Мәселе

Созақта сол баяғы сорақылық

Газетіміздің өткен нөмірлерінің бірінде «Созақтан жазылған арыз облыс асып, Президентке кетті» деген тақырыппен мақала жарияланып, онда Созақ ауданының бірнеше ауылында өткен жылы төселген асфальттың сапасыздығы сөз болған еді.

Еске сала кетсек, аталған мақалада Тасты ауылының тұрғыны Ералы Талдыбаев есімді азаматтың сапасыз жолдар туралы жеткізген жанайқайын оқырман назарына ұсынғанбыз. Осы жанайқай өзге де оқырмандардың санасын оятса керек, редакцияға хабарласушылар қатары артты. Солардың бірі — Созақ ауданы Созақ ауылынан хабарласқан Қайрат Шекербаев былай дейді: «Созақ ауданы шалғайда орналасқан аудандардың қатарынан саналады. Ал Созақ ауылы тіпті, аудан орталығының өзінен әлдеқайда шалғай жатыр. Сол себепті болар, ауылдағы көп мәселелер басшылықтың назарынан тыс қалып келеді.

Ауыл азаматтары негізінен мал шаруашылығымен айналысады. Ауыл шалғайда жатқанымен, жайылымдық жерге деген талас көп жылдан бері жалғасып келеді. Тіпті, аудан әкімі Салыхан Полатовтың өзі де осында келгенінде тұрғындар аузынан бұл дау жайында өз құлағымен есітіп кеткен болатын. Сол жолы «шешеміз» деп кетіп еді, бірақ шешілмеді. Жайылымдық жерлерді жекелеген адамдар 10, 100 гектарлап қоршап алуда.

Созақ ауылында 15 мыңға жуық тұрғын тұрады. Көшелердің шаңы шығып жатыр. Өткен жылы ауылымыздағы бір көшеге асфальт төселіп еді, жыл өтпей ойылды. Сапасына кім жауап береді? Биыл ауыл шетіндегі «3-ферма» деп аталатын үш шақырымдық көшенің бір шақырымына ғана асфальт төселіп, қалғаны «жетімнің күйін кешкен күйі» қалды. Одан да сол асфальт орталықтағы Жамбыл атындағы үлкен көшеге төсегенде толықтай бітіп қалар еді. Бұлардың не ойлайтынын білмейміз. Бір жұмысты бастайды да аяқсыз қалдырып кетеді. Жергілікті жерлердегі басшылардың жұмысына аудан басшысы бақылау жасау керек қой. Әйтпесе, әркім ойына келгенін істеп, берекені қашырмайды ма?!».

Созақтық оқырманның жанайқайынан кейін біз Созақ ауылдық округінің әкімі Батырхан Аяповқа хабарласып, жоғарыда аталған сынға қатысты қандай уәжі барын сұрадық. «Өткен жылы Амангелді көшесіне төселген жолдың сапасыз тұстары бар екені рас. Ауыл арасы алыс болғандықтан, «КамАЗ» көлігімен тасымалданған асфальт суып қалып, салдарынан сапасыздыққа ұрынған тұстары бар. Ондай жерлерді ойғызып алып, жұмысты атқарған мердігерді шақыртып, көрсеттім. Қайта жөндеу қажеттігін айттым. Бірақ, әзірге әне-міне деп созып келеді. Бүгін, ертең келіп, жөндеп кететін шығар деп күтіп отырмыз. Өзі праймерзге түсіп жатыр екен, қолы тимей жүрген болуы керек. Келеді ғой.

Ал Жамбыл көшесін асфальттау туралы аудандағы тиісті бөлімге ұсыныс беріп қойғанбыз. Келесі жылы асфальт төселуі тиіс. Биыл үш шақырымды «3-ферма» көшесінің бір шақырымы ғана асфальтталғаны рас. Мен мердігерлерге «мыналарың не, не әрі, не бері емес, елді шулатып қойдыңдар ғой» деп айтқанмын. Амал не, осылай болды. Ал, жайылымдық жерге қатысты айтар болсам, ауылдың тау жақ бетінде тұрғындар малын жайып жүрген жер бар. Бірақ ол сонау кеңестік кезден бастап суармалы жер ретінде берілген. Шабындығы бар, суармалысы бар, барлығын заңды иелері қоршап алып, егіске пайдаланып жатыр. Бұл жер ауылға жақын болғандықтан, жергілікті тұрғындар малын сонда жайғысы келеді. Ал шығыс жақ бетте жайылымдық жер бар, оны алыссынады. Заңда ауыл іргесінде үш шақырым көлемде ортақ пайдаланымдағы жайылымдық жердің болуы керектігі көрсетілген. Бірақ аталған жерлер бұрын беріліп кеткендіктен қайтарып алу қиын. Осындай түйткілді мәселелердің бары рас, бірақ біртіндеп шешімін тауып жатыр», — дейді округ әкімі.

Созақ – облыс бюджетіне кірісі жоғары донор аудан. Солай болса да бұл өңірде шешілмеген мәселелер аз емес. Мұны, әрине, жергілікті тұрғындар әділетсіздікке балайды. Созақ ауданының басшылығы шынымен орталықтан келетін қаржыға көп тәуелді ме, әлде қолда барды ұқсата алмай отыр ма? Қалай болғанда да донор ауданның халқына мұндай мүшкіл ахуалдың ұнамасы анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *