Қоғам

Банк омбудсманы деген кім?

Елімізде ипотекалық несиесін кешіктірген азаматтардың құқын қорғайтын банк омбудсманы жұмыс істей бастады. Дәлірек айтқанда, бұған дейін тұтынушыларға беймәлім болып келген омбудсман жұмысы кеңінен таныстырылды. Көпке пайдасы мол іс-шара Шымкент қалалық сотының мәжіліс залында «Азаматтық істер бойынша банк келісім-шарттарынан туындайтын түйінді мәселелерді шешу жолдары» тақырыбында  ұйымдастырылды.

         Онлайн форматта өткен «дөңгелек үстелді» Шымкент қаласы Абай аудандық сотының төрағасы С.Тоқбергенов жүргізіп отырды. Елімізде банк омбудсманы 2011 жылдан бастап жұмыс істей бастаған. Ол «ҚР банктер және банк қызметі туралы» заңға сәйкес қызет көрсетеді және оны тегін атқарады. Қазіргі кезде еліміздегі жалғыз банк омбудсманы Ерсерік Сиырбаев болып табылады. Оның қаржы-кредит жүйесіндегі жалпы еңбек өтілі қырық жылдан асады. Омбудсман банк пен ипотекалық қарыз алушы арасындағы келіспеушіліктерді борышкердің өтініші бойынша реттеуді жүзеге асыратын, тәуелсіз жеке тұлға.

         Кейінгі кезде халық арасында ипотекалық қарыз шарттарына байланысты құқық бұзушылықтың көбеюіне сәйкес мемлекеттік органдарға шағымдар жиілеген. Ал, банктер қарыз алушымен арадағы шиеленісті сотқа дейін тәртіппен шешілуіне мүдделі. Банк омбудсманы қарыз алушы мен банк арасында ымыраға қол жеткізуге ықпал етуші болады. Ол қарыз алушылардың өтініштерін екі айға дейін қарайды.

        — Қарыз алушы белгілі себептерге байланысты несиені төлей алмаған жағдайда екінші деңгейлі банктер алты міндеттемені орындауға тиіс. Алайда, оларға өз міндеттемелерін орындауға қарағанда бірден сотқа жүгінген оңай. Егер банктер алты міндеттеменің тым болмаса екеуін орындаса мәселе борышкердің пайдасына шешілер еді. Айта кетерлігі, банк омбудсманы тек ипотекалық қарыздар бойынша проблеманы қарайды. Ал, басқа кредиттер бойынша азаматтардың өтінішімен тек ақылы консультация бере аламыз. Қазір шағымданушылардың көбі қарыздың айлық төлемін азайту немесе төлем графигін өзгерту үшін жүгінуде, — дейді Е.Дәменұлы. 

        Банк омбудсманы соттың қарауына қабылданған және соттың заңды күшіне енген шешімі бар мәселелерді қарамайды. Ал, омбудсманның шешімін орындау банктер үшін міндетті. Егер қаржы ұйымдары оның шешімімен келіспеген жағдайда сотқа жүгінуге құқылы. Е.Дәменұлының айтуынша, өз тәжірибесінде сотқа берген банктер тарапынан жеңіліс тапқан деректер тіркелмеген. Оқырмандарға қосымша біле жүрсін деген ниетпен банк омбудсманының қабылдауына қалай жазылуға болатыны туралы дерек бере кеткенді жөн көрдік. Ол үшін www.bank-ombudsman.kz сайтына кіріп, өтініш беру және жазылу оңай. Қажетті тетікті басып, сауалнаманы толтырып, жазылуға болады немесе өтініш бересіз. Ал, омбудсман кеңсесі Алматы қаласы, Н.Назарбаев даңғылы, 175 (302 кеңсе) мекенжайында орналасқан.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *