Өмірдің өзі

Қырыққабат егіп, қандастарын қыдыртқан мұғалім

          Мен өзімнің осы қара шалдың қызы болып туғаныма мақтанамын да, қуанамын да. Сөзімді әріректен бастасам, сонау елді ашаршылық жайлаған тұста нағашы апамыз қолындағы баласының амандығын ойлап, Ташкент  ауыпты. Ондағы бір жамағайынды жақын тұтып паналапты. Қиындықпен  күндер өтіп, жылдар жылжи береді. Бірақ, туған жері, кіндік қаны тамған  атамекені ойынан шықпайды. Ұлына «саған ел керек, туған жеріңді табуға тиіссің» дей берген соң әкеміз жиылып-терініп, атамекенге бет бұрыпты.

       Әкем Құрал Әбенұлы апасы айтқандай елге көшіп келеді. Жалғыз емес, бесеу болып оралады. Жары Базаркүлмен Алматыда оқып жүріп, көңілдері  жарасып, оқуды бітірген соң үйленген. Алматыдан бірі химик, бірі тілші болып  келіп, Ташкентте жұбайлық өмір жолдарын бастап кеткен екен. Мектепке орналасып, жұмыстың қызығымен сан жылдар өтіп, әкем жалпы сырттай мектептің директоры, шешем «Ленин юли» газетінің қазақ бөліміндегі редакторы болып жұмыс істеген. Үйде шешеміз қашанда өз тілімізді бұрмаламай, шүлдірлемей, таза сөйлеуімізді қадағалап отыратын.

         1986 жылдың жазында көшіп келдік. Келген бойда мұғалім болып орналасқан әкем мектеп жанындағы участкіге көкөніс егеді. Өзі жетекшілік ететін екі сынып оқушыларын ертіп, қай дақылды қалай егуді, оны күтіп- баптауды үйретеді. Орталықтағы баудың ішіне орамжапырақ егіп, балалардың  пәк көңілі мен еңбегінің нәтижесінде әрбір басы төрт-бес келіден кем болмады.  Көкөністі егіп-баптаудан жаңылмаған әкем оны енді сатып, пұлдауда өте қатты  қиналады. Тіпті, күндіз күлкіден, түнде ұйқыдан қалыпты. Оның  ұрланатынынан емес, «қайда апарып өткізем, босқа шіріп кете ме?» деп  қорқады. Сол кезде әкеме серік болып көк жигулиден түспеймін. Анда барып, мұнда барып, болмаған соң Ташкенттегі кәріс досына «сен тұздайсың» деп мәжбүрлегендей болып орамжапырақты үйінің алдына төгіп тастады. Баяғы достығын сыйласа да сол кәріс азаматы бір уыс ақша ұстатты. Ақшасы қолына тигеннен кейін ғана әкемнің жүзіне қан жүгірді-ау. Үй ішімізбен күнде қандай жаңалық болар екен  деп әкеме қараймыз. Таңертеңгі отбасылық жиналыста бөлініп берілген жұмысты істеп жүріп те ойлайтынымыз «қалай болар екен?» болды.

Сонымен қолында ақшасы бар, бірақ енді уайым одан да күшейді. Бұл  ақшаны кімге, қалай бөліп берем деген уайым. Балаларға берсе басшылық бар,  басшыларға берсе балалар бар. Содан бар ауыртпалықты өз мойнына алып,   аудандық кәсіподаққа барып, балаларға Ресей қалаларын аралауға жолдама  алып келеді. Мұны естіген басшылық та аң-таң, ауыл да аң-таң. Балаларға  жаңалықты айтқанда қуаныштары қойындарына сыймай, әке — шешесіне  жүгірген. Кешке қарай бес-алты ата-анамен балалар үйге келіп тұр: «Біз баламызды жібермейміз, сен оларды Ресейді көрсетем деп алдап, сатып  жібересің», — дейді. Міне, қызық!

Таңертең ерте тұрып, «машинаға мін» деп бұйырды. «Жаппарқұлда жан  бар ма»,  бригадада жұмыс істеген әр баланың үйіне біртіндеп кіріп,   саяхатқа барудың, ел-жер көрудің қызығын, уақытты тамаша өткізетіндігін  айтып жалынады. Сондағы әкемді аяғаным-ай! Адам деген осыншама тағы бола ма деп ауылдастарға ренжіп, қатты қиналғаным есімнен кетпейді. Сонда да көп  ата-ана балаларын жібермей, орнына мұғалімдер, олардың әйелдері барды. «Қайдасың Мәскеу?» деп Шымкенттен пойызға отырып кеттік.

Әкем Өзбекстанда жүргенде достары көп болатын. Жылда жаз айларында шешем екеуі курортқа немесе бізді ертіп Киевке, Самараға, Владивостокқа, Ленинградқа апарушы еді. Сондай достардың бірі Мәскеуге барғанда күтіп  алды. Алдын ала хабарласқан әкем «балалармен барамын, көмектесерсің» деген  ғой, біздерді көрген соң таңданып, «Курал Абенович, где ваши ученики, эти…»  деп ылғи әйелдерді көрсетіп, басын шайқайды. «Ну, Курал Абенович, друг  мой» деп таңдана үлкен автобусқа отырғызып, қонақ үйге орналастырды. Тамақтанып болған соң Кремльді, ВДНХ-ны көрсетіп, Брест қаласына алып  барды. Ол жер соғыстан кейінгі естелігі көп, тарихи көне қала болғандықтан көп күн аялдадық. Қаланы аралап болған соң Орел қаласына келіп, орыстың  ұлы жазушыларының музейлерін тамашаладық. Бұл естелік 1987 жылы болған  оқиға. Ал, саяхатты ұйымдастырған менің әкем. Әркім де әкесі туралы айта  алады, жаза да алады. Мен әкемнің елге кеш келсе де осындай өмірдің өзінен алынған естелігі бар тұлға ретінде есте қаларлықтай еңбегі барлығын айтқым  келді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *