Қоғам

Тілге құрметін тірлігімен көрсетіп жүрген Роман

Жақында Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Тіл саясаты комитеті Ш.Шаяхметов атындағы «Тіл-Қазына» ұлттық ғылыми-практикалық орталығында өзге ұлт жастары арасындағы республикалық онлайн байқау мәреге жетті. Бұған дейін үш жыл қатарынан «Тілдарын» деп аталған сайыс биылдан бастап «Мемлекеттік тіл – Тәуелсіздік символы» деп өзгертіліп, ауқымын кеңейтті. Аталмыш байқауда жерлесіміз, Шымкент қалалық №3 өрт сөндіру бөлімі басшысының орынбасары Роман Письменский бірінші орынды жеңіп алды. 

Роман Александрұлы 1992 жылдың 30 қаңтарында Шымкент қаласында дүниеге келген. Мектеп қабырғасынан қазақ тілін үйренуге қызыққан ол  сөздіктерді жаттау арқылы меңгеріпті. Орта білімнен кейін Көкшетау техникалық институтына оқуға түсіп, оны қызыл дипломмен бітірген. Жоғары оқу орнын үздік аяқтаған елу түлектің ішінен Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың алдында сөз сөйлеу мәртебесі бұйырып, әскери шенді растайтын құжатты Тұңғыш Президенттің қолынан алады. Бала кезден адам өміріне пайдалы іспен айналысуды армандаған ол қазіргі кезде өз саласының білікті, жан-жақты,  жауапкершілігі мол маманы. Орталықта еңбек ете жүріп, Шымкент қалалық  Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығы мамандарының көмегімен мемлекеттік тілді білу деңгейін жетілдіруде. «Полиглот», «Тіл шеберлігі» байқауларында, форумдарда сөз сөйлеп, қазақ тілінің қолданыс аясын кеңейтуге үлкен үлес қосып жүр. Мемлекеттік тілге арналған бірнеше сайыстардың жеңімпазы атанды.

— Кез-келген жанның жетістігіне оның жақын адамдарының қосқан үлесі болады. Менің қазақ тілін жастайымнан меңгеруіме анамның үлесі мол болды.  Алдымен өзі қазақша сөйлеп, менің де үйренуіме көмектесті. Қандай да бір сөзді алдымен қазақ тілінде сұрап, менің де қазақша жауап беруімді талап ететін. Қазір мемлекеттік тілде еркін сөйлеймін, еңбек жолымда оның пайдасы көп, — деген Роман ізденуден талмайтын жас маман. 

Өз ісін асқан сүйіспеншілікпен жақсы көретін кейіпкеріміз қоғамда өрт сөндірушілердің қызметіне көпшіліктің көңілі толмайтынын біледі. Алайда,  өмір мен өлім арасындағы арпалыста айқасқан майдангерлерден бір де кем емес әріптестеріне құрметі қашан да жоғары. Осыны ескерген жаңашыл маман сала қызметкерлерінің жұмысы қаншалықты қиын әрі ауыр екенін көрсету үшін  жаңа жоба ойлап тапты. Ол өрт сөндірушлерге арналған бас киімге жұмыс барысында экшн-камера орнатуды ұсынды. Бұл әдіс кейін тәжірибеде жемісін беріп, департамент басшысының бұйырығымен барлық бөлімге енгізу міндеттелді.

Ұлтқа құрмет – тілге деген көзқарастан бастау алатынын терең сезінетін  Романның отбасы да, жұмысы да қазақ тілімен қабысып кеткен. Қызығы, ұлына Кирилл деп есім берген ол бұл оқиғаны да қазақ тілінің тарихи оқиғасымен  сабақтастырады. Кирилл әріпінен латын әліппесіне көшіп жатқан еліміздің тарихи сәтінің құрметіне осылай атаған. 

Роман қатысқан байқауда республикалық Тіл комитетінің төрағасы Әділбек Қаба: «Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев қазақ тілі ұлтаралық қатынас тіліне айналуы керектігі туралы айтқаны белгілі. Сіздер тілді еркін меңгеру арқылы осы идеяны жүзеге асырып отырсыздар. Бір тіл үйренген адам жаңа бір әлем ашады деген әдемі түсінік бар. Сіздер байқауға қатысу арқылы көрер көкжиектеріңізді кеңейтіп отырсыздар. Бұл – мемлекеттік тілдің әлеуметтік мәртебесін жоғарылату ісіне, мемлекеттік тілді рухани-мәдени құндылық ретінде дәріптеуге қосқан үлесіңіз. Тіл – жалықпай үйренген жастың жүрегіне құйылатын нұр, олардың болашақ өмірінің темірқазығы. Көбіңіз осы қасиеттің арқасында ел игілігі жолында әртүрлі жауапты қызмет атқарып келесіз» деді. Ал, Шымкент қалалық Тілдерді оқыту-әдістемелік орталығының директоры Нұрила Жұманова:

— Қазақ тілінің жаһандану кезіндегі рөлін күшейтудің негізгі шарттарының бірі – өзге ұлт жастары арасында қазақ тілінің қолданыс ролін кеңейту. Осы мақсатта ұйымдастырылған онлайн-додаға еліміздің барлық облысы мен Нұр-Сұлтан, Алматы, Шымкент қалаларынан 21-35 жас аралығындағы облыстық және қалалық іріктеу кезеңдерінің 17 жеңімпазы қатысты. Сондықтан Романның жеңісі айтарлықтай олжа деуге болады, — дейді.

 Иә, бір шаңырақ астында тұрып жатқан әрбір қазақстандық Роман сияқты мемлекеттік тілде сөйлеп, жаза алса ғана туған тілдің мәртебесі артып, жастар арасында жоғары мәнге ие болар еді.  

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *