Әлеумет

Қазақтың қошқармүйізі

         Ою-өрнек өнері халықтың рухани, мәдени және күнделікті шаруашылығынан сыр шертетін, ең үздік дамыған қолданбалы шығармашылық. Халқымыздың кілем тоқу өнері мен ою-өрнегін зерттеген  кей ғалымдар оның бастауы парсы әлемінен, яғни, Иран-Парсы дәстүрлі «ағаш пен құс» нұсқасынан шыққандығын айтады. Алайда, оюымыздың «атасы» — қошқармүйіз өрнегі, бұл өнердің шығу тарихы өз ұлтымызбен тікелей байланысты екендігі ғылыми еңбектерде де дәлелденген.

         Қошқармүйіздің шығуы сол кезеңдерде өмір сүрген халқымыздың қошқар малын кие тұту (культ барана) дәстүрінен пайда болған. Мұндай дәстүр көптеген көшпелі халықтарда кездесетіндігін археологиялық және этнографиялық зерттеулер көрсетеді. Ақсу-Аюлы, Жыланды, Қотанемел, Фирсово XIY, Шпан қорымдарында және Түркменстанның қола дәуірі ескерткіштерін зерттеген И. Хлопиннің жерлеу ғұрпына қатысты мәліметтерінде қошқармүйіз аталатын бір жарым айналмалы салпыншақты тағу дүниеге ұрпақ әкелу, өсіп-өну, көбею деген наным-сенімнен шыққан деген ойға жетелейді. Жетісудағы Іле өзенінің бойындағы қорымдардың көпшілігінен қой сүйектерінің табылуы құрбандық шалу дәстүрінің элементі ретінде үйсіндерге тән болды. Бұл тарихи дерек құрбандық ретінде сойылатын қошқардың маңызы ерекше болғандығын көрсетеді.

Академик К. Байпақов Отырар және Отырар оазисінде орналасқан ескерткіштерге зерттеу жүргізіп, қошқар және қошқармүйіз үлгісіндегі керамикалық ыдыстардың типологиясын жасап шығарады. Оңтүстік Қазақстанда ежелгі және ортағасыр кезеңінде өмір сүрген халықтардың рухани мәдениетін зерттеуде қошқар бейнесінде жасалынған Сырдария керамикалары маңызды рөл атқарады. Е. Агеева Отырар өңірінің ерте қаңлы кезеңіне жататын қошқар бейнесінде жасалынған қыш ыдыстарды, ежелгі малшылардың өміріндегі наным-сеніммен тығыз байланысты екендігін айтады. К. Скалон қыш ыдыстың тұтқасында кездесетін қошқар бейнесін ыдыстың киелі қорғаушысы ретінде қарастырады.

         Халқымыздың дүниетанымында Жаратушыға құрбандық ретінде сойылатын қошқардың маңызы ерекше. Қой мен қошқарды көк аспан мен оттан жаратылған деген түсінік қалыптасқан. Көптеген түркітілдес елдерде қошқарды үйдің тірегі, отбасының қорғаушысы ретінде киелі жануар деп білген. Мысалы, отбасыда бала шетіней берсе, жаңа туылған нәрестенің есімін Қошқар деп атауы осыған дәлел. Көшпелі өзбек халқында да көз өтпесін деген ырыммен аулада қошқар асыраған және қара ниетті адамдар  оның мүйізіне соғылып, күшінен айрылады деген сенім болған.

Негізінен көшпелі тұрмыстағы халықтардың мәдениеті мен қолөнерінде қошқармүйіз оюының көптеген ортақ үлгілері болған. Қошқармүйізден басқа да көптеген қазақ оюлары көршілес туысқан халықтардың қолөнерінде көптеп ұшырасады. Қазақ халқының ұлттық ою-өрнектерінің түрлері мен атауы да өте көп. Олардың ішінде ең көп кездесетінінің санының өзі 200-ден асып кетеді. Ұлттық ою-өрнектеріміздің бір ерекшелігі, нені бейнелесе де оған «мүйіз» араласып отырады.

         Қазақтың ұлттық ою-өрнектері туралы теріс пікір айтқан кей ғалымдар  тарихымыз бен мәдениетімізді терең зерттемеген немесе әдейі бұрмаланған пікір қалыптастырғысы келгенін байқау қиын емес. Ерте заманнан қазірге дейінгі тарихи-саяси оқиғалар ұлттық ою-өрнегіміздің дамуына өз үлесін қосты десек қателеспейміз. Өйткені, осы уақыт аралығында басқа халықтармен болған мәдени байланыс және сабақтастықтың нәтижесінде ою-өрнек мәдениетіміз дамып, түрленіп көркемдік мұраға айналды. Ұлттық мәдениет пен өнеріміздің тірегі болған ою-өрнегімізге немқұрайлы қарауға болмайды. Қазіргі жаһандану заманында ұлттық ойын көкпар — қырғыздың,  сусынымыз қымыз — немістікі болып кеткендей, сан ғасырдан өлмей, халқымызбен бірге жасап келе жатқан ұлттық ою-өрнегіміз де иран халқының меншігіне айналып кетпесе жарар еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *