Қоғам

Перзентхана тағамы қашан құнарланады?

Шымкент қаласындағы «Нұрсәт» шағынауданында осыдан он жыл бұрын  соңғы үлгідегі заманауи перзентхана салынып, қуантқан еді. Аталмыш сәбилер үйі қала тұрғындарына ғана емес, көрші облыстың алыс-жақын аудандарындағы денсаулығы ерекше күтімді қажет ететін аналарға да қалтқысыз қызмет етіп  келеді.

         Тұрғылықты мекен-жайым аталмыш перзентханаға қарасты болған соң алғашқы үш баламды осында дүниеге әкелдім. Биыл төртінші перзентіме жүкті болып, қан қысымым ауытқымалы болуына байланысты тағы да орталықта аман-есен қол-аяғымды бауырыма алдым. Айтайын дегенім, мемлекетіміз ана мен бала жағдайына ерекше назар аударып, барлық жағдайды жасап келеді.  Дәрігерлердің қызметіне де көңіл толады. Алайда, әттеген-айы, сәбилер үйінде жас босанған аналарға берілетін тағам арада қанша жыл өтсе де бір өзгермейді екен. Таңертең — ботқа, түсте — сұйық борщ пен екінші тағамға — қарақұмық, бір тілім нан мен кешке тағы да жеңіл-желпі ас беріледі.

Рас, жаңа босанған аналардың көбісінің артынан іздеп келетін тума-туысқандары құр қол емес,  ыстық сәлем-сауқатпен артынып-тартынып жетеді. Сол себепті перзентхананың еті мардымсыз, жылымық тағамын қажетсініп жатқан әйелдер жоқ. Үйден әкелінген ыстық нарын, қуырдақ, сорпаны терлеп-тепшіп ішіп алады да, орталықтың аспаздары таратқан ас сол күйі шелегімен  кері қайтып жатады. Күнделікті шелек-шелек ас қайта төгіле ме, әлде қызметкерлердің ырзығы бола ма ол жағы да белгісіз. Бұл үшін мемлекеттен  қаншама қаржы бөлініп жатыр емес пе, оны қадағалап жатқан біреулер бар ма?  

         Үшінші перзентімді босанғанда қасымда күйеуі тастап кеткен бір келіншек кішкентайын өмірге әкелді. Өзі алыс облыстың қызы екен. Артынан іздеп келетін туған-туысы болмады. Мен де күйеуім алыс сапарда қызметте жүргенде ойда жоқта босанып қалдым, қалада жақындарымыз жоқ. Ауылдан  кімді әурелегің келеді? Амал жоқ, перзентхананың құнарсыз тамағын қалжалауға тура келді. Құдай кесірінен сақтасын, астың жаманы жоқ қой, бірақ мемлекет қыруар қаржы бөліп жатқан соң оны тиімді пайдалануды бақылау керек. Мүмкін, перзентханада тек артынан тамақ әкелінбейтін аналар тізімін  жасап, ысырапқа жол бермей, оның орнына тағам құнарын арттырған дұрыс шығар. Мегаполистегі ең жағдайы жақсы перзентхана осындай болса, басқа аурухана, шалғайдағы сәбилер үйіндегі жағдай қандай екенін кім білсін?

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *