Иә, өмірде «айран ішкеннің құтылып, шелек жалағанның тұтылатын» сәттері аз болмайды. Әсіресе, жемқорлық жайлаған мемлекеттерде. Мұндай жайт біздің мемлекетті айналып өтеді деп айта алмасақ керек. Қоғамда мұндай келеңсіз көріністердің болып жатқанын жоққа шығар алммаймыз.
Жуырда редакцияға шардаралық Нұрғали Мырзахметов есімді азамат хабарласты. Өзінің жазықсыз айыпталып, соның зардабын татып жүргенін айтқан ол Қазақстан Республикасы Парламенті Сенатының төрайымы Дариға Назарбаеваға ашық хат жазуға мәжбүр болыпты. Бәлкім шындыққа жетуіме бір пайдасы тиер деп үміттенген болар. Біз оқырманымыздың төрайымның атына жазған хатының қысқартылған нұсқасын назарларыңызға ұсынғанды жөн көрдік.
«Мен ұзақ жыл аудандық құрылыс және сәулет саласында жұмыс істедім. Соңғы екі-үш жылда бөлім басқардым. Шардараның көркейіп, көріктенуіне, құрылыс саласының қарқынды жүргізілуіне өз үлесімді қостым. Бөлімге басшы болып барған алғашқы алты айда жоғарғы көрсеткіштерге қол жеткізіп, сол кездегі облыс әкімі Ж.Түймебаевтың, «Нұр Отан» партиясы Түркістан облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Н. Жолдасовтың және аудан басшыларының Алғыс хаттары мен Құрмет грамоталарымен марапатталдым.
Әрине, жұмыс болған жерде кемшіліктің кездесетіні табиғи заңдылық. Шардара қаласы №4 мөлтек ауданына инфрақұрылым жүргізу барысында мамандардың салғырттығынан бюджеттің 1 млн. 674 мың теңге қаржысы артық аударылып кеткені жайында кейіннен белгілі болды. Кемшілікті түзетуді өз мойнымызға алғанымызбен, бізге ол кемшілікті қалпына келтіруге мұрша берілмеді. Ақыры мүдделі адамдар қолдан «жау» жасап, қызметтен сот арқылы кетірді. Сот процесі барысында залал келген 1 млн. 674 мың теңгені өз тарапымнан қалпына келтірдім. Соған қарамастан мені мемлекеттік қызметте жұмыс істеуден өмір бойына айырып, 16 млн. 740 мың теңге айыппұл салды. Көпбалалы отбасының жалғыз асыраушысы ретінде бұл жаза маған ауыр соққы болды».
Осылай деген Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, «Белес», «Іңкәр сезім» жыр жинақтарының авторы, ақын, әуесқой композитор Нұрғали Мырзахметов хат соңында Сенат төрайымынан осы жазадан құтқару жөнінде көмек сұрайды. Әрине, сот үкімін жоғары тұрған сот қана бұза алады. Оған басқа ешқандай да органның немесе лауазым иесінің құзыры жүрмейді. Дегенмен, Н.Мырзахметовтың «айыбымды мойындап, шығынды қалпына келтірдім» деген уәжін ескере отырып, жазасын жеңілдетуге болмас па еді деген ой келеді. Әжептеуір елге еңбегі сіңген, алдағы уақытта да бергенінен бері көп азаматтарды бұлайша мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтен шеттете берсек, жауапты қызметті кімдер атқарады? Әрине, заңның шеңберінен шығуға болмайтыны түсінікті. Әркім қолымен істегенін мойнымен көтеруі тиіс. Дегенмен, өз қателігін мойындап, қайталамауға уәде етіп отырған білікті мамандардың мүмкіндігін пайдалану мемлекетке де пайдалы емес пе?
Тоқсаныншы жылдары жалақы берілмей, тоқырау басталғанда білікті мамандардың дені ала дорба арқалап, саудаға кеткені белгілі. Сол кезде жауапты қызметтерге тәжірибесіз, біліксіз адамдар көптеп келді. Тіпті сала қызметінен мүлдем бейхабар, кездейсоқ азаматтар да қызметке қонжиды. Соның салдары қазір байқалып отыр емес пе?
Мақаламызды «Айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылады ма?» деп бастадық. Неге дейсіз ғой? Оқырманның есінде болса осыдан бірер жыл бұрын «Шымкент қаласы әкімдігінің халықты жұмыспен қамту орталығы» коммуналдық мемлекеттік мекемесінде үлкен дау шыққан болатын. Сол кезде мемлекетке 400 миллион теңгеден астам шығын келтірді деген күдікке ілінген Асылжан Жамалбековтың бой тасалап қашып кеткенінен бүкіл ел хабардар болды. Бірақ арада біршама уақыт өткенде ол өз еркімен құқық қорғау орындарына беріліп, 76 жеке кәсіпкерлердің есеп шоттарына 162 797 300 теңгенің негізсіз аударылғаны туралы Ішкі мемлекеттік аудиттың маманымен түзілген қорытындымен келісетінін және көрсетілген сома бойынша дауласпайтынын айтқан. Осы іске байланысты шыққан сот үкімінде «Жамалбеков Асылжан Шарипбекович ҚК-нің 371-бабы 2-бөлігімен қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны бойынша кінәлі деп танылсын және оған 3 /үш/ жыл мерзімге мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтерді атқару құқығынан айыра отырып, 2000 /екі мың/ айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде 4 538 000 /төрт миллион бес жүз отыз сегіз мың/ теңге айыппұл жазасы тағайындалсын», — деп көрсетілген.
Енді қараңыз, алғашқы азаматқа қатысты 1 миллион 674 мың теңге үшін 16 миллион 740 мың теңге айыппұл салып, өмір бойына мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтен шеттеткен болса, бірнеше жүз миллион теңгеге қатысты үкімде сотталушыға 4 538 мың теңге айыппұл салынып, үш жыл мемлекеттік мекемелерде басшылық қызметтерді атқаруға тыйым салынған. Заң баршаға бірдей дейтін болсақ, онда неге әр адамға әр түрлі жаза тағайындалады? Керісінше, жеңілдеу заңбұзушылыққа жол берген адамға ауыр, ал ауыр заңбұзушылыққа барған адамға жеңіл жаза көрілген. Әлде «аузы қисық болса да бай баласы сөйлессіннің» кері келіп тұр ма?
Иә, «айран ішкен құтылып, шелек жалаған тұтылды» деген мәтел осындайда айтылса керек.