Әлеумет

«Қос қыранның қасиетін «жұқтырып» қайттық»

Жақында Орал қаласында «Жайықтың қос қыраны» атты республикалық ақындар айтысы өтті. Жыр аламанында түркістандық сөз сүлейі Бекарыс Шойбеков жүйріктерге дес бермей, бас жүлдені қанжығасына байлады. Біз осыған орай айтыскердің өзіне хабарласып, жедел сұхбат алған болатынбыз.

         — Бекарыс аға, жүлде құтты болсын! Айтыс қалай өтті?

         — Айтыстың деңгейі жоғары болды. Жұбан Молдағалиевтің туғанына 100 жыл толуы мен Қадыр Мырзалиевтің 80 жылдығына арналған доданы Жайық өңірі жыр дүбірімен дүрілдетіп өткізді. Барлығы 16 ақын қатысып, бір айналымда өнер көрсеттік. Мені Айбек Қалиевпен жұптаған екен, бірге сөз тартысын жасадық.

         — Бұл елімізде карантин басталғалы өткен алғашқы айтыс болар?

         — Иә, солай болып тұр. Көрерменсіз өткен айтыс қиын болады екен.  Жалпы, ақындар мен қазылар алқасы, ұйымдастырушыларды қосқанда отыз шақты адам болды. Айтыскерлер санитарлық анықтама қағазымен, барлық талаптар қатаң сақтала отырып өтті. Қазылар да бір-бірінен алшақ отырды.  Мұның бәрін айтпағанда, көрермені жоқ айтыс қызықсыз екен. Әдетте көпшіліктің қолдап-қолпаштауынан, шапалағынан қуат алып, қиқуынан  шабыттанып айтысар едік…

         — Жайық елі бас жүлдені өз қоржынына салмағанына қарағанда, сіз дес бермеген сыңайлысыз?

         — Ақындардың барлығы да жақсы айтысты. Залда көрермен болмаған соң, бүкіл айтысты өзіміз қалт жібермей қарап, көріп отырдық. Енді карантин аяқталып, елімізбен сахнада есен-сау көрісетін күн ертерек туса дейміз.

         — Айтыста айтқан  шумақтарыңыздан оқырмандарымыз үшін бір-екі қайырым еске түсіріп жіберсеңіз… 

         — Шайырды шаршатқанмен кіл арсыздар,

Ол одан боп қалған жоқ ұнамсыз дәл.

Жұбанды да жасытып көрмек болған,

Кісілік топырағы құнарсыздар.

Біреудің қайғысына қуанғанмен,

Біреудің шаттығына шыдамсыздар.
Мен мың да бір тірілдім мәңгі өлмеске,

Деген сөзін Жұбанның ұғарсыздар.

Мәңгілік ел дей-тұғын ұстанымды,

Әркімге жапсыруға құмарсыздар.

Мәңгілік ел дей-тұғын идеяның,

Төркінін танып тұрған шығарсыздар,немесе:

Ай бұрын, апта бұрын марқайып кеп,

Жататын заман емес шалқайып тек.

Қайта-қайта ескертіп жатыр бізге,

Тұмаудан абайлайық, байқайық деп.

Бәріміз ішімізден тілеп жүрміз,

Айтыстан аман-есен қайтайық деп.

Тәуекелге бел буып келді ақындар,

Жақсының жақсылығын айтайық деп.

Жұқтырсақ та Жұбан мен Қадірлердің,

Қасиетін жұқтырып қайтайық деп, — деген екенбіз….

— Соңғы кезде көрермен сізді «Бекарыс қайда жүр?» деп көбірек іздейтін болды. Әлде жаңаша түрленіп, түлеп жатқан Түркістанның ақыны киелі қаланың дамуымен бірге жаңа жоспарлар ойластырып жүр ме?

Түркістандағы «Балалар мен жасөспірімдер орталығында» қызмет етудемін. Облыс орталығы мәртебесін алған түркі жұрты бесігінің дамуына қолдан келгенше үлес қосамыз деп ойлаймын. 

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *