Қоғам

Мағыналы өмірдің негізі — білім

Хакім Абай өз өлеңдері мен қарасөздерімен қазақ халқындағы санасыздықтың қара шымылдығын түріп тастауға ұмтылды. Ел болу үшін мектеп салып, оқу оқып, білім алу қажет, тіршіліктің тұтқасы еңбек пен білім, өнер мен ғылымда тұр деп пайымдады. Өнер-білімсіз қоғамға пайдалы болу мүмкін емес екендігін терең түсінді.

         Жасымда ғылым бар деп ескермедім,

Пайдасын көре тұра тексермедім.

Ер жеткен соң түспеді уысыма,

Қолымды мезгілінен кеш сермедім, —деп өзінің босқа кеткен уақытына үлкен өкініш білдіреді. Жастарды оқуға, білімге шақырады. Бұл тақырыпта «Әсемпаз болма әрнеге», «Ғылым таппай мақтанба», «Интернатта оқып жүр» өлеңдерін жазады. Бұл өлеңнің қай-қайсысы да ұлы ақын жас шәкірттерді өнер-білім алып, өмірдің іргелі қабырғасының пайдалы кірпіші болуға үндейді. Жаңа өсіп келе жатқан өскінді тәрбиелеу оңай емес екендігін ескертеді. Бала тәрбиелеудегі ата-ананың рөлі ерекше екенін айтудан жалықпайды. «Ұстаздық еткен жалықпас, үйретуден балаға» деп баланы дұрыс жолға бағыттау ең жауапты міндет екенін ескертеді. Сондықтан да Абай: «Білімдіден шыққан сөз,

Талаптыға болсын кез.

Нұрын, сырын көруге,

Көкірегінде болсын көз» деп үндейді. Адамгершілік үшін, халық ұлы болу үшін оқу керек дегенді әрдайым тілге тиек етіп отырады. «Ғылым таппай мақтанба» деген өлеңінде талаптану, еңбек ету, терең ойлау, әр нәрсенің байыбына жетіп іс істеу адамгершіліктің белгісі деп үйретеді. Білім алудың сара жолын нұсқайды. Мазмұнды да мағыналы өмірдің негізі —өнерлі, білімді азамат болуда деп, ғылым алу жолындағы барлық қиындықтарда шыңдалып, оны жеңе білуге шақырады.

         Абай еңбек пен зейін — ықыласпен ізденіп, соған беріле ұмтылған  бала білім алатынын айтқан. Адамның көңілі шын мейірленсе, білім-ғылымның өзі де адамға мейірленіп, тезірек қолға түседі. Шала мейір шала байқайды, — дейді хакім Абай. Өлеңдерімен қатар оқуды, өнер-білімді паш ететін, тәрбиелік мәні зор, жастарға үлгі-өнеге көрсетерлік қара сөздері де үлкен орын алады. Білім тек бас пайдасы үшін алынбауы тиіс екендігін ұғындырады. Мұның бәрі жасөспірімдер үшін пайдалы, өнегелі сөздер. Оларға мұндай данышпандық ойларды түсіндіріп, бойларына сіңіріп айтып отыру — тәрбиенің негізгі көзі.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *