Қоғам

Халықтан қауіптенетіндей полицияда қандай құпия бар?

Қазан айының екінші онкүндігінің соңында Шығыс Қазақстан облысының Ұржар аудандық полиция ғимаратында болған адам өлімі қоғам наразылығына себеп болды. Мал ұрлығы қылмысында күдікті болған Мақаншы ауылының 33 жастағы тұрғынының өлі денесін полиция бөлімінен ауылдастары алып кеткен. Олар марқұмның мәйіті тергеушінің бөлмесінде адамды қинауға арналған заттармен бірге жатқанын көргендерін айтады.

Осы айыптаудан кейін аталған ауданның полиция бөлімінің басшысы, оның орынбасары мен бірнеше қызметкер лауазымдарынан босатылды. Тағы бірнеше полицей адам өліміне қатысты күдікпен қамауға алынғаны ресми мәлімделді. Бірақ мұндай шара өлген адамды қайта тірілте алмасы белгілі. Бір отбасы асыраушысынан айырылып қана қоймай, балалары жетім, жұбайы жесір қалды. Мақаншыдағы осы жағдайдан кейін Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Полиция ашық болуы керек. Бүгінде адамдар полициядан қорқады. Негізі полиция адамдардың қорғанышы бола білу керек», – деген сөзі еріксіз еске оралады.

Жел болмаса шөптің басы қимылдамайтыны белгілі. Полицияның азаматтарды ғимаратқа кіргізіп алып, ұрып-соғуы бір Ұржардағы оқиғамен шектелмесе керек. Бұл қашаннан бері айтылатын әңгіме. Бірақ, көбінше дәлел бола бермейді. Себебі, полиция ғимаратына ондай оқиғаларды түсіріп алуға мүмкіндік беретін телефонмен кіру қиын. Ал ішке телефонсыз, қорғаушысыз кірген күдіктіні полицейлер қалай ұрып-соқса да ол сыртқа қашып шыға алмайды немесе дәлел болмағандықтан тиісті орындарға шағымдана да алмайды. Осының салдарынан қаншама азаматқа жазықсыз жала жабылуы мүмкін.

Жалпы, аудандық полиция бөлімдеріне телефонмен ішке кіру қаншалықты мүмкін? Осыны зерделеу мақсатында біз Түркістан облысындағы бірнеше бөлімге барып көрдік.

Ордабасы аудандық полиция бөліміндегілер журналист екенімізді, телефон мен фотоаппарат біздің кәсіби құралымыз екенін біле тұра, оларды өзімізбен бірге ішке алып кіруімізге үзілді-кесілді қарсы болды. Осыған ұқсас жағдай Арыс қалалық полиция бөліміне барғанда да алдымыздан шықты. Смартфонмен кіруге рұқсат жоқ дегесін кері қайтуымызға тура келді. Елбасының жоғарыдағы айтқан сөзін есіне салғанымыз көмек бере алмады. Тіпті, оны құлақтарына да ілгісі келмейді. Ұржардағы жағдайды ескерте отырып, «ішке кірген соң бізді ұрып-соқса немесе ақша бопсаласа оны кейін қалай дәлелдейміз» деген уәжіміз ескерусіз қалды. Бұл екі ауданның полицейлері өздеріне тиімді заң шығарып алған секілді. Егер жұрттан жасырар заңсыз әрекеттері болмаса, ішке телефон алып кіруден несіне қауіптенеді деген сұрақ туындады. Керісінше «бізде бәрі ашық, не түсіремін десеңіз де еркіңіз» деп, күдікті ойдың туындауына қарсы жұмыс істемейді ма?

Әрине, барлық аудандарда жағдай осындай деуден аулақпыз. Мәселен, Созақ пен Келес аудандық полиция бөлімдеріне барғанымызда соншалықты қауіптеніп, сақтанғандарын байқамадық. «Бізде көпшіліктен жасыратын ештеңе жоқ, — дейді Келес аудандық полиция бөлімінің басшысы Болат Қаныбеков. — Бәрі ашық. Қазір сіз кірдіңіз, смартфоныңызды тастамасаңыз болмайды деген талап қойылмады ғой, солай ма? Өзіңізге де көрсете аламын, күдіктілерді бірінші тергеуші қабылдайды. Олардың бөлмелері әйнекпен бөлінгендіктен жасырын ештеңе істей алмайды. Одан бөлек барлық жерге бейнебақылау камералары орнатылған. Сырттан кіргеннен бастап, дәліз, қабылдау бөлімі, тергеушілердің бөлмесі, бәрі де бейнебақылауда болғандықтан қызметкерлер ұрып-соғу былай тұрсын, қатты да сөйлей алмайды. Барлығын заң аясында істейді. Менің өзім қызметкерлерге ұру, қорқыту арқылы ешкімге кінәні мойындатуға болмайтынын жиі айтып отырамын. Кінәліні анықтаудың түрлі тәсілі бар, ең бастысы — дәлелдер жинау. Нақты дәлелдерді тапсаң, ешкім де бұлтара алмайды. Ал ұру заңға қайшы әрекет қана емес, бұл — жабайылық. Қорқып кінәні мойындаған адамның артында отбасы, бала-шағасы болады, олардың обалын кім арқалайды? Жабық мекеме болғандықтан, түсіруге болмайтын жерлердің де бар екені рас. Кейде күдікті немесе осында келгендер арасында қолындағы телефонды арандату үшін пайдалануға тырысатындар болуы мүмкін. Көшеде де әртүрлі арандатушылар болады ғой. Біз сол жағынан сақтанамыз. Әйтпесе, телефонмен кіргенде тұрған ештеңе жоқ. Ол адамның жеке мүлкі».

Созақ аудандық полиция бөлімі басшысының орынбасары Ерғазы Жұмабаевтың да пікірі осы орайлас болды. «Елбасы айтқандай, біздің халықпен байланысымыз ашық, — дейді ол. — Ешкімнен ештеңе алмаймыз, сол себепті қорқуға да себеп жоқ. Кез келген тұрғынды қабылдап, сұрағына жауап береміз. Өзіңіз смартфонмен кіріп отырсыз, біреу оған шектеу қойған жоқ. Бұл ереже жалпыға ортақ. Нені түсіремін, жазып аламын десеңіз де тыйым салмаймыз. Басқалар да түсіретіні болса, заң аясында түсіріп алсын. Шектемейміз. Бірақ, бәріне рұқсат екен деп әркімнің ойына келгенін істеуіне де жол берілмейді. Әрине, біздің жұмысымызда өзіндік құпиялылық болады. Оны ешкімге жария ете алмаймыз.

Күдіктілерді тергеушілер тергейді. Оларда да бәрі ашық. Егер біреу ұратын болса, дауысы естіледі ғой. Бізде оған жол берілмейді».

Көзі ашық, көкірегі ояу оқырманға Қазақстанда заңдардың баршаға ортақ екені аян. Полиция болсын, қарапайым тұрғын болсын, бір заңға бағынады. Бірақ байқап отырғандарыңыздай, аудандарда полиция бөлімдеріне кірудің жолы әр қилы. Соған қарағанда Арыс пен Ордабасы полициясының қызметкерлері басқа елдің заңын қолданады ма, әлде жасыратын заңсыздықтары көп пе? Неге Созақ пен Келестің полициясында рұқсат етілетін жайттарға Арыс пен Ордабасыда тыйым салынады? Бұл сауалымызды Түркістан облыстық полиция департаментінің басшысы Қайрат Дәлбековтың өзі саралап көргені дұрыс болар еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *