Шымкент қаласындағы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің 12 сынып оқушысы Әсел Мұсаева шашбаудың денсаулыққа пайдасы туралы ғылыми жұмысын сәтті қорғап шықты. Ол әсемдік бұйымның омыртқаның қисаюының алдын алудағы құрылымын зерттеп, табысты еңбегі үшін авторлық құқық алды.
Қазақ сұлуларының бойын тік ұстап, сымбатты болып өсуіне, әжімдердің мезгілсіз пайда болуына жол бермегенін және қан айналымын жақсартқан шолпы мен шашбаудың пайдасы зор. Жоба авторы зерттеу жұмысына тақырыпты бекер арқау етпепті. Зияткер шәкірттің айтуынша, шашбау омыртқаның мойын-жақ бөлігіндегі бұзылулардың алдын алуға көмектеседі, сондай-ақ, вегето-тамыр ауруларының санын азайтуға септігін тигізеді екен.
Әсел шашбауды пайдаланғанда қауіпсіз, қолжетімді және қолайлы болуын ойластырып, артық бөлшектерін өңдеп, заман талабына сай етіп жаңартқан. Ғылыми жобаға ұстазы Дуйсенбиева Жанна Алтынбекқызы жетекшілік еткен.