Басты жаңалықтар Мәселе

«Атың шықпаса, «көр» өрте»…

Абайды мойындамайтын, Мұқағалиды менсінбейтін буын қайдан шықты?

Адамзатты қазір тән дертінен бөлек, жан дерті де меңдеп тұр. Өкініштісі сол, тән дертіне қарағанда жан дертінен айығудың амалы қиынырақ.

         Cоңғы кезде әлеуметтік желіде көпшіліктің назарын өзіне аудару үшін  түрлі әрекетке баратындар көбейіп кетті. «Атың шықпаса, жер өрте» дегендей, олардың көбісі шынында «хайп» пен «лайк» үшін ешнәрседен тайынар емес. Боянған жігіт, жалаңаштанған қазақ қызын жарнамалаған парақшалар мен телехабарлар бүгінгі қоғамға жат көрініс болмай барады. Ал, осындай сорақылықтардың қатарына енді тарихта аты қалған ұлт ұстындарын мазақтау, оларға тіл тигізіп, «моласына тас лақтыру» сияқты жат әдеттер қосыла бастады. Бұдан біраз жыл бұрын күй атасы Құрманғазыны Пушкинмен өбістіріп қойған сурет елді біраз шулатып еді. Ал, кейінгі кезде Абайды мойындамайтын, Мұқағалиды менсінбейтін жаңа заман «тұлғалары» шыға бастады. Олар бұл ойын ашық айтып, видеоүндеулер арқылы қоғам талқысына тастап жүр. «Абайды ұлы адам деп санамаймын» деген Нұрлан Байділда есімді қандасымыз Америкадан «сәлем» жолдады. Оның бұл әрекетін ұлтының уызына жарымағандық дестік.

«Бақсам, бақа екен» демекші, блогер Нұрланның шуы басыла бергенде Абайды мойындамайтын тағы бір «кемеңгерге» тап болдық. Өлең жазатын өнерге ие, бірнеше мүшәйралар мен «Шабыт» республикалық жастар сыйлығының иегері атанған Балтабек Нұрғалиев өзін «қазақ поэзиясындағы нөмірі бірінші ақынмын» деп санайды екен. «Қазақ поэзиясында нөмірі бірінші болып мен тұрмын. Ең көп оқылатын ақын менмін. Оқылым жағынан Абайдың да алдына шығып кеткенмін», — деген өлеңші өзінің сөзіне бек сенімді.

Балтабек Нұрғалиевтің шығармашылық өмірбаянына көз жүгіртсек, Ақтөбе қаласында 1990 жылы дүниеге келген. Мамандығы режиссер болғанымен, өлеңге жастайынан таласып өскені байқалады. Жас өреннің Абай туралы абайламай айтып жүрген сөздері туралы белгілі ақындар оның әрекетін адасушылық дейді. Ал, біз мұны ұлыны қорлау, Абайды мойындамау — қазақ руханиятын, әдебиетін жоққа шығару деп айтар едік. Қалай болғанда да, ұлы ақынның биылғы мерейтойында жасалып жатқан қаншама іс-шараларға қарамастан, «тасадан тас атушы» осындай әрекеттерге жол берілмеуі тиіс. Ұрпаққа ұлықтайтын тұлғаларымыздың атын жамылып, арзандатпақ болғандардың ісіне тосқауыл болса дейміз. Әйтпесе, «аты шықпағаннан кейін жер өртемек» былай тұрсын, кейбір замана сайқымазақтары сүйегі әлдеқашан  қураған ұлы бабаларымыздың «көрін» өртеп жібере жаздап жүргені қынжылтады.

Сіз не дейсіз?

Кәрима ОРАЛОВА, айтыскер ақын:

«Тұлғаларымыз бұдан аласармайды»

— Қазақ қана емес, бүкіл әлем мойындап, бағасын берген тұлғаларымыз бұдан аласармайды. Тек, бізді қынжылтатыны, ұрпақтың осыншалықты майдаланып бара жатқаны. Абай ғана емес, Мұқағали мен Шәмші, Нұрғиса сияқты талай таланттарымыз тар заманның маңдайына сыймай кетті емес пе?  Тағдырлы таланттарымызды құрметтеу, олардың шығармашылығын ертеңге саф алтындай сақтап жеткізу біздің борышымыз. Қазіргі қазақ руханияты, мәдениет орындары, кітапханалар бұған аянбай қызмет етіп жатыр деп айта аламын. Тек, әлгіндей, «ел ішінде бір тентектің» жүретініндей, кейбір есерлердің қылығына дер кезінде заңды тосқауыл болса дейміз.

Бауыржан ИМАНДОСОВ, тәуелсіз заңгер:

«Алауыздықты қоздырса, сотталады»

— ҚР Қылмыстық кодексінің 174-і бабына сәйкес мұндай іс-әрекеттерге заңды түрде жүген-құрық, яғни тыйым салынады. Азаматтардың мұндай іс-әрекеттері әлеуметтік, ұлттық, рулық, нәсілдік, тектік-топтық немесе діни алауыздықты қоздыруға, азаматтардың ұлттық ар-намысы мен қадір-қасиетін  не діни сезімдерін қорлауға бағытталған қасақана іс-әрекеттер, сол сияқты азаматтардың артықшылығын не толыққанды еместігін, олардың діни көзқарасы, тектік-топтық, ұлттық, рулық немесе нәсілдік қатыстылық белгілері бойынша насихаттау, егер бұл әрекеттер жария немесе бұқаралық ақпарат құралдарын немесе телекоммуникациялық желілерді пайдалана отырып жасалса, екі жылдан жеті жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *