Қоғам

Гүлшаттың жапқан нандары-ай!

Сарыағаш ауданының Ақжар ауылында тұратын көпбалалы Төребековтер отбасы нан жауып, оны сатумен айналысады. Бүгінде бес бала тәрбиелеп отырған жас отбасы осылайша жеке кәсіптен нәсіп табуда.

— Бүгінде күнкөріс көзін табу оңай емес. Оның үстіне шиеттей бала-шағаны қатарынан кем қылмай өсіру керек. Ауылды жерде тұрақты жұмыс көзі жетіспейді. Ал, кәсіп ашу үшін де ол үнемі сұранысқа ие іс болуы тиіс. Ойласа келе ауылдастарға нан жауып, сатуды қолға алдық. Жолдасым Нұрбол бастапқыда өзбек ағайындарға жапқызсақ деп ойлаған еді, кейін келіскен наубаймен байланыса алмадық. Бірде ойламаған  жерден өзіміздің нан жабатын  қандастарымыз кезігіп қалып, үйге алып келді. Солай нан жабуды үйреніп, кәсіп бастадық, — дейді көпбалалы ана Гүлшат.

         Алғашында кәдуілгі электр пешін  алып, бастаған. Қазір екінші пеш те іске қосылып, шаруасы ұлғаюда. Қамыр ашытатын арнайы миксер сатып алып, істі бастауға барлығы үш жүз мың теңгеден астам қаржы жұмсаған. Бүгінде күніне жүз, жүз елу нан жауып, ауылдағы бес дүкенге таратуда. Кейде, тіпті нан жетпей қалатын күндер болады. Арасында шағын жиын жасайтындар да арнайы тапсырыс береді.

         — Жалпы, жасауға болатын, қолдан келетін іс. Жұмысы да оңай емес, әрине. Қамырдың бабын келтірмесең, нанның сапасы да жақсы болмайды. Бірақ, әрбір істің өз қиындығы болатынын ескеріп, бастаған ісімізді тастамақ емеспіз. Енді тиісті орындардан осы кәсібімізге қолдау, қаржылай көмек көрсетілсе. Яғни, «балық емес, қармақ сұраймыз». Алдағы уақытта осы бағытта ізденіп, кәсібімізді кеңейткіміз келеді, — дейді кәсіпкер отбасы. 

         Төребековтердің алдағы мақсаты шағын пештен бастаған ісін үлкен наубайханаға айналдыру екен. Ол үшін арнайы мемлекеттік грант немесе несие көздері қарастырылса дейді. Қазір көпбалалы отбасы Ақжар ауылы бойынша нан жауып, сатумен айналысатын жалғыз кәсіп иесі болып тұр. Аз ғана жапқан  нан кейде жетпей қалып жатады. Жұмысшылар алып, оларға айлық төлейтіндей жағдайға жетуді жоспарлауда. Өнімнің сапасы мен тазалығына баса мән беретін келіншек нанның әр данасын сексен теңгеден сатуда.

         — Өзім ертелі-кеш жұмысқа барып келетіндіктен, үйде нан жауып жеуге мұрша бола бермейді. Сондықтан, сатып алып жейміз. Гүлшаттың жапқан наны өте дәмді, таза әрі сенімді қолдан шыққан, үйде пісіріледі. Бағасы да қалтаға қонымды, — дейді риза болған  ауылдастары.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *