Оқшау ой

Пиротехниканы заңсыз сатушыларға шараны қатаңдату керек

 Жыл жылнамасының жабылуына санаулы күндер қалды. Жұрттың санасына сіңісті болған Жаңа жылда жаппай отшашулар шашу дәстүрімізге айналып кеткен іспетті. Осыған байланысты жыл сайын елімізге заңсыз түрде жеткізілген пиротехникалық заттарды сатпау жөнінде тыйым болады.

Осы тыйымға байланысты бастапқы кезде полицейлер өздерінің жұмыс істеп жатқанын көрсету үшін болса керек, әйтеуір базарларға барып, бірнеше сатушыдан салюттерді тәркілегенін көрсетеді. Бірақ, мұнымен айылын жиған алып-сатарды көрмейсіз. Пиротехникалық заттардың нешеме түрі ашық, кез-келген жерде сатылуын жалғастыра береді.

Біз бұл тақырыпты не үшін қозғап отырмыз? Өкінішке қарай, осы атылғыш заттардың салдарынан зардап шеккендер жыл сайын кездеседі. Әсіресе, жас балалар. Олардың бірі көзінен зақым алса, бірі қолын жарақаттайды. Тіпті, мүгедек болып, тағдырын қиындатып алып жатқандар да жоқ емес. Алдағы уақытта да осындай келеңсіздіктерге жол бермес үшін тыйым салынған заттардың сатылуына қатаң қадағалау қажет. Жеке адамдар ғана емес, базар мен сауда орындарында да саудаға түспеуі тиіс. Қажет болса, пиротехникаларды сатқан сатушыға ғана емес, соған мүмкіндік жасаған базар мен сауда орындарының басшыларын да жауапкершілікке тарту керек. Тіпті бұл үшін қылмыстық жауапкершілік те қаралуы тиіс деп ойлаймыз. Әрине, бұл жерде ата-аналардың да немқұрайлылығы мен жауапкершілігін естен шығамаған абзал.

Жалпы, біздің елде көп нәрсе қағаз жүзінде қалып қоя береді. Қабылданған заң мен қаулылардың, шыққан шешімдердің орындалуы көңіл көншітпейді. Оның зардабын халық тартады. Егер түрлі саладағы шектеулер толығымен орындалар болса бұл халыққа экономикалық жағынан да, ұлт саулығын көтеру жағынан да тиімді болары анық.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *