау әкенің рөлі қандай екенін, ер адамның қадірі биік екенін аңғартты.Міне осындай ақылды аналары, қадірменді қариялары бар елдің ертеңі кемел, болашағы бақытты, келешегі керемет болмақ.

«Өз тарихын танитын, білетін, оны бағалайтын ұрпақтың келешегі жарқын болмақ», — деп Елбасы Н.Назарбаев айтқандай, дәстүрді дәріптейтін, салтты сақтайтын, төл тарихын түгендей алатын ұрпақты тәрбиелеу – сіз бен біздің парызымыз, құрметті ата-аналар.

Лұқпан Хакім «Ауыр зат та көтердім, ауыр тас та көтердім, бірақ перзенттің қайғысынан ауыр нәрсе көрмедім» деген екен. Бала ешқашан қанаты қайырылған қарлығаштың күйін кешпесін, ана ботасынан айырылған бозінгендей боздамасын, әке асыл арманына қол жеткізе алмай, бордай езілмесін. Қазақ қоғамында ұлтты аздырып, ұрпақты тоздыратын теріс әрекет орын алмасын деп тілеймін. Адам ізін басар ұрпағымен мың жасайды. Ендеше ұрпаққа үлгі болар ұлағатты ісіміз көп болғай. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *