Қоғам

Ақмешіт әулие үңгірі

«Патриотизм кіндік қаның тамған жеріңе, өскен ауылыңа, қалаң мен өңіріңе, яғни, туған жеріңе деген сүйіспеншіліктен басталады. Әрбір жер атауының төркіні туралы талай-талай аңыздар мен әңгімелер бар. Осының бәрін жас ұрпақ біліп өсуге тиіс. Туған жерге деген сүйіспеншілік Туған елге – Қазақстанға деген патриоттық сезімге ұласады».

(Елбасы Н. Назарбаевтың
«Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласына
н)

Киелі мекен                                    Ақмешітүңгірі

           Қаратаудың оңтүстік-шығыс беткейіндегі Бәйдібек ауданы, Көктерек ауылына қарасты Ақмешіт әулие үңгірі тарихтан тылсым сыр шерткен киелі мекен. Бірлік, Кеңестөбе елдімекендері аумағына қарасты үңгірдің кереметі  кімді де болса таңырқатпай қоймайды. Жазда күн сүйіп, қурауға айналған шөптен басқа ұшқан құс пен көгерген талы жоқ, топырақты жазық далада үңгір бар деп те ойламайсыз. Сырт көзге елеусіздеу көрінетіндіктен, ол жерден кездейсоқ өтсеңіз, үңгірдің бар екендігін байқамауыңыз да мүмкін.

       Дегенмен, сырт көзге шағын көрінгенімен, Ақмешіттің іші кең. Ауыл тұрғындарының айтуынша, ертеде жаугершілік заманда Есіркеп Қойгелді батыр  Ұлы Бөген мен Бала Бөген өңірінде он мыңнан астам қол жинап, қалмаққа қарсы соғыспақ болады. Сонда аяқастынан жаңбыр жауып, жауынгерлер таң намазын үңгір ішінде оқыпты. Олар әулиелі мекеннің кереметтігіне таңданып, бұл жерге өздігінше ат қоймақ болады. Кейбіреулер «Есіркеп», «Қойгелді» деп атау керектігін айтады. Бірақ, бұған қарсы болған батыр қасиетті мекеннің атауына лайықсыз болсам, киесі кешпес деп ойлап, «Үңгірдің іші кең, тастары қандай аппақ болса, өзі де сондай нұрлы. Он мыңнан астам сарбазға пана болып, таң алдында бәріміз сәждеге бас қойған жер асты мешіті екен. Ендеше, бұл жер Ақмешіт деп аталсын», — депті.

         Бұл кезде жауынгерлердің аттары үңгірдің алдында байлаулы тұрған. Әулиелі мекеннің кереметі — осыншама жылқыны қалмақтардың көзінен жасырып қалған деседі. Сөйтіп, желе жортып бара жатқан жауға тұтқиылдан соқтыққан сарбаздар шайқаста қалмақтарды жеңеді. Ал, қаншама адамның қаны судай төгілген жер Қызылқақ деп аталыпты. Қазіргі кезде Ақмешіт үңгіріне апарар жол бойынан қара қошқылданып жатқан қызылқоңыр топырақтарды әр жерден көруге болады.

           Ақмешіт әулие үңгірінің шырақшысы Асқар Рүстембекұлының бұл жерге құмарлығы бала кезден басталыпты. Әкесінің соғыстан кейінгі жылдарда есекке мінгестіріп, осында әкелетіні есінде. Үңгір ішіндегі бүлдіргендерді жеп өскен  бір топ балалар киелі мекеннің тылсым сырына терең үңіле бермейтін. Ол кезде үңгір іші бұдан да кең болыпты, ал жылдар өте келе таулар да шөгіп бара жатқанға ұқсайды.

          — Бұл жерді ауыл қариялары жерасты мешіті деп айтатын. Аңыз бойынша, ертеде Ақмолда деген әулие кісі қақпа тастың арасынан кіріп-шығып жүрген. Жанында айдаһар мен диюы болған деседі. Жәндіктер ешкімге тиіспесе де, олардың атының өзінен қорыққан халық жиылып келіп, әулиеге: «Егер айдаһар мен диюды байламасаң, сен өмірден өткен соң ешкімге бой бермейді» дейді. Сонда Ақмолда оларға жәндіктерді байлайтынын, бірақ бұл үшін өзінің дүниеден ұрпақсыз өтетінін айтыпты. Қазіргі кезде бұл жер бір перзентке зар болып жүргендерге Жартушының қолдауымен қуаныш сыйлады. Ауылда Әжіпбай деген кісінің алпыс жасқа келгенше перзенті болмады. Осында ата-бабалар рухына құран бағыштап, Тәңір тілеуін бергеннен кейін бір қыз сүйіп, тоқсан бір жасында дүниеден озды, — дейді байырғы шырақшы өзінің естеліктерінде.

          Қазіргі кезде үңгірдің ішінен жоғары қарағанда аспан кеңістігі бойтұмар пішіндес, киіз үй шаңырағы сияқты болып көрінеді. Мұнда бұрынырақта Арыстанбаб, Бекет ата кесенелеріне дейін апаратын жерасты жолы болған көрінеді. Көпшілік арасында әулиелі мекен туралы «шаршағанға дем беретін, ұл сұрағанға ұл, қыз сұрағанға қыз беретін қасиетті жер» деген сөз бар. Киелі мекенге перзент көрмеген ерлі-зайыптылар, көзі ауырғандар түнеп, мінәжат етеді. Зиярат етіп келушілер арнайы дайындалған орында ата-бабалар рухына арнап құран бағыштайды.

           Ақмешіт — Орта Азиядағы ең үлкен үңгірлердің қатарына енген. Үңгірдің ұзындығы 254 метр, ені 65 метр, биіктігі 25 метр. Жарқабақ саңылауларынан мезгіл-мезгіл су тамып тұрады. 1973 жылы Мәскеуден келген геологтар үңгір метеоридтың түсуінен пайда болған деген жорамал жасаған. Тағы бір кереметі, ондағы ауа температурасы қысы-жазы 18-20 градус жылылықты көрсетіп тұрады. Бұрын келушілер төмен қарай арқанмен жасалған сатыдан түсетін болған. Кейін ауыл азаматтарының ұйымдастыруымен Ақмешіт әулиенің басына ескерткіш белгі қойылып, 25-30 адамдық қонақжай салынған. Ал, кәсіпкер Эдик Болатбековтың демеушілігімен түсіп-шығуға қолайлы темір баспалдақ орнатылыпты. Соңғы жылдары еліміздің түкпір-түкпірінен, әсіресе, көктем, жаз, күз мезгілдерінде адамдар мұнда көп келеді.

          Ақмешіттің кереметі аңызбен ғана шектелмейді. Соңғы кезде мамандар да ғылыми зерттеулер мен ізденістерге барып жүр. Ғалымдардың мәлімдеуінше киелі мекенде адам ағзасына ем қуатты, толқынды ауа ағымдары шоғырланған.  Елімізде геомагниттік толқындарды зерттеп жүрген шымкенттік ғалым Мұсатіллә Тоқанов соңғы кездері Ақмешіт үңгірін экотуризмге айналдыру мәселесін көтеріп жүр. «Ақмешіттің пішіні киіз үй тәріздес күмбез шаңырақты. Ақордамыз да сондай. Мұндай пішіндегі нысанның ішінде ауа иондары өзгеретіндіктен, қауіпті бактерия, вирустар болмайды. «Ақмешітке» кіргендердің биоөрісі қалыпты жағдайға түсіп, иммундық күш-қуаты көтеріледі. Үңгірдің аймағында демалыс-сауықтыру шипажай орынын салсақ. Сол жерде адамдар ем алатын болса, одан кейін «Ақмешітке» күніне 2 сағат кіріп-шықса, нағыз иммунды күш-қуатты арттыратын бірден-бір орын болмай ма?!», — дейді ғалым. Бір ғажабы, күмбез шаңырақты ғимараттарда шоғырланған ғарыштық энергия ауаның құрамындағы ионды бөлшектерді өзгертіп, келеңсіз бактерияларды жойып, тазартатынын, ондай ғимаратта болған адамның жеңілдеп, биологиялық ағзасы тазаратынын АҚШ-тың ғарышты зерттеу орталығы (НАСА) дәлелдеген. Ал, аудан әкімдігінің туризм мамандарының айтуынша, үңгір ішінде 15 минуттан аса жүрген адамның қан қысымы қалпына келіп, жүйкесі тыныш табады екен. Бұл арнайы зерттеу қорытындысымен дәлелденген.

Ақмешіт әулие үңгірінің киелі қасиеттерінен бөлек, жанға жайлы тамаша  табиғатының өзі туған өлкеміздің мақтанышы. Тырс еткен тіршіліктің нышаны байқалмайтын жазық өлкеде барлық таңғажайыпты бір ғана үңгірдің ішіне сыйғыза білген бұл да жаратылыстың бір жұмбағы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *