Бүгінде қыз-келіншектер қоғамның әр саласында қызмет етіп, дамуына үлес қосып жүр. Тіпті, ерекше кәсіпті игеріп, оның біз біле бермейтін қырын меңгерген жандар арамызда бар. Шымкентте тұратын Алтынай Бисұлтанқызы Шымкенттегі «Су ресурстары — Маркетинг» ЖШС-іне қарасты су сорғы стансасында жұмыс істейтін осындай сирек кәсіп иесі.
Бүгінде қала бойынша кәріз суларын тазартатын небәрі төрт маман болса, оның үшеуі ер кісі, ал бірі — біздің нәзікжанды кейіпкеріміз. Олар жұмысқа төрт ауысыммен түседі. Суды тазартуға арналған әр құрылғының өз қызметі бар. Бірінде тамақ қалдықтары, полиэтилен қалталар, пластик бөтелкелер іріктелсе, екіншісінде су тұндырылады. Ал, одан кейінгісінде биологиялық тазартуға жіберіледі. Бүгінде қала аумағы кеңейген сайын жұмыс та күрделене түскен. Осыған сай мекеме басшылығы әрдайым алдыңғы қатарлы тәжірибелерді, жаңа технологияларды қолдануда. Су тазарту ісі көп сатылы процесс болғандықтан мамандар өз білктілігін ұдайы жетілдіріп, бақылаудан өтіп тұрады екен.
Алтынай өзінің бұл кәсіпке әкесі арқылы қызығушылығы артқанын айтады. Ұзақ жыл еңбек етіп, зейнетке шыққан әкесі Бисұлтанмен бала кезінде мұнда жиі келген. Қазір жұмыс істеп жатқанына бес жыл болған су сорғышы алғашында түрлі қиындықтарды бастан өткеріпті. Сорғыларды шатастырып алып, шайынды судың ішіндегі тамақ қалдықтары, түрлі тұрмыстық, химиялық заттардың барлығы жерге төгіліп, әбігерге салғаны бар. Әріптестерінің көмегімен түнгі сағат бірге дейін айналаны тазалап, қалғанын ертеңіне ретке келтіргені бүгінде естелік болып қалған.
«Кез-келген жұмыстың алғашында қиындығы болады. Бірақ,оны жақсы көріп істесең, қиындықты еңсере аласың», —дейді кейіпкеріміз. «Ертелі-кеш темір-терсек пен құбырдың арасында еңбек ету әйелдің нәзік жанына қаншалықты әсер етеді?» деген сұрағымызға Алтынай «Бүгінде әйелдер қай салада болса да еңбек етуде. Өзім Ордабасы ауданына қарасты Төрткүл ауылында тудым. Ауылда қара жұмысты еңсеріп істеп үйренгендіктен, бұл кәсіппен айналысу да аса қиын болмады. Қалаға 1996 жылы көшіп келіп, тұрақтадық. Сол кезде әкеммен бірге келіп, үйренген жұмыс орным» дейді Алтынай.
Су сорғышы маманның кәсібіне қызыққандар көбінесе «Тіршілік нәрін тазалаған соң, өңдеуден өткен суды қайта ішуге жөнелтесіңдер ме?» деп сұрайды екен. Тұрғындардың бұл алаңдаушылығы бекер екенін айтқан маман «Өңдеуден өткен су адамдар ішуге қайта пайдаланылмайды. Олай болса өзім де ішпес едім ғой» дейді.
Бүгінде ұлын осы кәсіппен асырап отырған ана өзінің кәсібін әркез мақтан тұтады. Бір айтып өтетін жайт, Алтынай Бисұлтанқызы — тек Шымкентте ғана емес, еліміз бойынша су сорғыш кәсібін меңгерген жалғыз әйел екен.
Осындай қиын жұмысты еңсерген аруларды мерекелерімен құттықтағымыз келеді.