Қоғам

«Хирург боламын деген үлкен арманым бар еді»

Мұхтар НИЯЗОВ, айтыскер ақын, «Алтын домбыра» иегері:

Белгілі айтыскер ақын, қызылордалық Мұхтар Ниязов жақында қазақ айтыс өнеріндегі алғашқы «Алтын домбыра» иегері атанды. Бәйге шарты бойынша жобаның үш дүркін бас жүлдесін жеңіп алған айтыскер алтын домбыраға лайық деп танылды. Ақынын құрметтеген Қызылорда елі Мұхтар Ниязовты әуежайдан зор қошеметпен күтіп алды. «Еңку-еңку жер шалып, алтын домбыра қолға алып» келіп, ентігін басып үлгермеген  ақынның додадан кейінгі алғашқы көлемді сұхбатын оқырмандар назарына ұсынуды жөн көрдік.

         — Мұха, «Алтын домбыра» құтты болсын! Алдымен оқырмандарға өзіңіздің айтыс өнеріне қалай келгеніңіз туралы айтып беріңізші.

         — Шыны керек, мен жасымнан айтыскер боламын деп алдыма мақсат тұтқан жоқпын. Бала кезімнен оқыған-тоқыған, жазған-сызғандарыма қарап, кейде жазба ақын болармын деп топшылағаныммен, өзіме онша сенімді емес едім. Бір білетінім, он бірінші сыныпты бітіргенде биолог мамандығына оқуға түсейін деп, сынақтан өте алмай қалдым. Сонда да алған бетімнен қайтпай, дайындық курсына жазылып, келер жылы оқуға түсуге бекіндім. Өйткені, хирург болсам деген үлкен арманым бар еді. Алайда, жазу-сызуға құмарлық, іште жанған бір үлкен шырақ өнер жолына түбегейлі түсірді. Дайындық курсында оқып жүргенде облыстық студенттер айтысына қатысып, бас жүлдені иелендім. Оқуға түспей жатып-ақ Атырауда өтетін «Жас толқын» жастар  фестиваліне жолдама алдым. Сол кезде университеттің жастар ісі жөніндегі жетекшісі Роза Басекеева деген апайымыз: «Келер жылы оқуға тағы түсе алмай қалсаң әлдеқалай болып кетер, саған университеттің филология факультетінің грантын берейік. Осы жерде оқы, университеттің атын қорға, мәдени іс-шараларға қатыс, біз саған әрдайым қолдау жасаймыз. Осы жерден де жақсы маман болып шыға аласың», — деді. Өнер жолына түбегейлі бетбұрыс осылай басталды. 2004-2005 жылдары айтыстағы алғашқы көліктерімді ұта бастадым. Ал, 2012 жылы Мәдениет министрі Дархан Мыңбайдың тікелей қолдауымен алғаш ұйымдастырылған «Алтын домбыраның» алғашқы жеңімпазы атандым. Осы бастаған ісімді аяқсыз қалдырмайын деп «Алтын домбыра» айтысына сегіз жыл қатарынан үздіксіз қатысыппын. Тек бір жыл ғана белгілі себеппен қатыса алмадым. Сол кезде іштей «Алла қаласа, алтын домбыраны үш рет жеңіп алуым керек» деп өзімді-өзім қамшылап, серт бергенім бар. Нәтижесі осы жеңіс болып тұр…

«Алтын домбыраны» құйған зергермен кездейсоқ кездесіп қалдым»

         — «Алтын домбыра» расында таза алтыннан құйылған ба, әлде жалған металл ма, ол сізге басыбайлы берілді ме» деген сұрақтар ел ішінде гулеп тұр. Бұған не дейсіз?

        — Рас, «Алтын домбыра» таза алтыннан құйылған ба деген сауал әркімнің көкейінде жүретін. Тіпті, менің де. Қызық болғанда күні кеше Ақтауға сапарымда жолай бір жігітпен көлікте сапарлас болдым. Бейтаныс жігіт әңгімелесе келе өзінің зергер екенін, күмістен бұйымдар жасайтынын айтып келеді. Мені танымады. Өзінің зергер екенін дәлелдегісі келіп, жасаған бұйымдарының фотоларын көрсете бастады. Бір кезде ойламаған жерден «Айтысқа тігіліп жүрген «Алтын домбыраны» білесіздер ме, оны 2012 жылы Шымкентте министр Дархан Мыңбайдың тапсырысымен әкем екеуміз жасап шыққанбыз» демесі бар ма? «Алтын домбыраға» қанша алтын кеткенін, оған Ұлттық банктен таза алтын кесектері әкелініп, қалай құйып қаптағанын, жұмыс барысын айтып берді. Осыдан кейін менің көңілімдегі күмән сейілді, көрерменнің де күдігі бұдан кейін орынсыз болар деп ойлаймын. Он жылға жуық ақындарды «таластырып» келген жүлдеге жасанды металл қолдануы мүмкін емес. Қазір «Алтын домбыра» халық өнерінің мұрасындай еліміздің орталық Ұлттық музейінде көзайым болып тұр.

         — «Алтын домбыра» демекші, бүгінде айтыста айтылған шумақтарға қарағанда бәйгеге тігілген жүлде көбірек әңгіме болып жатады…

         — Айтыста айтылған сөзден гөрі, жүлде көбірек айтылады деген әңгіме бары рас. Бір жағынан бұл заңдылық та болуы мүмкін, оған қатты өкпелеудің де қажеті жоқ. Өйткені, үлкен жүлде жүрген жерде үнемі үлкен әңгіме де болады.  Баяғы айтыстарда ақындарға сөз қадірін білетін мырза көңілді, жомарт байлар үйірімен үш тоғыз жылқыны алдына салып берген. Одан кейінгі дәуірлерде рухани мұраларымыз бен салт-дәстүрімізге замананың қара бұлты үйіріліп,  айтысты сақтап қалу үшін аға-апаларымыз тек құмыраға, сағатқа, кілемге ғана айтысқан. Ал енді қазір көлік, тіпті пәтерге дейін тігіліп жүр. Ат бәйгесі болсын, басқа өнерде болсын, үлкен жүлделер тігіледі. Бастысы біз өзіміз үлкен жолдан айнымауымыз керек, ол — айтыста айтылатын сөздің құнын түсірмеу.  Тыңдарман қауым да сол сөздердің құнарын бойға жинақтаса мақсаттың орындалғаны. Қаншама кітап ақтарып, еңбектеніп, ұлылардың аузына, ізіне үңіліп, бал жинаған арадай алып келіп айтқан өлеңіміз шашылмай-төгілмей ел қажетіне жараса. Ақындардың үлкен байлығы сол, ауыздан шыққан сөзді әркім өзінің таным-зердесіне сай тұтынса дейміз.

         — Қалай ойлайсыз, айтыста бағыңыз шапты ма әлде бабыңыз ба?

— Меккеде Арапат деген қасиетті жер бар. Сол жерге қасиетті күн қатар келгенде дұғалар қабыл болып, қасиеті бұрынғыдан да артады деседі. Меніңше бақ пен бап та осылай бір арнаға тоғысқанда бірін-бірі толықтырып тұратын сияқты. Өйткені, қанша жерден бабы келіп тұрса да бағы болмаса өнерде жұлдызың жанбауы мүмкін. Ал керісінше, бағы жанып тұрып бабы келмей тұрса жүлдені алуы мүмкін, бірақ әңгімеге қалып жатады. Осы жолы айтыста екіге бөліп дайындалған соң жаман болған жоқ деп ойлаймын. Әрбір ақын  үлкен жауапкершілікті сезініп дайындалмаса, «Алтын домбыраның» атына сай өнер көрсетпесе көптен ұят. Ел күткен деңгейден шығуға барынша тырыстық,  шынайы бағаны халық өзі береді.

          «Айтыс – қоятын арақ емес»

         — Қызылорда қалалық мәдениет бөлімінің тізгінін ұстадыңыз. Мемлекеттік қызметке жайғасқаныңыз ақындық ауылынан біртіндеп алыстайтыныңызды білдірмей ме?

— Қазақ «балапанды күзде сана» деген. Мәдениет саласын басқаруға келген қызметім бұрыннан таңсық емес. Бұған дейін де осы саладағы ағаларымызға қызмет еттік, көмектестік, қазір де соны жалғастырудамыз. Бұл бір айтарлықтай жаңалық емес, тек бұрыннан істеп жүрген жұмысымызды ресмилендірдік деп ойлаймын. Қызылорда қаласының мәдениетіне елеулі бетбұрыстар жасауға ұмтылудамыз. Қазірдің өзінде пандемиялық жағдайға қарамастан онлайн іс-шараларымыз тұрақты өтуде. Әлеуметтік желідегі парақшамызда ол күнделікті жариялануда. Қала әкімі Нұрлыбек Мәшбекұлының қолдауымен биылдың өзінде қаржылық қиындықтарға қарамай музыкалық аппараттар, театрға қажетті киім-кешектер сатып алынды. «Аспандағы айды алып береміз» деп ешкімге уәде бермейміз, бірақ жұмысқа келгенде қара жерге де қол қусырып қарап отырмаймыз. Қолымыздан келгенше мемлекетке де, халыққа да адал қызмет етуге ұмтыламыз.

Енді айтысқа үнемі шапқылай беруге бұрынғыдай қызметтен, жұмыстан босамауымыз мүмкін. Бірақ «Айтысты қойдың ба деп сұрайды бәрі, айтыс деген  қоятын арақ емес» деп Мэлс ағамыз айқандай, ақындықты түбегейлі қойдым деп те кесіп айта алмаймын. Бойдағы буырқанған қабілет, делебеміз қозып кеткенде кез келген аламанға қосылып кетуім әбден мүмкін. Егер іздеген орта, халық болса «аларымды алып алдым» деп мен неге жатуым керек? «Ізденбеген адам іздеусіз қалады» демекші, өз өзіне көңіл толып, тоқмейілсуге болмайды. Әрдайым ізденіс жолынан таңбай, елдің рухани қажеттілігіне жарасақ деймін.

«Ақындар орындаушылық деңгейде қалып қоя ма деген қорқыныш бар»

— Айтыңызшы, сіздің ойыңызша айтыстың болашағы қандай?

— Өткен ғасырдың тоқсаныншы жылдары мен екі мыңыншы жылға дейінгі аралық айтыстың алтын дәуірі, шарықтау шегіне жеткен кезі болды. Ол кездегі адуынды, арқалы ақындарымыздың әрқайсысы өзінше бір мектеп.   Оразалы, Мэлс, Ақмарал, Бекарыс, Мұхамеджан сияқты бір топ шоғыр талант ұлттық өнерді үлкен бір белеске шығарды. Одан кейін де айтыс ақсап қалған  жоқ, небір қуатты толқын келіп қосылып, күн сайын толықтырып жатты. Бұл жерде Жүрсін ағамыздың үлкен еңбегін де айту керек. Алтынды да сом күйінше қалыпқа бірден кигізбейді, оны әуелі табу керек, қашап, соғып, қалпына келтіру қажет. Сол сияқты, құмның арасынан алтын тапқандай ел ішінде шаң басып жатқан таланттардың үлкен-кішісін, орта жастағысын үлкен аламандарға қосты. Мүмкін форматына байланысты ақылдасатын тұстары бар шығар, бірақ қазіргі айтыстың деңгейі жаман емес. Жұлдыздармен айтыс, тағы басқа жеңіл жолдары емес, сөз бәйгесінің өзінің табиғи таза жолын іздеуіміз керек. Төл өнеріміз қырғыздардағыдай табанасты сурыпсалма табиғатына оралуы тиіс. Біз айтыстың көркемдік деңгейін өсіреміз деп негізгі формасынан  айрылып қалдық. Енді ақындар тек орындаушылық деңгейде қалып қоя ма деген қорқынышымыз бар.

Жалпы, айтыс ешқашан да әдеби деңгейдегі ауыр жүкті арқалаған емес. Ол жедел жәрдем сияқты тез, шаппа-шап, уәжге тоқтам, сөзге байлам, қысқа әрі нақты шумақтармен өрілген. Әрине, ұзыннан толғап айтатын сүре айтыстар бар, ол өз алдына жанр ретінде дами берсе болады. Ал, айтыстың өзі шынайылықтан адасса, жасанды нәрсе кімнің де болса жиіркенішін туғызады. Содан халық алыстап кетсе айтыстың ешкімге де керегі болмай қалады. Сондықтан сөз додасын өзінің табиғи жағдайына икемдесек, болашағынан қорықпаймын,  өйткені артымнан келе жатқан қуатты толқынды көріп айтарым сол.

         — Өзіңіз шәкірт тәрбиелеуге бет бұрдыңыз ба?

— «Шәкіртсіз ұстаз тұл» деген. Міндетті түрде шәкірт тәрбиелеумен айналысудамыз. Еліміздің әр өңірінен сізге шәкірт болсам деп хабарласып жататын өрендер де бар.

Балам озық өрен бол,

Қыз көзіндей терең бол…

  Өз әкеңнен биік бол, 

Өз ұлыңнан төмен бол, — деп Қадыр Мырзалиев жырлағандай, бізден кейінгі толқын бізден қуатты болса өнер дамиды. Мен айтыстың ешқандай да бүгінгі эталоны, жетістігі емеспін. Тек өз тұсымдағы эстафетаны екі аралыққа жеткізуші дәнекерші ғанамын. Бізден кейінгі жол әлдеқайда терең, қабілетті болса, бұлақтың көзін ашуға ықпал етсек біздің ұлттық өнерге қосқан үлесіміз сол, арманымыз да осы.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *