Қоғам

Әлди жыры жоғалып барады

«Жас балаға қазақтың әлди-әлди деп басталатын бесік жырын жырлау керек. Бұл жырдың күйі де, сөзі де тәтті», – деп ақын Мағжан Жұмабаев айтқандай, бесік жырын айту әрбір ананың сәби алдындағы қасиетті борышы. Бірақ бұл борышты қазіргі аналар қалай орындап жүр? Өкінішке қарай, бүгінгі сәбилер әні мен сөзі үйлесімді әлди жырымен емес, ұялы телефон әуенімен немесе «бабай келедімен» көз іліп келеді.

Данышпан Төле бабамыз «Баланың бесігі – кең дүниенің есігі» деген екен. Ендеше кең дүниенің есігін балаға бесік арқылы ашу үрдісінен ажырап барамыз. Талбесігінен жырға тербеліп өскен қазақ баласы үшін әлди жыры баланың анаға деген шексіз махаббатының жырмен өрілген көрінісі ғана емес, тәрбиелік мәні бар ғажап тәлім. Қазақ еліне жер аударылған поляк революционері А.Янушкевич: «Қазақтың 3-4 жасар баласының тілі жатық, ал 5-6 жастағы балалары шешен әрі тауып сөйлейді, ойын ұтымды жеткізе біледі», – деп таңданыс білдірген екен. Бесік жыры ұлттық тәрбиенің кәусар бұлағы екенін баяғыдан білген ата-бабамыз сәби санасына, жан-жүйесіне төл тілі мен ділін дарытқан. Бала ұлттық тәрбиенің алғашқы нәрін бойға осылай сіңірген. 

Жалпы, бүгінде жас келіндерді айтпағанда, әлди айтатын әжелер бар ма? Соңғы кезде бесікке салу, шілдехана тойлары қалай өтіп жүр және салт-дәстүріміздің сақталуына қаншалықты мән беріп жүрміз? Бұл сұрақты Түркістан облыстық ардагерлер кеңесі төрағасының орынбасары, ардагерлер ұйымы жанынан құрылған «Әжелер алқасының» төрайымы Үрзада Айтөрееваға қойған едік.  

— Бесік жырын ауылды жерде ақ жаулықты аналар айтады, бірақ қаладағы әжелер әлди айтады дей алмаймын. Жалпы, мұндай әжелер ел ішінде сирегені рас. Дегенмен де бүгінгі таңда интернетте танымал әншілеріміз өздерінің жағымды дауысымен бесік жырын айтады. Соны тыңдатып, жас аналар сәбилерін ұйықтатып жүргенін өзім көремін. Мұның өзі біздің  дәстүріміздің қайта орала бастағанын білдірмей ме? Өйткені, үш жүз жылдан астам отаршылдықты бастан кешкен қазақ ғасырлар бойы өзінің дәстүрінен бірте-бірте ажырап қалды. Солардың ішінде бізге айнымай, өз қалпын сақтап жеткендері осы бесікке салу, тұсаукесер, тағы басқа салттарымыз.

 Жалпы кейінгі кезде бесікке салу дәстүрі бәсекеге айналып барады. Бұрын шілдеханада ауылдың, әулеттің өнегелі, өсіп-өнген отанасына, жасы үлкен ақ жаулықты әжесіне сәбиін бөлетіп, батасын алып, жолын сұраған. Ал қазір бәсеке. Бөпеге әкелген дүниелері бірінен бірі асып, қоржыны тола болуы керек. Дастарқан тоғыз, ойыншық тоғыз, көршілер тоғызы, нағашы тоғыз, сүт тоғыз, тәтті тоғыз дейтін бітпейтін тоғыздар топырлады. Бесіктойға әкелетін баланың киімі де тоғыз-тоғыз. «Сыртқа киетіні, ішке киетіні, серуенге киетіні» деп, спорттық киіміне дейін түгендеп жатады. Ол киімнің көбісін жылдам өсіп жатқан бала киіп те үлгермейді. Қолы қысқа жандар осыны көріп, көптен қалмайын деп қарызға батады. Мұның бәрі мақтангершілік, ысырап. Осындайда аналарымыз бәсекеден гөрі, обал-сауапты көбірек ойланса екен. Мұны доғарғанымыз, жан-жақты ақылға салғанымыз дұрыс.

Жақында өзім куә болған жақсы бесік тойлардың бірі ретінде журналист сіңліміз Жәмила Мамырәлінің немересіне берген шілдеханасын айтар едім. Ойындар арқылы жас қыз-келіншектерді ұлттық дәстүріміз туралы ойлануға атсалысқан тәсілдері ұнамды болды. Барлық журналистер, асабалар қауымы көпшілікті осылайша салтымызды ұлықтауға жұмылдырса деймін. Тойдағы ас та төк қылып жайған дастархан басынан ас ішіп, аяқ босатып қайтқаннан гөрі, қонақтар мен жастар ой түйіп қайтқаны дұрыс, — дейді «Әжелер алқасының» төрайымы.  

         Өкінішке қарай, бүгінгі бесік тойларда үш ғасырдан аман жетіп, бүгінге қауышқан кейбір қазақы салт, ұстанымдарымыз да бұрмаланып немесе аяқасты болып жатады. Мәселен, әжелеріміз, тіпті аналарымыз да бертінге дейін баланы құндақтамас бұрын бесікті адыраспанмен немесе оттық тұтатып болса да аластап алатынын көріп өстік. Ол сәбиді бәле-жала, тіл-көзден сақтайды деген ырым болған. Соңғы жылдарда ислам діні атын жамылған кірме көзқарас, сенімдер мұны да жоққа шығаруда. Дін жолына түбегейлі бет бұрған кей әулеттің ақ жаулықты әжелері намаз оқып, Меккеге барып келгеннен кейін-ақ  «Отпен аластау Аллаға серік қосумен тең» деп, нәресте бесігіне адыраспан түтетуге біржақты көзқараспен қарап, тыйым салып жүргенін көреміз. Бұл қаншалықты дұрыс?  

        — Жалпы, Аллаға құлшылық әркімнің пенделік парызы. Өзінің жеке құлшылығын, бес парыздың талаптарын орындаған жан кірме көзқарасын айналасына әкеліп таңып қоюына болмайды. «Аллаға серік қосу болады» деп адыраспан түтетпеу, келінге сәлем салғызбау сияқты дәстүріміздің элементтерін сақтамау маған қазақтығымызға жасалып отырған жасырын қастық сияқты көрінеді. Ол дұрыс емес. Тіпті десеңіз, адыраспанның ауадағы микробтарды жоятын қасиетті шөп екенін медицинаның өзі дәлелдеген. Оны халқымыз жай еріккеннен пайдаланды деп ойламаймын. Өзінің сәбиі жататын жайды жат нәрседен сақтап, таза өссін деген ниетпен аластаған. Өзгенің сенім, салтына ере бермей, өзімізде барды сақтасақ қана өзегіне құрт түспеген ағаштай жайқаларымыз анық, —дейді Үрзада Айтөреева бұл туралы.

Соңғы кездерде жас келіндер арасында бесік жырын жаңғырту мақсатында тиісті мекемелер бірді-екілі шаралар ұйымдастырып жүр. Шымкент қалалық әдет-ғұрып және салт-дәстүр орталығы мен Шымкент қалалық жасөспірімдер кітапханасы арнайы байқаулар өткізіп келеді. Мұндай шаралар  жас аналардың ұлттық құндылығымызға құрметін арттырып, салтымызды сақтауға үлес қосары анық. Қазіргі буын осыған айрықша мән берсе, келешекте әлди айтатын әжелер қатары да көбейер ме еді?         

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *