Еліміздегі Төтенше жағдай кезеңінде жер-жердегі кәсіпкерлер белсенділік танытып, аз қамтамасыз етілген және көп балалы отбасыларға түрлі көмектер ұйымдастыруда. Айталық, Мақтаарал ауданының орталығы — Атакенттің тұрғыны, «Пионер грайн продукт» серіктестігінің Мақтаарал, Жетісай, Келес, Сарыағаш аудандарындағы өкілі, жеке кәсіпкер Нұржан Тоқжігітов мұқтаж жандарға тегін тарату үшін 700 қап ұнды аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан дайындалған қоймаға табыстады.
Қазіргі уақытта кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері тарапынан мұқтаж отбасылардың тізімі жасақталуда. Жалпы салмағы 17,5 тоннаны құрайтын ұн Мақтаарал ауданындағы екі кент пен тоғыз ауылдық округтегі аз қамтамасыз етілген, көп балалы отбасыларға берілмек. Бүгінгі таңда бірінші сұрыпты, наубайханалық ұн еліміздегі ең сұранысқа ие өнімдердің біріне айналған. Бұған дейін аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан бағаны тұрақтандыру мақсатында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нәтижесінде дүкендерде 8500 теңгеден сатылған 50 келілік бірінші сұрыпты «Пионер» ұны 7700 теңгеге түсірілген еді. Бұл игі шараға да меценат-кәсіпкер Нұржан Ермаханұлы ықпал етіп, жерлестері үшін қол ұшын созған-ды.
«Нұржан секілді кәсіпкерлеріміз барда еліміз ешқашан еңсесін түсірмейді деп ойлаймыз. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев туған жерге туыңды тік деп айтты емес пе? Міне, елімізде төтенше жағдай қалыптасып, қиын-қыстау кезең туындаған кезде жерлестері үшін 700 қап ұнды тегін тарату екі кәсіпкердің бірінің қолынан келе бермейтін сауап іс. Бауырымыздың жақсылығы Алладан еселеніп қайтсын!» – деді аудандық кәсіпкерлік бөлімінің басшысы Өсер Мырзамдамов.
Аудандық кәсіпкерлік бөлімі тарапынан арнайы дайындалған қоймада бүгінде ұннан бөлек макарон, май, қарақұмық, құмшекер секілді күнделікті ішіп-жемге қажетті азық-түліктердің қоры жинақталуда.