Қоғам

Ұлтшылдықтың қасында ұлтсыздық қауіпті

Ұлтшыл. Көп адамның бұл сөзді естісе кірпідей жиырыла қалатыны рас. Себебі Кеңес Одағы кезінде тікелей мағынасы бұрмаланып, біз мұны экстремист, арандатушы деген мағынада түсініп, қабылдап келдік. Сөйтіп, «ұлтжанды» сөзімен ауыстырып, тігісін жатқызған болдық.

Ал, шын мәнінде солай ма? Қазіргі таңда еліміз тәуелсіздігін алып, жұмыр жердегі жарты әлемге танылып отырған кезеңде әр нәрсені өз атауымен атайтын мезгіл жеткен сияқты. Егер тереңнен пайымдасақ, әр адам өз халқының нағыз ұлтшылы болуы тиіс деген. Себебі, ұлтшыл – туған халқының тілін, дінін, салт-дәстүрін, әдет-ғұрпын, тарихын, музыкасын жан-тәнімен сүйетін жан. Яғни, нағыз патриот. Ал, енді осыдан басқа нәсілдерге қандай да бір зиян келіп жатыр ма? Қайта өз ұлтын ұлықтаған адам өзге жұрттың да әдет-ғұрпын, мәдениетін, қадір-қасиетін құрмет тұтады емес пе?

Қазақ халқының азшылыққа ұшырауы, ділінен, тілінен, дінінен айырылып, тарихи отанында ассимиляцияға ұшырай жаздауы біздің ұлтшылдығымыздан емес, қайта ұлтсыздығымыздан ба деп ойлаймын. Ұлтшылдықтың қасында ұлтсыздық қауіпті. Өйткені, ұлтсыздықтың көрінісі ол – халықтың мұң-мұқтажына немқұрайлы қарау, керек болса, арман-мүдделерін сату. Оған дәлел, кешегі кеңестік Қазақстан жағдайындағы ұлтымыздың мұңын мұңдап, жоғын жоқтаған небір асыл азаматтарымызды сол кездегі шолақ белсенділердің саусақ шұқып көрсетіп, қолдан «халық жауы» жасауы еді.

«Домбыра мен қобыз ескіліктің қалдығы, бұларды қойып, еуропалық музыканы дәріптейік, дін — апиын, мешіттерді құрту керек, ортақ тіл — орыс тілін үйренейік», – деп ұрандатқандар да осы ұлтсыздар болатын. Қазан төңкерісінен бұрын-ақ қазақ елінде бүкіл бітім-болмысы нағыз ұлттық рухпен суғарылған ақыл-ойдың мықты ядросы қалыптасып еді. Осы алыптар шоғыры өмірге әкелген «Алаш» партиясының елдікті, теңдікті көксегені тарихтан белгілі. Бірақ сағат тіліндей кінәратсыз жұмыс істейтін кеңестік мемлекеттік машина коммунистік идеология үшін тосын ойлы бұл партияны көп ұзатпай-ақ жаншып тастады.

1937-38 жылғы зобалаңда ұлтымыздың елім деп еңіреген небір жақсылары мен жайсаңдары атылды, асылды, одан қалса итжеккенге айдалды. Мұнан кейінгі кезеңдерде Қазақстанда экономика, ғылым, мәдениет қарыштап дамығанымен, жалпы алғанда халқымыздың бойындағы ұлттық намыс, ұлттық рух бірте-бірте бәсеңси бастады. Себебі, сірескен коммунистік идеологияның ұраны Кеңес Одағы деп аталатын осынау алып империяны мекендеген бірнеше жүздеген ұлттар мен ұлыстардың әдет-ғұрпы, діні мен тілімен санаспай, түрі – ұлттық, мазмұны – социалистік ортақ тіл, ортақ мәдениет жасау болатын. Міне, осының салдарынан қаншама нәсілдің ғасырлар бойғы қалыптасқан салт-дәстүрлері ұмытылды, бірнеше ондаған тілдер тіптен жер бетінен жойылып кетті. Миллиондаған халықтың ішінен бірен-саран жанынан безген, өзгеше ойлайтын жекелеген диссиденттер болмаса, көпшілік қауым қазақ халқының тәуелсіздігі, тілі мен дінінің бостандығы жөнінде ашық айтуға қаймығып, өз көлеңкесінен үркетін жағдайға жетті. Қызыл саясаттың адам жанын жаулап алудағы құдіреттілігі сондай, қазақ болып туылғанына өкінетін, өз ұлтының мәдениетіне, әдет-ғұрпына шекесінен қарап, ана тілінде сөйлеуге арланатын тұтастай бір маргинал ұрпақты қалыптастырып та үлгерді.

Әлемді дүр сілкіндірген Желтоқсан оқиғасына аға буын өкілдің тап басып әділ бағасын бере алмауы, не болмаса атой салып жастармен бірге алаңға ұмтылмауы, тіпті, әрі-беріден соң болып жатқан жағдайларды түсіне алмай, әрі-сәрі күйге түсуі ұлттық сананың төмендігі, ұлттық рухтың бәсең тартуының айқын көрінісі еді.

Иә, ұлттық рух туралы ойлағанда көз алдыңа жапон халқы елестейді. Екінші дүниежүзілік соғыста ойсырай жеңілген жапон мемлекетінің алдында орасан зор міндеттер тұрды. Ол – елді мына тығырықтан алып шығу және дамудың тиімді жолын айқындау болатын. Сондағы ақылды бастар ұсынған идея халықтың ғасырлар бойы қалыптастырған әдет-ғұрпын негізге ала отырып, самурайлық рухты жандандыру арқылы дамудың даңғыл жолына түсу еді. Бұл орайда, ең бірінші кезекте Отанның болашақ иелері – жас өскін тәрбиесі мықтап қолға алынды. Бала тәрбиесінің жан-жақтылығын қамтамасыз ететін «Ямаха» деп аталатын керемет жүйе өмірге келді. Бұл жүйе бойынша жас жеткіншектер өнердің бір түрімен міндетті түрде шұғылдануы тиіс болды. Ал, өнермен айналыспайтын бала толыққанды адам ретінде қалыптаспайды деп есептелінді. Осылай мемлекеттің болашақ қожасы жапон ұлтын ізгілендірудің алғышарты жасалынды.

Міне, осындай мемлекеттік деңгейде жүргізілген орасан зор жұмыстың нәтижесінде бас-аяғы 20-25 жылда адам таңқаларлық жапонның небір кереметтері дүниеге келе бастады. Қазіргі таңда бұл мемлекет өзінің ұлттық тұтастығымен, ата-баба қалдырған әдет-ғұрпын заман ағымымен шебер ұштастыра отыра әлемдік өркениетте дамудың даңғыл жолына түсті. Бүкіл ұлттық ерекшеліктерін қазіргі цивилизация талаптарымен керемет қабыстыра білген жапон халқы біздегілер қасындағы қандасын кемсіткенде айтатындай «мәмбет» болмай-ақ, ғаламдық көкжиекте сүйкімді көрінді.

Ал, енді өзімізге келсек, әлемге танылу үшін өзге тіл мен жат мәдениетті игеру арқылы алдыңғы қатарлы жетілген адам болып көрінгіміз келеді. Сонда бұл не? Қағынан жеріді деген осы ма? Қайта қазақ деген ұлт екенімізге, бабаларымыз қалдырған ұшан-теңіз руханиятпен мақтанатын күн туған жоқ па? Қазіргі кезде «жаңақазақтар» деген ұғым пайда болды. Бір ғажабы осы сөзді төлқұжатта «қазақ» деп жазылмасын, бірнеше мемлекеттік тіл болсын деп көкіген, айтыс пен терме көрсе тыржия қалатын, асфальтта туылып, тілдері орысша шыққан, бет-бейнелері әбден еуропаланып біткен, шортик киіп, сағыз шайнаған мырзаларға қарап айтылатындығы. Сонда өзге жұртқа қазақ деген ұлтты танытатындардың сиқы осылар болғаны ма?

Бүгінгі таңда еліміздің ұлттық идеологиясы бос кеңістік күйде тұр. Идеолог көсемдеріміз халықтың ұлттық рухын жалындататындай әлі күнге дейін мемлекет деңгейіндегі өздерінің сөздерін айтқан жоқ. Ал, жалпы жұрт қандай да саясат болмасын шаруалары шамалы, таңнан қара кешке дейін алаөкпе болып, «қайтсем бала-шағамды асыраймын?» деп шарқ ұруда.

Иә, біз қазір әлем таныған тәуелсіз ел болдық. Бірақ осы тәуелсіздігіміз бір формациядан екінші формацияға, яғни социализмнен капитализмге өту кезеңімен тұспа-тұс келді. Осы бір алмағайып заманда бәрін де сатып алуға, не болмаса сатуға болады деген психология өңмеңдеп тұрған кезеңде халқымыздың жарқын болашаққа деген сеніміне сызат түспей, ата-бабаларымыздың қанында бар буырқанған өршіл рухы, ұлттық намысы көмескіленбесе екен деген ой келеді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *