Өмірдің өзі

«Өзімнің шәңкілдеген дауысым ұнамайды»

Нұржан ІЗТАЕВ, «Алдараспан» әзіл-сықақ театрының әртісі:

Жуырда Астана қаласына сапарлап қайттым. Пойызға отырғанда мезгіл кеш болып, вагонның іші қараңғылана бастаған болатын. Сол кезде қасымызға купедегі сапарлас жігіттің серігі келді. Алғашында танымаппын. Вагондағылар кезектесіп келіп, суретке түсіп жатқасын «кім болды екен» деп анықтап қарасам, «Алдараспан» театрының әртісі Нұржан Ізтаев екен. Адам аяғы басыла бастаған тұста журналистік дағдыммен сапарласымды әңгімеге тарттым. Әуелгі сұрағым – «Алдараспан» театрына қатысты болды.  

– Биыл театрымыздың құрылғанына он жыл толды. Осы айтулы датаны көрермендермен бірге кең көлемде атап өту мақсатында «Он жыл» деген атаумен арнайы бағдарлама әзірлеген болатынбыз. Карантинге байланысты бағдарламамызды, яғни концерттерімізді барлық өңірге толықтай ұсына алмадық. Енді басталып жатқанда карантин кедергі болып, концерттерді тоқтаттық. Ең бастысы, Республика сарайында көрермендермен қауышып үлгердік. Қазір келесі жылдың жоспарын ақылдасу үстіндеміз.

– Қазір концерт жоқ, той-томалақ та тоқтаған, күнкөріс қалай болып жатыр?

– Әрине, қол қусырып қарап отыруға болмайды. «Алдараспан» әртістерінің әрқайсысының өзге де жұмыстары бар. Мысалы, менің Түркістан театрында тұрақты жұмысым бар. Егер «Алдараспанмен» гастрольдік сапарларға шығатын болсақ, заңды түрде ақысыз демалыс аламын. Кейбір әріптестеріміз киноға түседі. Тіпті, бұл іспен айлап, жылдап шұғылдануы мүмкін. Бұл шығармашылықты шыңдауға керек. Нұржан да, мен де Райымбек Сейтметовтың мектебінен шыққанбыз. Менен «идеалыңыз кім» деп сұрағандарға ойланбастан ұстазым Райымбек Сейтметовты айтамын.

– Тойларға асаба ретінде барып тұрасыз ба?

– Жиі деп айта алмаймын, бірақ барамын. Алайда, алысқа шыққым келмейді. Алыстан арбалағанша, жақыннан дорбалағанымыз жетеді.

– Байқап отырмыз, пойыздың ішінде сапырылысып келіп, суретке түсушілер қатары толастар емес. Жалпы, танымалдылықтың кейде мінезге кері әсері болмайды ма?

– Басқалар үшін жауап бермей-ақ қояйын, бірақ өзім танып келіп, өтініп жатқандармен суретке түсуден қашпаймын. Кергитіндей кісілігім жоқ. Суретке түспеймін дейтіндей, біз халықтың алдында кімбіз? Танымал болсақ ол осы халықтың арқасы. Көрерменін көбейту үшін ол қайта әртіске керек деп ойлаймын. Біреу танып, амандасып жатса іштей шүкір деп тұрамыз.

– Тойсыз қазақтың өмірін елестету мүмкін емес. Өздеріңіз де той жасап, тойға барасыздар. Құпия болмаса айтыңызшы, әртістердің туысқандарына беретін тоянасы қанша?

– Расында көпшілікті осы сұрақ айрықша қызықтырады. Енді оны әркімнің патша көңілі біледі ғой. Қанша қалайсың, соны апарасың. Не әкелсе, соны қайтарамыз ғой (күледі). Елден асып жатқан ештеңеміз жоқ.

 – Туып-өскен жеріңіз, ортаңыз жайлы айта кетсеңіз…

Кентау қаласына қарасты Ащысай ауылындағы орта тұрмысты отбасыдан шыққанмын. Әкем дәнекерлеуші. Марқұм анам мұғалім еді. Жұбайым өзім секілді әртіс, Түркістан театрында жұмыс істейді. Төрт перзент тәрбиелеп отырмыз.

– Перзенттеріңіздің өз жолыңызды қуғанын қалайсыз ба?

– Маңдайына не жазылса сол болады. Менің пікірім — қаламаған мамандығына сүйрелеп апармау. Мамандық таңдауда көмектескеніміз абзал, бірақ, түпкілікті таңдау – өз еркінде.

– Әртістерді, жалпы өнер адамдарын ауыр жұмыс істемейтін ақ саусақ дегенге не айтасыз?

– Қазір қасымдағы бөлеммен осы мәселені талқылап келе жатқанбыз. Ауылда өссек те қазір Түркістан қаласында әртістерге арналған екі бөлмелі қызметтік пәтерде әкеммен бірге тұрамын. Соған қарамастан жер аударып, егін егіп, қара жұмыс істегенді қалаймын. Уақытша болса да тұрып жатқан көпқабатты үйдің ауласына бірнеше ағаш егіп қойдым. Қолым қалт еткенде сол ағаштарды суғарамын, баптаймын. Қазір әжептәуір бой көтеріп қалды. Өскен сайын оған қарап, ләззат аламын. Ой еңбегі мен дене еңбегін қатар дамытқанға не жетсін!

– Өнер саласына қалай келдіңіз?

– Мектептің соңғы сыныбында әртүрлі үйірмелерге қатысып, емтиханға дайындалып, уақыты келгенде жоғары оқу орнының тарих факультетіне құжат тапсырмақ болып Түркістанға келгенде Райымбек Сейтметовтың студенттер қабылдап жатқанын құлағым шалып қалды. Алғашында «бір көре салайын, бұйырса болар, бұйырмаса қоя салармын» деп ойлағанмын. Бірақ Райымбек ағаны көріп, онымен тілдескеннен кейін ойым өзгеріп, бұл мамандыққа барынша маңыз беріп қарадым. Ол кісі өзгелерге мүлдем ұқсамайтын, өзгеше жан екен. Сөйлеген сөзі, кісілік келбеті, ақыл-парасаты мені өзі ұсынған мамандыққа құжат тапсыруға сүйреп ала жөнелді. 

– Карантиндегі жыр болған тақырыптың бірі – 42500 теңге. Бұл жәрдемпұл сіздерге де бұйырды ма?

– «Алдараспанда» жалақыны атқарған жұмысыңа қарай аласың, яғни жұмыс істесең — төленеді, істемесең — төленбейді. Сол себепті қазір «Алдараспаннан» келер кіріс жоқ. Ал Түркістан театрындағы жалақымыз жүріп тұрғандықтан, жәрдемпұлға өтініш берудің қажеті болмады. Рас, алғашында көпшілік заңды, заңсызына қарамай, жаппай өтініш берді ғой. Ондай жайт әртістердің арасында да болмай қалған жоқ. Алайда, судың да сұрауы барын ұмытпау керек.

– Қандай рөлдер табиғатыңызға жақын?

– Бізде таңдау болмайды. Режиссер қандай рөл береді, соны ойнап шығамыз. Дегенмен, маған көбіне қарияның бейнесін сомдауды тапсырады. Ең алғаш «кеше келдім, бүгін қайтам» деген шалдың рөлін ойнау бұйырды. Өзіме ұнады. Дегенмен, ақсақал бейнесіндегі алғашқы еңбегімде бірқатар қателіктерге жол бергенімді байқадым. Өнер ұдайы ізденісті, көп еңбекті қажет ететінін түсіндім. Әрдайым өз ісіне сыни көзбен қарауға әдеттенген жөн. Мәселен, маған өзімнің шәңкілдеген дауысым ұнамайды. Ал «болдым, толдым» деген әртістің ендігі қадамы құлдилауға ұшырайтыны анық. Негізі, әртістің шынайы талантына әділ баға беретін – көрермен ғана.

Сенсеңіз, маған о дүниеден оралған Тоқтасынның рөлін сомдау өте қиын болды. Өйткені, дін тақырыбы өте нәзік. Қателікке бой алдырсаңыз, көрерменді де адастыруыңыз мүмкін. Сол себепті, рөлді сомдамас бұрын дін жолындағы адамдармен, имамдармен көп ақылдасуға тура келді. Өлген адам қайтып келмейді ғой, дегенмен, тоқ ұрғандардың қайта тірілгенін естіп жүрміз. Шынайылықтан алыстап кетпеуімізді көп ойландық. Жалпы, діни тақырыптарға Нұрекең, Нұржан Төлендиев өте мұқият қарайды.

– Нұржан Төлендиевпен таныстығыңыз қалай басталып еді?

– Бірге оқыдық. Дұрысы, мен оқуға түскенде ол бітіріп жатыр еді. Кейін театрда бірге жұмыс істедік. «Алдараспанды» ашарда әртістерді өздігінше зерттеп, ұсыныс жасасам деген адамдардың тізімінде мен де бар екенмін. Ұсынысты қабыл алып, театр жүгін бірге көтеруге бекіндік.

– Екі ұжымда өнер көрсетеді екенсіз, қайсысында ойнаған қиындау?

– Бөліп жармаймын, екеуі де оңай емес. Бірақ әзіл қиындау екенін мойындаймын. Адамды күлдірудің өз ерекшелігі бар. Ақшасын төлеп, концертімізге келген адамның көңілінен шықпасаңыз, қарғап кетуі мүмкін. Бұл бір. Екіншіден, спектакльде бір жарым сағатта бір образ жасап шығасыз. «Алдараспанда» бір концерттегі бес қойылымда бес образдың кейпіне енуіңіз керек. Айтарыңды бірнеше минутта көрерменге түсінікті етіп жеткізуге тиістісің.

Сынды қабылдай аласыз ба?

– Сын түзелмей, мін түзелмейді дейді ғой. Әрине, орынды болса сынның айтылғаны дұрыс. Кезінде орынды сын тек басылым беттерінде және көркемдік кеңесте айтылатын. Қазір әлеуметтік желінің беті сынның алаңына айналды. Біздің саланы түсінетіндер де, мұрнына иісі мүлдем бармайтындар да түйреп қалуға тырысады. Жүйелі сыннан қорытынды шығаруға, бағытымызды түзеуге тырысамыз. Ал кейбір сандырақ сындардың жүйкені жұқартқаннан басқа пайдасы жоқ. Өкінішке қарай, кейінгі айтылғандардың қатары көбейіп кетті. Олар жалған абырой жинау үшін небір дөрекі, тіпті, боқтық сөздерді бұршақша боратады. Түсінген адамға бұл барып тұрған мәдениетсіздік! Парасат-пайымы төмен адамдарға сөз шығындауды жөн санамаймын. Дегенмен, көңіл-күйге әсер етпей қоймайды. Сол себепті, мұндай жазба иелеріне айтарым – ұнаса көр, ұнамаса көрмей-ақ қой. Басқа бағдарламалар да көп қой.

– «Алдараспанның» өз ішінде алауыздық, бір-біріне деген араздық жоқ па?

– Шүкір, жоқ. Ондайға жол берілмейді. Жиналыстарда бұл мәселе жиі қозғалады. Сәл босаңси бастасақ, орнымызға қояды. Нұрекең былайша көңілді болғанымен, қызметте қатал. Ауызбіршілікті талап етеді. Жұмыс кезінде біз оған бағынамыз. Ал енді жұмыстан тыс кезде жезде, нағашы-жиен, аға-іні деген қарым-қатынастамыз.

– Қызметте жүргенде танымал, сыйлы болып, тағдыр тауқыметіне жолықса мүлде назардан тыс қалатындар бар. Бұл жағдай әртістер арасында кездесе ме?

– Өмір болғасын мұндай жайт кездесіп тұрады. Ол таңдай қағып, таңданатын нәрсе емес. Мысалы, КСРО-ға, әлемге танымал атақты грузин әртісі бар еді ғой… Тегі Мхитарян болуы керек. Сол өмірінің соңын өте қарапайым, кішкентай ғана театрда өткізген. Кейінгі тағдырына үңілсеңіз, өте ауыр жағдайды бастан өткерген. Атақты орыс актері Георгий Вицин ше, өмірінің соңын қайыршылықпен өткізген жоқ па? Бір қуаныштысы, Қазақстанда ондайды естімедім. Көпшілігі театрдан кейін жеке бизнесін ашып, шаруасын дөңгелетіп кетеді.

– Ендеше, Сіз де болашағыңызды ойлап, жеке кәсібіңізді ашып алған шығарсыз?

– Болашақта ол да болатын шығар. Әзірге қосымша кәсібім жоқ. Бір жалақымен отырған жағдайымыз бар. «Бір қозы туылса, бір түп жусан артық өседі» деген сөз бар ғой. Алла Тағала ешкімді де несібесіз қалдырмайды. Ата-анамыз бізді өсірді, бақты-қақты, әрі қарай өз қамымызды өзіміз жасадық. Жоғары білім алдық, жұмысқа орналастық, баспаналы болдық, көлік алдық. Өз балаларыма да осыны үйреткім келеді. Әкенің жиғаны балаға дүние болмайды.

– Көлік демекші, қандай маркалы машинамен жүресіз?

– Айтсам, көпшілігі сенбеуі мүмкін. Бірақ, шындығы сол – таза табысыммен алған, 1992 жылғы «Опель вектрам» бар. Түркістанда бәрі біледі. Несиеге алғаным жоқ. Жүріп тұр. Баратын жеріме жеткізеді.

– Әңгімеңіз үшін рахмет. Алдағы жұмыстарыңызға табыс тілейміз. Театрдың абыройымен бірге өзіңіздің де беделіңіз биіктей берсін!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *