Мәселе

Өлімнің себебі COVID-19 ба, әлде өкпе қабынуы ма?

Наурыз айында елімізде алғаш рет «COVID-19» вирусы тіркелгені ресми жарияланды. Іле-шала оның алдын алу үшін Қазақстанда Төтенше жағдай жарияланып, карантин енгізілді. Екі айға созылған шектеу шаралары қатерлі індеттің жайылмауына себеп болды деушілер аз емес. Бірақ «ол қажет емес кезде енгізілді, негізі қатаң шектеу шараларын маусымнан бастау керек еді» деушілер де жоқ емес. Екінші топтағылардың бұлай деуіне соңғы кезде елімізде сырқатқа шалдыққандар қатарының күрт көбеюі себеп болуы ғажап емес. Бейресми мәліметтерге сүйенер болсақ, Қазақстан соңғы аптада «COVID-19» жұқтырғандардың көбеюі жағынан әлемде бірінші орынға шыққан секілді. Бұл қаншалықты рас, ол жағы белгісіз. Дегенмен сейсенбі күні елімізде мыңнан аса адамнан қатерлі індеттің белгілері анықталғаны ресми мәлімделді. Егер бұлай жалғаса берсе, жағдайдың бақылаудан шығып кетуі де ғажап емес.

Енді 8 маусымға «COVID-19» жұқтырғандар туралы жалпы мәліметке көз жүгірткендердің жағасын ұстауына тура келеді. Бүгінгі таңға дейін елімізде 51059 адамнан ауру белгілері анықталса, одан 28402 сырқат яғни, 56,6 пайызы жазылып шыққан. Өкінішке орай, қаза болғандар саны 264-ке жеткен. Әлі күнге ем қабылдап жатқан 22393 адамның ішінде 321-нің жағдайы ауыр деген мәлімет бар. Әрине, бұлардың барлығы біреудің жары, екіншісінің ұл-қызы, үшіншілердің ата-анасы. Сондықтан да науқастардың сырқатынан айығып қатарға қосылуына бүкіл ел тілектес.

Ресми мәліметтер осылай болып тұрғанда ел ішінде дәрігерлердің жасап жатқан емінің тиімсіздігін, емдеу хаттамасын өзгертуді айтып, Мемлекет басшысы мен Денсаулық сақтау министріне шағым айтып жатқандар да бар. Солардың бірі шымкенттік Айна Бакеева. Ол медициналық емдеу шараларының дұрыс жүргізілмей жатқандығына дәлелдері жеткілікті екенін айтып мемлекет басшысына үндеу жариялады. Өз кезегінде денсаулық сақтау министрі Цой мырза Айна Мұратқызымен телефон арқылы сөйлескенін, өздері жасап жатқан ем дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымымен келісілгенін айтып жауап берді.

Жоғарыдағылар осылай өздерінің әрекеттерін ақтаумен айналысып жүргенде, төменде қарапайым халық қоғадай қырылуда. Қаза болғандар саны 264 болды деген деректің төмендетіліп айтылып жатқанын алға тартушылар көп. Себебі ел ішінде бір әулеттен тіпті бірнеше адам көз жұмып жатқанын кездестіруге болады. Күн сайын әлеуметтік желіде әркімнің бірнеше танысы өлгені туралы мәлімет тарайды. Ауылда, ауданда, қалада қаза болып жатқандар қаншама? Қостанай облысында Бердібек, Берікбол, Қарағандының Абай ауылында Якия, Көпжасар атты ағайынды туыстар бақилық болды. Бұл індет Сарыағаштағы Смановтар әулетіне де оңайға тимеді. Екі бірдей елге танымал азаматты ортамыздан алып кетті. Міне мұндай дәлелдер жетіп артылады. Алғашында коронавирустан көз жұмғандардың денесін туысқандарына бермей, бөлек қорымға, хлор сеуіп көміп жатса, соңғы кезде қауіпсіздік ережесінің бұл талабы да сақталмай барады.

Қазір «COVID-19» дан бөлек, өкпенің қабынуы да алқымнан алып барады. Адамдардың қандай дерттен мәңгілік саапарға кетіп жатқанын біли қиындап қалды. Ауруханада немесе үйде отырып-ақ  дем жетпей бақилық болып жатыр. Қарап отырып жақынынан айырылып қалғандар қатары күн санап артып келеді.

Осындай қиын-қыстау кезеңде дәрі тапшылығы мен дәрігерлердің жетіспеуі де қоғамда алаңдаушылық тудыруда. Шындығын айтқанда адамдар қандай сырқаттан, қандай дәрімен емделудің жолын таппай қалды. Шыр айналып дәрі тапса, оны егетін мейірбике таппай қиналады. Ал Үкіметтегілер жағдайдың бақылауда екенін айтудан шаршар емес. Олар дәрілердің өз бағасынан он, жиырма есе қымбат бағада сатылып жатқанынан хабарсыздай. Тұрғындардың оқиға орнынан түсірген дәлелдері мен мен айтқан дәйектері далада қалып жатқан сыңайы бар.  

Жағдай осылай жалғаса берсе, Қазақстанда қауіпті індетті жұқтырғандар мен қаза болғандар саны қазіргіден әлдеқайда көбейіп кетуі мүмкін. Мұндай жағдайда не істеуге болады? Жалпы өлімнің себебі «COVID-19» ба, әлде өкпе қабынуы ма? Әзірге бұл сұраққа жауап табу қиын болып тұрғандай.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *