Өмірдің өзі

Мұхтар Әуезовтің Мырзашөлге сапары

Қазақ даласы ежелден таланттарға кенде болмаған. Тұтас бір дәуірдің үнін тарихқа қаламмен жазып қалдырған ұлы жазушы Мұхтар Әуезов осындай ерек тұлғалардың бірі. Бүгінде аты аңызға айналған қаламгердің бір кездерде біздің Мырзашөл өңірінде де ізі қалған. Мұны кейінгі ұрпақ біліп жүрсін деген ниетпен қағазға жазып қалдыруды жөн көрдік.

Жалпы, Мұхаң Мырзашөлге бір-ақ рет келген. Онда да небәрі санаулы күн ғана болыпты. Соның өзінде елдің тыныс-тіршілігіне қанығу үшін үш ауданды көлденең кесіп өтіп, жөн білетіндермен сөйлесіп, әңгімесін тыңдап, күні-түні тыным көрмепті. Молшылық көзі саналатын табиғаттың тұла бойы еріксіз иіп, бойдағы бар жемісін төгіп тұрар дархан кезең, қоңыржай мезгіл — алтын күздің кезі екен. Елдің ен байлығы — мақта да көзге оттай басылып, аппақ болып, бар әлемді ақ толқынға орап, өзіне тарта түседі. Үлкен-кіші бастықтардың аузында да тек осы мақтаның «жыры». Бәлкім сол бір дүбірлі дүрмек жазушы жазғандай «аса бір қызу және қызулығымен, қызықты, қайнар ыстық шақ» тартты ма екен? Солай шығар. Өйткені, очерктің тақырыбын «Талап та, тақырып та — тек мақта» деп текке қоймаса керек. Жазушы ағамыз сол кездің тынысын айқын көрсетіп береді. «Облыс бір адамның үнімен бір ғана: «мақта», «мақта теру», «мақта жоспарын орындау деген ұран шақырады» дейді. Оқырман қауырт қимыл, жанталас жұмыс, оқыс оқиғаның ортасына қойып кетеді. Ары қарай «апырай не болар екен» деп еріксіз көз жүгірте жөнелесіз. Алғаш аяқ басқаннан-ақ жазушының өткір жанары, жылы жүрегі, сергек көңілі бұл жердің қасиетін бірден-ақ аңғарыпты. «Ильич, Киров, Мақтаарал аудандары мәні-жөні бөлек, шөлді шүлен еткен, жоқты бар, болмысымызды мол еткен, біріне бірі сай, ырыс өлкелері» деп кемел бағасын беріпті.

Кемеңгер жазушы алғашқы күні үш ауданның көп колхоз-совхоздарының бәйгесінде мақта жоспарын жүз процент толтырып, атақ-абыройы ең алдымен шығып тұрған «Үшінші Интернационал» колхозында болыпты. Талай да талай ыстық-суық майданды кешіп өткен бастық Алтынбеков Садықтың көңіл күйін сәтті жеткізеді. Бастықтың көл-көсір қуанышын аупартком секретары су сепкендей басыпты. Кешегі қарқынды төмендеттің деп кінәлайды. «Тап, тап» деп талап қояды, өкпелейді, жекіреді. Мұнымен автор өктем саясаттың озбырлығын, орынсыздығын көрсетіп отырғаны сөзсіз. Оны оқыған адам өзінше ой түйіп, ішін тартады. Міне, Мұхаңның шеберлігі!

Ертесіне Мұхаң бастаған топ аудандағы көпұлтты «Заря Коммунизма» колхозына ат басын тірейді. Бұл туралы жергілікті «Мақтаарал» газетінің тілшісі, Ақылбек Төребеков жазушының туғанына 100 жыл толуына арнаған  мақаласында жазады. Ол кезді колхоз партком хатшысы болған Тұтқабай Тұрсынбаев деген кісі былайша еске алады:

— 1959 жылдың 5 қазанында облысымызға шығармашылық іссапармен жүрген жазушы Мұхтар Әуезов келді. Бастығымыз Лев Иванович Кан сырқаттанып қалып, қонақты күтіп алу маған тапсырылды. Бір жағынан қуанып,  бір жағынан қысылып, әбігерге түстік. Каркастан салынған қонақ үйімізді ретке келтіріп, дайындалып отырдық.

Мұхаң өте қарапайым, әрі жаны жайдары жан екен. Шаруашылықтың жағдайымен, халықтың тұрмысымен жете танысып, өзін қызықтырған мағлұматтарды сұрастырып жатты. Мұхаң осы сапарында өзі қонақ болып түскен бір үйде қазақтың асыл салт-дәстүрін, өнерін жақсы білетіндігін аңғартып, жұртты таңқалдырыпты. Үй иесінің келіншегі Айсұлудан жастықтың бірін ұстап қызығып:

  • Мынау қандай құрақ? —деп сұрайды.
  • Қайшы құрақ, —дейді жас келін.

— Жоқ, бұл тырна қатар құрақ, ал анау қайшы құрақ, — деп  екінші жастығын көрсетеді.

Қонақтар кетуге жиналып жатқанда бір қызық оқиға болыпты. Осы колхозда қарауыл болып істейтін, бірақ кезінде әділдігімен де, қайсарлығымен де аты ел аузында жүретін Пәрсенқұл деген кісі Мұхаңның елге келді деген  хабарын естісімен Сырдарияға барып ау салады. Жолы болып, салмағы жетпіс келідей жайын түсіпті! Соны жазушыға «дәм татсын» деп бір атқа артып жібереді. «Мұха, сіздің несібеңіз, дәм татыңыз» дейді жанындағылар. Асты тастап кете алмай амалсыз кідіріп, қуырылған балықтан дәм татады. Көрші ауданнан күткен басшылар келіп, қонақтарды «Мақтаарал» кеңшарына алып кетеді. Қазақ қашанда жақсыға ырымшыл халық. Ұлы кісі болған, отырған жерлерге кейін талай адам келіп сарқыт жегені аңыз болып әлі айтылып келеді. Сол Мұхаңнан кейін Жетісайға халқымыздың батыры Бауыржан Момышұлы келіп, халықпен кездесу өткізеді. Соңынан шай, су ішкен соң құрметті қонақты күтушілер қонақүйге жатқызуды ұсынады. Бірақ, қазақ салт-дәстүрін жақсы біліп, орынды ұстанатын Баукең «Мұхтар ағам жатқан үйге барамын, басқа ешқайда бармаймын» деп тұрып алады. Баяғы Мұхаңды күткен жігіт Тұтқабай Тұрсынбаев жұмыс барысымен Шымкентке кетіп қалған екен. Бірмінез Баукең ешкімнің ізетіне жібімей, өзі демалып жатқан Сарыағаш санаторийіне қайтып кетіпті. Кейін Тұтқабай ағамыз келгенде бұл хабарды естіп, сүйікті ағасының артынан барып: «Мұхаң ішкен кесемен шай ішіңіз» деп кешірім сұрап, ренішін басып, жібітіп қайтқан екен. Өкінішке қарай біз сол Баукең ұстанған жолды ұмытып барамыз. Ұлы жазушының табаны тиген жерлерге ескерткіш тақта орнатып, жастардың есіне салып, ауық-ауық кездесулер өткізіп тұрсақ, бұл да бір тәрбиенің көзі болар еді-ау. 

Зымырап өтіп жатқан уақыт шіркінге ұстам бар ма? Содан бері аттай алпыс жыл өтіп кетіпті. Кітап кейіпкерлері да, автор да арамызда жоқ, әрине.  Бірақ, қаламгердің қағазға түсірген хаты қалды. Ол жай жазу емес, сол дәуірдің аласапыран қимыл-қозғалысын, талап-талғамын, тыныс-тіршілігін қолмен қалағандай тәптіштеп, орын-орнымен көрсетіпті. Ол біздің бастан кешкен оқиғаларымыз, тарихымыз. Жазушының «Оңтүстік сапарынан» очеркіне алпыс жылдан астам уақыт өтті. Бұл қаламгердің соңғы жазған шығармасы еді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *