Мәселе

Кедейлері көп бай мемлекетпіз…

Иә, біз өзімізді жерінің асты да, үсті де қазынаға толы бай мемлекет деп есептейміз. Әлемдегі дамыған 30 мемлекеттің қатарына іліктік. Бірақ, неге әлі күнге дейін кедейлері көп елміз?

Кешегі аптада редакцияға Түркістан облысының Келес ауданы Аманжар ауылынан бес ана хабарласып, «жағдайымызды көріңіз» деген соң арнайы барғанбыз. Үлкен жолдың бойында қолдарына қап ұстап, қоқыс теріп жүрген аналар үйдегі балалары үшін қандай жұмыс болса да арланбай атқаратындықтарын айтты.

Алайда ол кісілердің айтары көп екен. «Жұмыспен қамту мекемесі арқылы 57 мың теңге жалақысы бар көше тазалайтын жұмысқа уақытша тұрамыз деп атаулы әлеуметтік көмектен айырылдық. Ал жұмыс істемегендер үйлерінде отырып, Үкіметтің жәрдемақысын алуда. Және олардың алатыны біздің жалақымыздан көп. Кейде «неге біз де үйде отыра бермедік» деген ой келеді. Бірақ уақытша болса да жұмыс істеген дұрыс қой. Тым құрыса АӘК-ді қысқартпай-ақ қойғанда болар еді», – деген Тасбике Жорабекова өзінің бес баласы бар екенін, оның біреуі мүгедек екенін айтты. Сол баласы мен оны күтушіге беретін ақшаны және бес баланың жәрдемақысын есептеп, отбасыға кіретін табыс шекті есептен асып кетеді деп АӘК-тен қысқартып тастаған екен. Одан бөлек әлеуметтік көмек ретінде балаларға берілетін азық-түлік корзинасынан да құр қалғанға ұқсайды. Онысын сұрап барғанда «сыйлық беретін дүкен өртеніп кетті» деген жауап естіген. Балаларына демеушілер көмегімен ұсынылатын киім де уақтылы берілмей, созбалаңға салыныпты.

Көпбалалы, жалғызілікті аналар «онсыз да әлеуметтік теңсіздік орнаған қоғамда қарапайым адамдар арасында теңсіздік болмаса екен» дейді. Үйде жұмыс істемей отырғандардың алатын жәрдемақысы ыстық пен суықта көшеде жүріп қоқыс тазалағандардікінен неге көп болуы керек? Осы жағы расында да түсініксіз. Жағдай бұлай жалғаса берсе, адамдардың көпшілігі жұмыстарын тастап, мемлекетке масыл болып алмайды ма?

Т.Жорабекованың айтуынша, мүгедектікке байланысты баласына берілетін жәрдемақы оның дәрі-дәрмегіне де жетпей қалады екен. Олай болса оны отбасылық табысқа қосу қаншалықты дұрыс? «Арнайы құрылған комиссия біздің отбасының материалдық жағдайын дұрыс деп шешіпті. Бірақ үйімізге ешкім келіп, тұрмысымызды көзбен көрген емес. Қорамызда тұяқты тіршілік иесі жоқ. Балалардың жәрдемақысымен отырған отбасыларда жағдай қалайша дұрыс болуы мүмкін?», – деген Т.Жорабекованың уәжіне қарсы жауап айта алмадық.

Расында бұл ойлантарлық мәселе. Әрине, бұл жағдай үшін ауыл немесе аудан әкімін, тіпті облыс басшыларын да кінәлауға болмайды. Мәселе жоғарыда, дәлірек айтқанда, министрліктер мен Парламенттегі халық қалаулыларында болып тұр. Көптеген министрліктерде кездейсоқ келген жоғары лауазымды қызметкерлер аз емес. Жуырда Параламент Мәжілісінің төрағасы Нұрлан Нығматуллин Ауылшаруашылығы министрлігіндегі бір лауазым иесіне қарата «Өзі международник болса, сиырдың қайда екенін, жылқының қайда екенін, тауықтың қайда екенін бұл қайдан біледі», – деп сынға алғаны саладағы келеңсіздікті көрсетіп бергендей болды. Шынында да, осы секілді кездейсоқ басшылардың сапасыз жұмысының салдары қарапайым халықтың тұрмыс-тіршілігіне кері әсер етіп отыр. Бұл қашанға дейін жалғасар екен?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *