Қоғам

Ақын мен блогер

«дуэльге» шықты

Жақында Шымкенттегі «Шоқай» кофеханасында жазба ақындар арасында  поэтикалық дуэль өтті. Ерекше жобаға барлығы тоғыз ақын қатысып, төрт жұп сайысқа түсті.

Бірінші кезеңде өз өлеңдерін оқыған жас шайырлардың арасынан іріктелген мықтылар келесі кезеңде бақ сынасты. Ал, поэтикалық алапат айқасқа көрермендер үшінші кезеңде куә болды. Аузынан өлең емес, от жалындағандай өр рухты ақындардың барлығы шетінен «сен тұр, мен атайын» дегендей. Сайыс қорытындысы бойынша Түлкібастан түлеген бала қыран Нүркен Нұрғазы бірінші орынды иеленді. Ал, екінші орын сезімшіл жас ақын Бауыржан Ерманға бұйырса, үшінші орынды Сезім Мергенбай алды. Жамал Жүрсінбек пен Салтанат Мадиярға ынталандыру сыйлығы табыс етілді. Жас ақындардың туындыларын Сүндет Сейітов, Дәурен Айманбет, Әзімхан Исабек сияқты шығармашылық иелерінен құрылған қазылар алқасы бағалады.

         Ақындардың поэтикалық дуэлі Шымкентте осыдан төрт жыл бұрын, яғни 2016 жылы алғаш рет өткен болатын. Жақсы іске себепкер болған «Шам» жас ақындар клубының жетекшісі, ақын Сүндет Сейітов. Ол клубтың шығармашылық жоспарларын қаладағы жастар ісімен айналысатын тиісті басқармаға ұсынып жүріп, жылдық жоспарға енгізді. Осылайша биылғы поэтикалық дуэльдің өтуіне Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар  істері жөніндегі басқарма қаржылай қолдау танытыпты. 

Ақындардың поэтикалық дуэлін алғаш рет өз қаржыма өткізгенмін. Анам марқұм екі айлық зейнетақысын жинап беріп, жетпеген жеріне несие алдым. Шараға Батырхан Сәрсенхан, Әлімжан Әлішер, Мұқағали Кенжетай  сияқты мықты ақындар қатысқан еді. Екі жүздей көрермен тоғыз жұптың өлеңмен шайқасын соңына дейін тапжылмай тамашалаған болатын. Осы шара сол поэтикалық дуэльдің жалғасы. «Шабыт» республикалық жастар шығармашылығы байқауының аясында ұйымдастырылды. Жалпы, жоба бастауын қайдан алған дегенге келсек, алғаш 2015 жылы Алматыдағы Әл-Фараби атындағы ҚазМҰУ-дің аудиторияларында студенттер өлең оқып, жарысып жүретін. Сол идеяны дамытып, әдеби ортаға алып келуді жөн көрдім. Облыстық деңгейде өткізуді алғаш өзіміз қолға алдық, —дейді С. Сейітов.

Биылғы дуэльдің ерекшелігі, ақындар өлеңінің кофеханада оқылуы. Иә, әдеби шаралардың тек кітапханаларда ғана ұйымдастырылмай, қоғамдық көпшілік орындарда өткізілуінен жаңашылдық лебі есіп тұр. Бұл әлем-жәлем күйге еніп бара жатқан әлемге руханият нұрын себезгілеу сияқты болып та көрінеді бізге. Әттеген-айы, жас ақындардың осындай талпынысына, жаңашыл бастамасына қолдау білдірудің орнына, кежегесінен кейін тартатын әрекеттердің бой көтеруі көңіл қынжылтады. Жақында белсенді бір фейсбук қолданушысы өзінің жазбасы арқылы Шымкент қалалық Отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарма басшылығынан бұл жобаға кеткен аздаған қаржының сұрауын талап етіпті. Егер байыппен қарасақ, руханият үшін бөлінген қандай қаржының да қайтарымы дәл бүгін емес, ертең болатыны белгілі. Ал, әдеби ортаның рухани басқосуын, оның тәрбиелік мәнін кофеханада отырып шәй ішіп қайту деп түсінетін жандар бұдан да басқа мәселелерге тереңірек үңілгені абзал. Әлгі жазба авторы руханияттың көсегесін көгертуге бағытталған қаражаттың аузын буғанша, шығармашыл жастардың қамы үшін қаншама қаржы шығындап салынған қаладағы «Поэзия мінберінің» қазір неге қаңырап бос тұрғанына алаңдаса қос қолды көтеріп қолдар едік. Осындайда айтыскер Аманжол Әлтаевтың кезекті айтысында қарсыласына айтқан «Үкінің қасиетін қайдан білсін, тауықтан басқа құсты көрмеген ұл» дегені еске түседі екен.

«Шамның» жетекшісі Сүндет Сейітов мұндай сыңаржақ пікірлерге қарамастан, жобасын дамытуға әлі де құмбыл.

— Негізінде биыл жазба ақындар сайысын республикалық деңгейде өткіземіз деп жоспарлағанбыз. Оның жүлде қорын үш миллион теңге деп белгілеп, миллион теңгені бас жүлдегерге, қалған екі миллионды барлық қатысушыға теңдей бөліп береміз деп ойластырғанбыз. Оған он алты ақын қатысатын болған. Бірақ, карантин жағдайына байланысты іс-шаралар қысқартылып, шағын форматта өткізуге мәжбүр болдық, — дейді ол. Сүндет алдағы уақытта Шымкент қаласы әкімінің бірінші орынбасары Шыңғыс Мұқанның қабылдауына кіріп, шығармашылық жоспарларына қолдау көрсетуін қалайды. Ақындардың өлеңін қырғыз, ағылшын, орыс тілдеріне аудартып, халықаралық деңгейде оқылса дейді. Қазір тіпті, өлеңді өзге тілге аударып беруге даяр тұрған тіл мамандары да бар екен. Мұның барлығы, әрине, қаражатсыз шешілмейтін түйін екені түсінікті. Сол себепті «қандай көмек керек» деп сұрағандарға қара басының қамын емес, көпшіліктің ұпайын түгендеуге ұмтылып жүрген ақынның қалталы азаматтардан да үміті жоқ емес.

Ендеше, Шымкент шайырларының басын қосқан «Шамның» жарығы сөнбегей!  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *