Бүгінде сот арқылы жекелеген адамдардың, кәсіпорындардың дүние-мүліктері тәркіленіп жатады. Көпшілік арасында «сол заттар қайда кетіп жатыр» деген сұрақтың туындауы мүмкін. Осыған орай біз тәркіленген мүліктің электронды сауда-саттыққа шығарылуының маңыздылығы жөнінде айтып өтпекшіміз.
«Жекелеген негіздер бойынша мемлекет меншігіне айналдырылған мүлікті есепке алудың, сақтаудың, бағалаудың және одан әрі пайдаланудың кейбір мәселелері туралы» Үкіметтің 2002 жылғы 26 шілдедегі N 833 қаулысына сәйкес, Түркістан мемлекеттік мүлік және жекешелендіру Департаменті жекелеген негіздер бойынша республикалық меншікке айналдырылған мүлікті есепке алу, сақтау, бағалау және одан әрі пайдалану жөніндегі жұмысты ұйымдастырады. Мүлікті есепке қою тиісті сот актілерінің, нотариус беретін мемлекеттік мұраға құқығы туралы куәліктің, мемлекет пайдасына бас тартудың кеден режиміне сәйкес мәлімделген кедендік жүк декларациясының, мемлекеттің меншік құқығының туындауын растайтын өзге де құжаттардың негізінде жүзеге асырылады. Үкіметтің 2011 жылғы 15 шілдедегі №802 қаулысына сәйкес мемлекеттік мүлікті есепке алу саласындағы бірыңғай оператор «Ақпараттық-есептеу орталығы» АҚ болып табылады.
Қаржы министрінің 2015 жылғы 30 наурыздағы №227 бұйрығымен тәркіленген мүлікті сату, оның ішінде мүлікті мемлекеттік және әлеуметтік органдардың балансына беру www.gosreest.kz электрондық веб-порталы арқылы жүзеге асырылады. Сауда-саттық өткізу туралы хабарлама тізілімнің веб-порталында олар өткізілгенге дейін кемінде күнтізбелік он бес күн бұрын қазақ және орыс тілдерінде жарияланады. Сауда-саттыққа қатысуға өтінім беру үшін қатысушылар хабарламада көрсетілген бірыңғай оператордың банктік деректемелеріне кепілдік жарнаны құяды. Кепілдік жарнаны қатысушы не оның атынан кез келген басқа жеке немесе заңды тұлға енгізеді. Аукцион екі түрлі әдіспен: бағаны көтеру және төмендету әдісімен жүргізіледі. Мүліктің бастапқы бағасы нарықтық құн негізінде айқындалады және оны комиссия белгілейді.
Алғашқы сауда-саттыққа мүлік бағаны көтеру әдісін қолдана отырып қойылады. Екінші сауда-саттыққа мүлік ең төменгі бағаны бастапқы бағаның елу пайызы мөлшерінде белгілей отырып, бағаны төмендету әдісі бойынша қойылады. Мүлік екінші сауда-саттықта өткізілмеген жағдайда, Мемлекеттік сатып алу туралы заңнамасына сәйкес айқындалған сауда ұйымына сатуға бастапқы бағаның елу пайызы мөлшерінде беріледі. Үшінші сауда-саттыққа мүлік алдыңғы сауда-саттықтың ең төменгі бағасының елу пайызы мөлшерінде айқындалған ең төменгі бағаны белгілей отырып, бағаны төмендету әдісін, төртінші сауда-саттыққа мүлік ең төменгі бағаны бір теңге мөлшерінде белгілей отырып, бағаны төмендету әдісін қолданумен қойылады. Әрбір кейінгі сауда-саттық күнтізбелік отыз күннен кешіктірілмей жүзеге асырылады.
Осылайша электрондық сауда-саттық мемлекеттің мүдделері мен жеке мүдделерді ескеретін құқықтық тәртіп орнатуды мүмкін ететін әмбебап тетік болып табылады. Шарт жасасу құқығы үшін өзара бәсекелесетін және өткізілетін сауда-саттықтың шарттарына сәйкес келетін неғұрлым тиімді ұсыныстарды ұсынуға ұмтылатын сауда-саттыққа қатысушылардың жарыспалылығын қамтамасыз етеді. Аукционда ең жоғары баға ұсынған қатысушы жеңімпаз болып табылады.
Түркістан облысы бойынша тәркіленген мүлікті сатудан түскен түсімдердің мөлшерін салыстырар болсақ, 2018 жылы 193 820 967 теңгені, 2019 жылы 41 657 565 және 2020 жылғы 15 мамырдағы жағдай бойынша 216 859 183 теңгені құрады.