Қоғам

Шардарадан шыққан ұстаздың ұлы бейнесі

Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері Жалғас Кеңесов – қазақ ән көгінде өшпес мұра қалдырған дара дарын иесі. Ол – әнші, белгілі сазгер, ең бастысы, талай шәкірттің жүрегінен жол тапқан ұлағатты ұстаз еді. Аяулы ұстазың туралы өткен шақта еске алу естелігін жазу қандай ауыр десеңші?!

        Сонау сексенінші жылдары Жалғас ағай Қазақстан орта мектебінде бізге ән-күй пәнінен сабақ берді. Бастауышпен енді ғана қоштасып, 4-сыныпқа көшкен 30 оқушы ән сабағында жапа-тармағай тақтаға ұмтылып, ырғағы келсін-келмесін бар даусымызбен айқайлап өлең айтушы едік. Ағай жаңа әннің мәтінін бір оқушыға тақтаға жазғызып, қолындағы баянның сазды үнімен бір айтып беретін. Бұдан соң сыныптағы оқушыларды бес-алтаудан бөліп, тақтаға шығарып айтқызатын. Біздер балалық па, әлде құдіреті күшті әнге деген құштарлық па, әйтеуір ән сабағын сұмдық жақсы көруші едік. Бұл сабақ аптасына бір рет қана болса да өлең дәптеріміз сөмкемізден түспейтін.

        Сол уақыттағы ұстаздардың білімінің, беделінің күштілігі соншалық нашар оқитын оқушы кемде-кем еді. Балалар жасу, жабығу, торығу дегенді білмейтін. Үйдегі ата-ананың темірдей қатал тәрбиесі, ұстаздардың теңізден терең тұңғиық білімі, қазақ ақын-жазушыларының көркем шығармалары  бізді өмірге құштар етіп тәрбиеледі.                                                                                                                                                                                                                       

      Есейе келе аяулы ұстазымның жеткен жетістіктерін бұқаралық ақпарат құралдарынан оқыған сайын жүрегімді қуаныш кернейтін. «Бақ біреуге тауып қонады, біреуге ауып қонады. Тауып қонса өсіреді, ауып қонса есіреді» дегендей, кей пенденің пешенесіне бұйырмас бармақтай бақтың ұстазыма адаспай қонғанына қуанған ем. Қазақ ән қоржынындағы көптеген әндер Жалғас ағайдың талмай ізденуі мен тынбай еңбектенуінің нәтижесі еді.

Ж.Кеңесов жүзден аса әннің авторы. Әндерін «Музарт», «Каспий» топтары, Н.Өнербаев, М.Ілиясова, А.Мейірбеков, С.Жұмағалиев, Б.Сәмединова, А.Жорабаева және басқа да көптеген әншілер орындап жүр. Ұстазымыздың өнер жолында марапаттары жетерлік. Оның барлығын тізбектеудің қажеті де жоқ шығар. Бірақ 2007 жылы Шәмші Қалдаяқов атындағы «Менің Қазақстаным» атты халықаралық байқауда «Ең үздік композитор» номинациясы бойынша бас жүлдені жеңіп алғаны ол кісінің шабытына шабыт қосқаны анық.

     Аяулы ұстазым, өткен жылы пандемия кезінде кенеттен қаза болды. Жалған дүние-ай десеңші. Ағайын-туысты, ел-жұртты, бала мен бауырды бір сәтте қиып, о дүниелік болып кете бердіңіз-ау. Заманымыздың заңғар жазушысы ұлы Мұхтар Әуезовтің шәкірті, академик, сөз зергері Зейнолла Қабдоллов «Мен – ұстазға жарыған адаммын» дегендей Сіз сан шәкірттің жүрегінен жол тапқан, ақ сөйлеп, анық басуды үйреткен ұстаз, деген ұлы есімге лайықты жан едіңіз. Болашақта ән әлемінде атыңыз алтын әріппен жазыларына сенеміз. Өйткені қазақ эстрадасының жарық жұлдыздары орындап жүрген, сазы мен сөзі керемет үйлесім тапқан, жанға жайлы, жүрекке жылы тиетін көптеген әсем әндер сіздің туындыларыңыз.

     «Ат та, әйел де ер жігіттің бағына қарай» дегендей, ағайдың жан жары Тұмар апай бізге 7-сыныпта химияның қызықты сырларын меңгертті. Апайдың сабырлы да байсалды көзқарасы, нағыз ұстазға ғана тән орнықты мінезі өзгеше болатын. Ауылдық жерде қиын пәнге мамандардың тапшылығы болса керек, ол кісі барлық жоғары сыныптарға химиядан сабақ беретін. Екеуі аққудың қос қанатындай болмыс-бітім жағынан бірін-бірін толықтырып тұратын. «Жақсы әйел айдың сәулесі сияқты, есікті жапсаң, түндіктен түседі» дегендей, ер жігіттің абыройын асырып, беделін биіктететін Тұмар апайдай асыл жарлар аман болсын. Ұлт үшін, келер ұрпақ үшін керемет рухани дүниені жарыққа шығаратын Жалғас ағайдың ізбасарлары көбейе берсін.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *