Өмірдің өзі

Мақпан сынықшы

Халқымыздың ежелгі жаугершілік заманында барымта, ұрыс-қақтығыс, көкпар, басқа да жағдайларда жарақаттану жиі кездескен. Осыған орай ел ішінде сынықшылық та кең тараған. Сынған, шыққан сүйекті салып, орнына келтіруші ерекше қасиет иелерін оташы, сынықшы деп атаған. Олар арнайы оқу орындарында оқымай-ақ сүйегі сынған адамдарды емдеудің құпиясын терең білген және оны өз емдерімен дәлелдеген. Сынықшылық атадан балаға беріліп, тұқым қуалайтын ерекше қасиет. Жасаған емі ел аузына аңыз болып таралып жүрген осындай жандардың бірі ағайынды Жүнісовтер Бәйдібек ауданының Шаян ауылында тұрады. 

         Шаянда тұратын Мақпан сынықшыны аудан орталығында білмейтін жан кем де кем. Әкесі Жарылқаптан қалған қасиетті жолды ұстанып, жайсыз жағдайға тап болған жандарға емімен шипа дарытып жүрген қасиет иесі. Оның ағасы Әмірханның қасиеті талай жанды орнынан тұрғызғанына көпшілік тәнті. Соның бірі шымкенттік Гүлжамал есімді тұрғын:

— Құдағиым былтыр Көкшетауға демалысқа барып, аяғы тайып, құлап қалды. Жайсыз құласа керек, емхана мен аурухана арасында әбден шапқылады. Тіпті, Шымкентте аурухана төсегіне таңылып қалды. Рентгенге түсірген ақ халаттылардың ем-домын қабылдағанымен, еш нәтиже болмады. Орнынан тұра алмай, ас ішуді, ұйқыны ұмытты. Ұлдары рентген нәтижесін Алматыдағы білікті дәрігерлерге де көрсетті. Еш қайран жоқ. Әбден азған құдағиым небәрі екі-үш айдың ішінде отыз бес кило салмақ тастады. Содан бір күні үлкен құдам Шаянда керемет сынықшы бар екенін, «үмітсіз —шайтан» екендігін айтып,  соған көрсетуімізді сұрады. Апарғаннан кейін сынықшы бірден өз қарауына алып, науқас құдағиыма ем жүргізуді бастады. Бір литрге жуық ірің сорғызып алған күні құдағиым алғаш рет тыныш ұйықтады. Сонымен не керек, бүкіл Шымкент пен Алматының дәрігерлері рентгеннен оқи алмаған сынықты тауып, емдеп, аяқтан тік тұрғызды. Кейін тағы бір танысымның кішкентай ұлы ойнап  жүріп қолын сындырып алған еді. Дәрігерлер гипсін шешкенде, қолы теріс біткен болып шықты. Соны да жылқы майымен аздап сылап-сипап жазып бергеннен кейін қасиетіне қайран қалмасқа шара болмады, — дейді Гүлжамал апай.

  Бүгінде Әмірхан сынықшыны ел ішінде адамдар үйінде отырғызбай, орнынан тұра алмай жатқан адамдарға қолұшын созуды сұрап, әр қалаға алып кетеді екен. Ал, жасы алпыс беске таяған Мақпан ата өзін жарнамалағанды ұнатпайтын болып шықты. Өйткені, газеттен оқып келген талай жан  сынықшыны емшімен шатастырып, ауырғанды емдемеймін дегеніне қарамай көңіліне кірбің салып кетеді екен. Өзі туралы айтуға сараң оташы өз ісіне асқан  жауапкершілікпен қарайды.

         — Жасағаң емің көпке жақса, адамдар өзі-ақ іздеп келеді, мен жарнаманы аса ұната қоймайтын жанмын, — деп бастады әңгімесін қария. — Көпшілік болған соң неше түрлі адам болады. Тіпті, қолынан  емдеу, сынық салу келмесе де бата сұрап клетіндер болады. Мен ондайларға немқұрайды қарай алмаймын. Өйткені, өзің жол көрсетіп, бата берген адам ертең біреуді мүгедек етіп қойса, оның жүгі ауыр. Емшілікпен біреулер ақша үшін, тағы біреулер басқа мақсаттармен айналысуы мүмкін. Әр науқас өзі қалаған сынықшыға барады, —дейді.

         Мақпан атаға сынықшылық қасиет бертін келе, орта жаста дарыған. «Ата-бабадан келе жатқан қасиетті жолды ұстанбасаң өзің ауру боласың. Адалдықтан таймай, намаз оқып жүре беруге де болады әрине. Бірақ, жаны мұрнының ұшына таяп келген науқастарға қолдан келген шипаны көрсеткен сауап. Сүйегі сынғанды сынған, шыққанды шыққан деп айтып, оның күрделігіне қарай қолымнан келгенін емдеймін. Ал, қолымнан  келмейтінін дәрігерге жіберемін. Өз басым науқастарға дәрігерлерді жамандамаңдар деймін, олар оқыған адам» деген шаяндық сынықшы өзі қаншама қарапайым болса да оның сынық салу қасиетіне нағыз дәрігерлердің өзі таңқалады екен. Тіпті, Түркістанда ауыр көтергеннен кейін белінің ауырсынғанын елемей жүре берген жігіт ағасы омыртқа сүйегі қысылып қалғанда дәрігерлер жедел жәрдеммен, жанына медбике қосып Мақпан атаға жіберіпті. «Мәкең не айтса соны жасаймыз, көріп берсінші» деген екен.  

         — Бұрын «грыжаны» емдей беретінмін, қазір адамдардың көбісінің көзі ашық болған соң ба, келіп, емді бастаған соң кішкене ауыра қалса төзімділік танытпай, дәрігерге тіке тартып кетіп жатады. Осылайша еңбегің зая кетеді. Қазір тек омыртқа сүйегінің ығысуын жазамын, ал грыжамен келгендерге пышаққа түспес бұрын алдымен дәрігерге көрініп,  массаж қабылдаңдар деп кеңес беремін, — дейді оташы. Сы­нықшының атақ-даңқ, байлық қума­ғанына тағы бір дәлел — ол кісі қазір қайткенде де өзін жарнамалауға құмар емшілер сияқты алдына келіп жазылып кеткендердің тізімін алып, тілегін жаздырып, хаттап отыруға құлықты емес. Және оны қажет деп те санамайды. Бұл да қасиет қонған жанның қарапайым­ды­лығы екені сөзсіз. Бүгінде сынықшы болуға ынталы жандар Түркістан, Қызылорда, Нұр-Сұлтан қаласынан арнайы бата сұрап, іздеп келуде. Ал, Мақпан сынықшы иық, жамбас, шынтақ сүйегін орнына дәлме-дәл келтіріп сала білетін еліміздегі үш-төрт сынықшының бірі екенін айта кеткен жөн.

         Дәрі-дәрмек пен басқа да емдеу құралдарын қолданбай-ақ өте күрделі сынықтарды әп-сәтте жазып шыққан қасиетті жандардың шипасын емделушілер де, білікті мамандар да мойындайды. Ертеде тіпті, олар туралы орыс зерттеушілері А.Левшин, А. Ягмин, Н. Зеланд, А. Алектеров, В. Ненецкий және басқалар тамсана жазып, қанмен бітетін құді­ретке таңқалысқан.

Қазақ халық медицинасының әлі де болса құпиясы мол. Кеңестік кезеңде ескінің сарқыншағы деп қатаң тыйым салынып, қудалауға ұшыраған халықтық сынықшы­лық, ем­шілік қасиеттерді жан-жақты зерттеуге ден қоятын кез келді деп ойлаймыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *