Әлеумет

Мас күйде көлік жүргізгендерге жаза қатаң

Статистикалық мәліметтерге қарағанда, соңғы жылдары біздің ел жол-көлік оқиғалары бойынша әлем елдерінің алдында тұрады екен. Жыл сайын жол-көлік оқиғалары салдарынан орташа есеппен екі мыңдай адамның өмірі қиылатындығы, бұл жағдайлардың 90 пайызы жүргізушілердің кінәсінен орын алатындығы туралы көп айтылып та, жазылып та жүргенін білеміз. Сонымен қатар, мас күйде көлік жүргізгені үшін жүргізуші куәлігінен айырылған адамның көлікті қайтадан заңсыз басқарып, ұсталғандардың саны да арта түскені ащы да болса шындық. Бұл келеңсіздіктердің барлығы заңның тым жұмсақтығынан орын алып отырғаны сол кезде халық арасында да наразылықтар тудырды.

2019 жылы Президент ­Қасым-Жомарт ­Тоқаев еліміздің жолдарындағы жағдайдың алаңдаушылық тудыратынын және мас күйде автокөлік жүргізгендер үшін жазаны қатаңдату қажеттілігін атап өткен еді. «Заңға өзгертулер енгізуді тапсырдым: алкогольді ішімдіктердің кез келген түрін ішкен күйінде көлік жүргізгені үшін, сондай-ақ мал ұрлығы үшін берілетін жазаны қатаңдату қажет» — деп жазды өзінің Twitter парақшасында.

Осыған орай, 2020 жылғы 1 қаңтардан бастап Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне қылмыстық, қылмыстық-процестік заңнаманы жетілдіру және жеке адам құқықтарының қорғалуын күшейту мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы заң күшіне енген болатын. Бұл заң қылмыстық сот ісін жүргізуді және ең алдымен, қылмысқа қарсы күрес саясатын тұжырымдық тұрғыдан жаңғыртуды, адам құқықтарын қазіргі қылмыс дәрежесіне сай қарсы әрекет жасай алатындай деңгейге көтеруді көздейді.

Өзгерістер туралы айтып өтсем, ҚР Қылмыстық кодексімен алкогольдік, есірткілік және уытқұмарлық масаң күйде көлік құралдарын жүргізетіндердің жол жүрісі немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұза отырып, абайсызда денсаулыққа зиян келтiргені, адам өліміне, екі немесе одан да көп жанның өліміне соқтыратын іс-әрекеттер жасағаны үшін жаза барынша қатайтылды. Мәселен, Қылмыстық кодекстің 14-тарауы 345-1-баппен толықтырылды. Бұл бапта мас күйде көлiк айдап, жол ережесін бұзып, адам денсаулығына орташа зиян келтірсе, белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан он жыл мерзімге айыра отырып, бір мың айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не төрт жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не бір жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге, не сол мерзімге бас бостандығынан айыруға жазаланатыны нақтыланған. Сәйкесінше, ауыр зиян келтірсе немесе адам өліміне әкеліп соқса, жаза түрі бұдан да қатаң болады. Бірақ, заңның ескертпесінде осы бапта көрсетілген адамдарға көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған адамдар жатпайтыны көрсетілген.

Бұдан бөлек, 346-бап толықтай өзгертілді, яғни, бұрынғы заң бойынша көлік құралдарын басқару құқығынан айырылған және масаң күйдегі адам көлік құралын басқарса, лауазымдарды атқару немесе белгiлi бiр қызметпен айналысу құқығынан үш жылға айырыла отырып, екі жүз айлық есептiк көрсеткiшке дейiнгi мөлшерде айыппұл салуға, не сол мөлшерде түзеу жұмыстарына, не екі жүз сағатқа дейiнгi мерзiмге қоғамдық жұмыстарға тартуға, не елу тәулікке дейінгі мерзімге қамаққа алуға жазаланатын. Ендігі жерде, ескі заңда көзделген үш жылдың орнына – өмір бойына, ал, екі жүз айлық есептік көрсеткіштің орнына – бес мың айлық есептік көрсеткішке дейiн, қоғамдық жұмысқа тарту не елу тәулікке дейінгі қамаққа алу түріндегі жаза  – бес жылға бас бостандығынан айыру жазасымен алмастырылды. Бұл жерде кінәсі дәлелденген жүргізушіге тағайындалатын жазаның барынша күшейтілгенін көруге болады. Көлікті басқаруды мас күйдегі бөгде адамға бергендер үшін де осындай жауапкершілік көзделген.

Жаңа заң қолданысқа енгізілгелі бері, яғни ағымдағы жылдың 8 айында Түркістан облысының соттарына Қазақстан республикасының Қылмыстық Кодексінің 346-бабы 1-бөлігімен барлығы 41 іс түсіп, 37 іс қаралған,  37 адам сотталған. Олардың ішінде 1 жүргізушіге айыппұл, 5 жүргізушіге қоғамдық жұмыс, 28 жүргізушіге бас бостандығын шектеу, ал 3 жүргізушіге қамау түріндегі жаза тағайындалған.

Осы жерде, мысал келтіре кетсем, Түркістан қаласының тұрғыны Б. атты азамат Түркістан қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 2019 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабы 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, бес жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған адам бола тұра, 2019 жылғы 7 желтоқсан күні Кентау қаласында автокөлік басқарып келе жатқан кезінде ұсталған. Медициналық куәландырудың қорытындысына сәйкес, ол жеңіл дәрежеде алкогольдік масаң күйде болған. Б.-ның іс-әрекеті жаңа заң бойынша, яғни ҚК-тің 346-бабы 1-бөлігімен дәрежеленіп, сот үкімімен оған 20 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде айыппұл салынған.

Келесі мысал. Отырар ауданының тұрғыны Қ. Шымкент қаласының мамандандырылған әкімшілік сотының 25.09.2017 жылғы қаулысымен Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексінің 608-бабының 1-бөлігімен  кінәлі деп танылып,  үш жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған. Осыған қарамастан ол 2020 жылғы 10 қаңтар күні алкогольдік масаң күйінде Отырар ауданы, Шәуілдір ауылында автокөлік басқарып келе жатқан кезінде ұсталған. Оның орта дәрежелі масаң күйде болу фактісі медициналық куәландырудың қорытындысымен дәлелденген. Азамат Қ. ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігінде көрсетілген қылмыстық теріс қылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған үш жыл мерзімге көлік құралын жүргізу құқығынан айыра отырып 90 сағатқа қоғамдық жұмыстарға тарту жазасы тағайындалған.

Тағы бір жағдайға тоқталып өтер болсам, Қазығұрт ауданының тұрғыны К. 2019 жылғы 2 мамырдағы Солтүстік Қазақстан облысы М.Жұмабаев аудандық сотының қаулысымен көлік құралын басқару құқығынан 5 жылға айырылған адам бола тұра, 2020 жылғы 10 мамыр күні алкогольдік жеңіл дәрежелі мас халде Жаңабазар ауылында автокөлік басқарып келе жатып полиция қызметкерлеріне ұсталған. Сот сотталушы К.-ге жаза тағайындағанда оның жауаптылығын жеңілдететін мән-жайларды ескеріп, сотталушының түзелуі мен жаңа қылмыстық құқық бұзушылықтың алдын алу үшін оған өмір бойына көлік құралын басқару құқығынан айыра отырып, 2 жыл 6 айға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындау арқылы түзелуі мүмкін деген қорытындыға келген.

Ал, Түркістан қалалық сотының 2018 жылғы 22 қаңтардағы қаулысымен Қазақстан Республикасының ӘҚБтК-нің 608-бабының 3-бөлігімен кінәлі деп танылып, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айырылған Түркістан тұрғыны Д. бір жыл өтпей жатып мас күйде автокөлік жүргізгені үшін екінші рет ұсталған. Ол Түркістан қалалық сотының 2019 жылғы 18 қыркүйектегі үкімімен ҚК-тің 346-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 3 жыл мерзiмге көлiк құралын жүргiзу құқығынан айыра отырып, алпыс сағат мерзімге қоғамдық жұмыстарға тартылған. Алайда, ол екі рет тағайындалған жазалардан кейін де қорытынды шығармай, 2020 жылғы 2 мамыр күні сағат 22.00 шамасында Түркістан – Кентау тас жолы бойындағы блок-пост алдында, жол жүрісі қағидаларының талаптарын бұзғаны үшін полиция қызметкерлерімен тоқтатылған. Тексеру барысында Д.-ның автокөлікті орта дәрежелі мас күйде басқарғаны анықталған.

Одан бөлек, сотта Д.-ның дәл сол күні, яғни 2020 жылғы 2 мамырда әкімшілік құқық бұзушылық жасап, ӘҚБтК-нің 601-бабының 1-бөлігімен әкімшілік жауаптылыққа тартылғаны анықталған. Істің барлық мән-жайларын және сотталушының бұрын жасаған қылмысы үшін алған жазасынан оң нәтиже шығармағанын ескере келе, сот сотталушының қайта түзелуі оны қоғамнан оқшаулау арқылы жүзеге асуы мүмкін деп есептеген. Сондықтан Д. Қазақстан Республикасының Қылмыстық кодексінің 346-бабының 1-бөлігінде көзделген қылмыстық құқық бұзушылықты жасағаны үшін кінәлі деп танылып, оған өмір бойына көлiк құралын жүргiзу құқығынан айыра отырып, 1 жыл 6  ай мерзімге бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалған.

Жоғарыда келтірілген мысалдардан биылғы жылдан бастап Қылмыстық кодекстің 346-бабының 1-бөлігімен кінәлі деп танылған тұлғаларға тағайындалатын жазалардың едәуір қатаңдатылғанын көруге болады. Әрине, осы жерде соттың жаза тағайындау кезiнде ҚК-тің 52-бабының 3-тармағына сәйкес, қылмыстық құқық бұзушылықтың сипаты мен қоғамға қауiптiлiк дәрежесiн, кінәлі адамның жеке басын, оның ішінде құқық бұзушылық жасағанға дейiнгi және одан кейiнгi оның мiнез-құлқын, жауаптылық пен жазаны жеңiлдететiн және ауырлататын мән-жайларды, сондай-ақ тағайындалған жазаның сотталған адамның түзелуiне және оның отбасының немесе оның асырауындағы адамдардың тiршiлiк жағдайына ықпалын ескеретінін айта кету керек.

Күн санап саны артып келе жатқан автокөліктердің жүргізушілеріне қатысты заңнама талаптарының қатаюы да уақыт талабы болып отыр. Осы ретте автокөлік жүргізушілерін өз өмірімен қатар, өзге азаматтардың да өміріне қауіп тудырмау үшін жолда жүру ережелерін қатаң сақтауға шақырғым келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *