Әлеумет Өмірдің өзі

Қозықұйрық өсір, өнімі оның көл-көсір

Нарық заманының сұранысына сай бүгінде елімізде көптеген кәсіп түрлері қолға алынуда. Өзін-өзі жұмыспен қамтамасыз етуге ниеттілер көбейіп, «екі қолға бір күрек» табуда. Соның бірі — Түркістан облысының Сарыағаш ауданына қарасты Дербісек ауылында тұратын Бақкелді Рахынбаев.

Кейіпкеріміз үйінен қозықұйрық шаруашылығын ашып, пайдаға кенеліп отырған жан. Қозықұйрық өсірумен үш жылдан бері айналысып жүрген ол уақыт өте жеке кәсіп ашуға ден қойып, былтыр мемлекеттік бағдарлама арқылы төленетін атаулы әлеуметтік көмектің арқасында үйінен кәсіп ашты. Бес жүз мың теңгеге қол жеткізген жас кәсіпкер өз үйінің қонақ бөлмесіне 600 қап  қозықұйрық тұқымын орналастырған. Көп күттірмей алғашқы өнім де жемісін бере бастапты. Алғашында аптасына 500-600 келі қозықұйрық жинап, әр келісін  1200 теңгеден өткізіпті. Сөйтіп, небәрі үш айда барлық несие қарыздарын  жауып тастаған. Қазір аптасына 300 келіден өнім алып, келісін 500-600 теңгеден саудалауда.  

         Осылайша алғашында өзгелерге көмекші болудан бастаған ісі бүгінде нәтиже беріп, пайдаға кенелтуде. «Ойға алған істі бірден жүзеге асыруға қаржы тапшы болды. Үкіметтен атаулы әлеуметтік көмек берілетінін естігенде өз кәсібімді ашуға мүмкіндік туғанын  біліп, ерекше қуандым. Қозықұйрық тұқымын керек-жарағымен Өзбекстаннан сатып алып, өз үйімнен шағын орын  аштым. Қазіргі табысым көңілге қонымды», — дейді Бақкелді.

         Ауыл кәсіпкерінің ендігі мақсаты — қозықұйрық қаптарының санын үш мыңға жеткізу екен. Ол үшін ылғалды жер телімі мен 3 миллион теңге қажет. Осы мақсатта алдағы уақытта банктен несие алуды жоапарлап отыр. Ал, өзі бұған дейін екі несиесін осы кәсібінің арқасында жауып үлгеріпті. Бүгінде Бақкелдінің қозықұйрығына Сарыағаш ауданынан сұраныс көп. Тіпті, Шымкенттен де арнайы келісім-шарт ұсынғандар табылуда. Осыны ескерген Бақкелді алдағы уақытта жергілікті кәсіпкерлік палатасына бизнес идея ұсынып, ол жақтан да 500 мың теңгедей демеуқаржы алуға ниеттеніп отыр.

         — Әттеген-айы, саңырауқұлақ шаруашылығы ауылшаруашылығы саласының тізіміне енбеген. Сондықтан, оны дамытып, өсіруге мемлекттік  қолдау ретінде арнайы қаржы-қаражат қарастырылмаған. Ал, көптеген елдерде бұл дамыған, дара сала. Өндірісі дамыған елдерде оны тұтыну жыл басына шаққанда 2,5 келіні құраса, ТМД елдерінде, оның ішінде біздің елде 100 грамнан ғана келеді екен. Тұтынушы сұранысы аз болғандықтан ба, ауыл шаруашылығы өнімдерінің тізіміне енбей тұр. Жекелеген адамдар өздері өсіріп,  іске асырып жүр, — дейді Б. Рахынбаев. 

         Біле белгенге қозықұйрықтың өсірушіге де, тұтынушыға да пайдасы көл-көсір. Егілген саңырауқұлақ үш ай сайын өнім береді, яғни, шаруа жылына 4 рет өнім алады. Оның адам ағзасына тигізер пайдасы да мол — құрамы ақуыздарға, көмірсулар мен органикалық қышқылдарға бай. Сонымен қатар, құрамында PP, E, D, B дәрумендері, жүрек-қан тамырларына жайлы әсер ететін кальций, магний, мырыш бар.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *