Әлеумет Қоғам

Өзін-өзі жұмыспен қамтып табыс тауып жүр

Тәуелсіз Қазақстанның тұңғыш президенті Нұрсұлтан Назарбаев 2018 жылы Шымкент қаласын еліміздегі үшінші мегаполис деп жариялаған болатын. Содан бері қалада қыруар жұмыс атқарылып келеді. Құрылыс қарқыны дәл бүгінгідей жалғасын табар болса, бірер жылда Шымкент мүлдем басқа кейіпке еніп, адам танымастай өзгеріске ұшырауы әбден мүмкін.
Үшінші мегаполистің келбеті ғана өзгеріп қоймай, оның тұрғындарының бойында да жаңашылдық қасиет байқалады. Ең бастысы, жұмыс бер деп мемлекетке алақан жаймастан, өз кәсібін өзі дөңгелетуге талпынып жүргендер қатары артуда. Әрине, олар үшін мемлекет тарапынан қолдау аса қажет. Доңғалақтың алға жылжуына бір демеу болса, артқа жүру жоқ.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Қазақстанның әлеуметтік жаңғыртылуы: «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» бағдарламасында бірнеше басымдықтар айтқан болса, Шымкентте соның көп бөлігі іске асуда. Мәселен, аталған бағдарламадағы 4, 5 тапсырмаларды алайық. Онда «өзін-өзі жұмыспен қамтыған белсенді халықтың жағдайын және еңбекпен қамту саласының мүмкүндіктерін саралай отырып, жұмыспен қамтуға қарай ойысу, жұмыссыздық деңгейін айқындаудың әдісін жетілдіру керек» делінген. Осы орайда жәрдемақы деп Үкіметке алақан жаймай, Алла берген күш-қуатты кәсіпке жұмсауға бел буған жандардың бірі — Шымкент қаласындағы Қарабастау тұрғын алабында тұратын Гүлжазира Жүсіп.
Бес бала тәрбиелеп отырған көп балалы ананың ешкімге артар өкпесі жоқ. Керісінше көмек қолын созған мемлекетке айтар алғысы бар. Ол жайында бізге берген сұхбатында былай деді: «Баламның бесеуі де кәмелетке толмаған. Мектепте оқиды. Күйеуімнің жұмысы бар, бірақ тұрақты емес. Сондықтан атаулы әлеуметтік көмек те алмадық. Бірақ оған қарап отырған біз жоқ. Қазір істеймін деген адамға жұмыс табылады. Тек ниет болса болғаны. Өз басым «бес балам бар, мені мемлекет асырауы тиіс» деген масыл пиғылдан аулақпын. Құдайға шүкір, Үкімет аштан қалдырып жатқан жоқ. Қазір бес балама 50 мың теңгеден астам жәрдемақы аламын. Әрине, ол балалардың жүріп-тұруына ғана жетеді. Екі қолды бос қойып, қарап жатпастан, қосымша табыс табу мақсатында кәдімгі пістенің дәнін қуырып сатамын. Оны қалай жүзеге асырамын? Базардан пістенің шағылған дәнін әкеліп, үйде тәтті етіп қуырамыз. Содан соң бала-шағамызбен отырып, шағын пакеттерге саламыз да дүкендерге тарқатамыз. Жұмыс аса ауыр емес, бірақ күн ұзаққа шаршататыны рас. Енді оңай жерде олжа болмайтыны белгілі ғой. Табыс жаман емес, күндігіне 3-4 мың теңге төңірегінде табыс табамын. Қарап жатқан адамға мұны кім береді? Қазір бұл жұмысты әпкеме де үйреттім. Ол бұрын жұмыспен қамту орталығына жиі баратын. Қазір ол мекеменің маңына да жоламайды. Осылайша өз-өзімізді жұмыспен қамтып отырмыз».
Иә, өзін өзі жұмыспен қамтыған азаматтарды мемлекет те қолдап-көтермелеп, осы ісін бизнеске айналдыруға қол ұшын созса тіптен тамаша болады. Елбасының тапсырмасы осыған саяды. Ал жұмыспен шыңдалып өскен ұрпақ ешқандай да қиындықтан қорықпай, керісінше оған қасқайып қарсы тұрары айдан анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *