Басты жаңалықтар Мәселе

Арыстың әкімі уәдесін жиі ұмыта ма,

  әлде арызданушының жанайқайы жалған ба?

Арыс қаласындағы әскери қоймада жарылыс болып, одан тұрғындардың елеулі зардап шеккеніне жуырда екі жыл болады. Әрине, Мемлекет басшысынан бастап барлық деңгейдегі тиісті сала басшылары, тіпті қарапайым халық та жапа-тармағай көмек қолын созып, отандастарын қиындықта жалғыз қалдырмады.

Ресми мәліметтерге сенсек, ешкім де қолдаусыз қалмаған. Зардап шеккен отбасылардың барлығына көмек көрсетіліп, шығын орны толтырылған. Зақымданған баспаналардың барлығы да қалпына келтірілген. Алайда, шынайы көрініс бұл айтылып жүрген мағлұматтан өзгешелеу секілді. Бұлай деуімізге редакциямызға хабарласқан Арыс қаласы Теміржолшы ауылының тұрғыны Асылхан Медетовтың жанайқайы себеп болды. «Осы кезге дейін мен қақпаған есік қалмады. Бірақ, біреуі де көмек қолын созбады, ал Арыс қаласының әкімі берген уәдесінде, айтқан сөзінде тұрмады, — дейді А.Медетов. – Жарылыстың салдарынан үйіміз жарамсыз болып қалды. Қала әкімі Мұрат Қадырбек мамандарымен бірге үйді екі рет көріп кетті. Екі келісінде де жаңа үй салып беретінін айтқанда қуанып қалдық. Бірақ сөзі жалған болып шықты. Біздің Теміржолшы ауылында зақымдалған үйлердің 3-4-еуі жөнделмей қалды. Соның бірі менікі. Далада қалатын болғандықтан ағайын-туыстан қарызға ақша алып, шлакоблоктан үй тұрғыздым. Ол әлі толық біткен жоқ. Үйдің іші салқын болғандықтан балаларыммен бірге екі бөлмеде тығылып отырмыз. Ал қарыз бергендер ақшаларын қайтаруды сұрап отыр. Не істерімді білмей, тығырыққа тірелдім».

Арызданушы азаматтың мына жанайқайы бізді бей-жай қалдыра алмай, Арыс қаласын бетке алдық. Алдымен қалалық әкімдікке табан тіредік. Біздің не шаруамен жүргенімізді білген күзетшілер әкімдік ішіне кіргізбеуге тырысып бақты. Сәлден кейін қала әкімінің орынбасары Рысдәулет Айтбаев қалалық құрылыс бөлімінің басшысы Темірхан Сатыбалды мен өзге де тиісті мамандарды шақыртып, кіші залда қабылдады. Арызданушы Асылхан Медетов қала әкімінің орынбасары Ербол Ақтаевтың 24.10.2019 жылғы № 4247 шығыс нөмірімен жазылған жауап хатын көрсетті. Ол хатта: «…Арыс қаласы, Дермене ауылдық округіне қарасты Теміржолшы ауылы, Бәйтерек көшесі, №6 мекенжайдағы үйіңізге сараптама нәтижесінде жасалған ақау актісіне сәйкес күрделі жөндеуден өткізу керектігі қорытындыланып, Арыс қаласының «Құрылыс бөлімі» мемлекеттік мекемесі басшысымен бекітілген…», –  деп жазылған. Бұл жауап бір емес, бірнеше рет берілген екен. Жауап хатты оқыған құрылыс бөлімінің басшысы Т.Сатыбалды бұл мәселені басқармадан сұрап білу керектігін айтып, жауаптан жалтармақ болды. Бірақ қала әкімінің орынбасары Р.Айтбаев: «Оның несін сұрап, анықтау керек. Өздеріңнің хаттарың тұр. Онда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізілу керектігін көрсеткенсіңдер. Енді жауап беруіміз керек», – деп жөн сөз айтқанымен, құрылыс бөлімінің басшысы өз жауабын қайталап, екі күнде нақты жауабын айтуға сөз берді. Содан бері екі күн емес, екі айға жуық уақыт өтсе де тырс еткен хабар жоқ. Жоқ іздеп емес, жауап іздеп Т.Сатыбалдыға қайта байланысуға мәжбүр болдық. Кейін құрылыс бөліміненмін деп хабарласқан бір маман бастығының еңбек демалысына шығып кеткенін, оның атына жазылған хатқа жауап жазу өзінің құзіретіне кірмейтінін айтты. Сонда қалай, арыстық шенеуніктер шеттерінен жалған сөйлейтін болғаны ма? Ал қарызды қайтаруын сұрағандар А.Медетовты күн құрғатпай мазалаумен келеді екен.

Осы оқиғадан кейін арада бірнеше күн өткенде бейтаныс біреулер А.Медетовты көлікке отырғызып, қалалық әкімдікке алып келіпті. Онда құрылыс бөлімінің бір маманы қабылдап, «әкім қалтасынан ақша шығарып, үйіңді жөндеп бере алмайды» деп айтыпты. Сол кезде қала әкімінің өзі де келіп қалып, үйін жөндеп беретінін тағы қайталаған. Бір түсініксізі, неге оны әкімдікке атын айтқысы келмеген бейтаныс азаматтар көлігіне мінгізіп әкеледі. Әлде бұл оған «тыныш жүрмесең…» деп доқ көрсеткені ме екен?

Заңды түрде жөнделуі тиіс бұл кісінің үйі неге назардан тыс қалды деген сұраққа біз де жауап іздедік. Арызданушы А.Медетовтың жұбайы Гүлмира Ағыбаеваның айтуынша, жөндеу жұмыстарының кешігуі себепті осы ауылдағы 2-3 отбасы Президентке арыз жазған екен. «Әкімдер осы әрекетімізге ерегіссе керек, осы отбасылардың баспанасы ақыры жөндеусіз қалды», — дейді ол.

Қазақта «Жыламаған балаға емшек жоқ» деген сөз бар. Ал, Арыста ақиқатын айтқандарға әкімдіктегілер арқасын тосатын болғаны ма? Әйтпесе неге басқалардың үйі жөнделіп, арызданғандар далада қалады? Бұған дейін екі рет үйіңді жөндеп береміз деген Арыс қаласының әкімі Мұрат Қадырбек жуырда тағы да уәде бергенге ұқсайды. «Уәде – Құдай сөзі», одан тайқу имансыздың ісі, екіжүздінің сипаты. Ал біз Арыстың әкімі Мұрат Болатұлын имансыз, екіжүзді деп ойламаймыз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *