Өмірдің өзі

«Бір топ қасқырдың қоршауында қалдым…»

Төлеби ауданының «Сегізінші март» ауылында тұратын Қалшабек Мәлікұлы жастайынан тауға шығып, аң аулауға құмар болыпты. Өзі туып-өскен Сайрам су тауының шыңына өрмелеп,  аң-құсын аулаған аңшының қызықты әңгімелерін өз аузынан жазып алып, оқырмандар назарына ұсынып отырмыз.

         — Кейінгі жылда денсаулығым аздап сыр беріп, аңға шығуды азайттым. Бірақ, тауға жиі барып тұрамын. Ең алғашқы олжам қанжығаны майлағанда  сегізінші сыныпта оқитынмын. Қысқы демалыста ағам, мен, ауылдасым үшеуміз елік атуға шықтық. Жолда балалықпен қасымдағылардан бөлініп қалдым. Адассам да үлкендерден естіп өскенім бойынша жолды шамалап келемін. Еліктер құзда, тау-таста емес, ылди мен сай-салада, бұғылардың арасында жүретінін үнемі айтып отыратын. Бір кезде үш метр жерден секең етіп бір елік шыға келді. Әкемнің мылтығымен атып кеп жібердім. «Атқан оғым далаға кетті» деп топшылап тұр едім, жануар бір бұтаның арасына кірді де шықпай қалды. Содан бұтадан көз алмай, қасына келсем елік құлап жатыр.  Кіндік тұсына бір оқ тиген екен. Ірі жануарды ең алғаш атып алғаным осы болды.           

Әкем Мәлік аңшылыққа қатты құмартатындықтан, аңға бірге шығатындар біздің үйге жиі келетін. Үстілері су-су болып оралған олар шай ішіп, бойлары жылығаннан соң әңгіменің тиегін ағытады. Мүлт кеткен тұстары мен көздеген нысананы қалт жібермеген сәттерін бір-біріне айтып жатады. Бұл отырыс түн ауғанша жалғасса да, ұйықтамай тыңдайтын едім. Әңгімелерінің қызығына шомып, «Мен де қашан аң аулауға шығады екенмін?!» деп армандайтынмын.

Аңның жел өтінен және шығыс жағынан бармау керек, оларға ық жағынан жақындаған дұрыс екенін аңшылардың әңгімесінен түсіндім. Егер олай әрекет етпесең, мылтық пен адамның иісін сезіп қояды деуші еді. Әкемнің кеңестерін естіп өстім. Ол кісі буыным қатайып, мылтық ұстауға жараған кезімде мені өзімен бірге аң аулауға алып шығатын болды. Сол кездер әлі есімде. Әкем екеуміз екі жылдай аңшылықпен айналыстық. Кейіннен мылтығын біржола  маған тапсырды.

        Негізі Бетпақдаладағы аңшылық бір бөлек, ал тауға шыққан мүлдем басқа нәрсе. Мектеп бітіргеннен кейін ен даладағы отарда колхоздың қойын бақтым.  Бірақ тауға шыққым келеді де тұрады. Бір күні әкемнен рұқсат алып, түнде жалғыз жол тарттым. Қойшылардың аты шабандау болып, жүрісі өнбеді. Баяу жүріспен қырғыз шекарасындағы Шүңкілдекке келгенде атымды байлап, таң атсын деп бір қырқаға барып жаттым. Бір сағаттан кейін таң атты. Қарасам тауешкілер жайылып  жүр. Атайын десем, арамыз алыстау. Оқ тимей қалса бәрін үркітемін деп ойладым. Содан бір қыр асып баруға тура келді. Таудың ауа қысымы тар, жолы жүрген сайын ұзарып кетеді. Ал, қыратпен жүрсең, жел кедергі етеді. Сонымен не керек, қыр асып келгенімше, күннің көзі қызып қалды. Сағат үштен асқан кез еді-ау шамасы. Таңертең ғана жайылып жүрген  тауешкілерім жоқ. «Қайда кетті, елу шақтысы жүр еді ғой» деп қоямын. Сөйтсем олар жайылып-жайылып, жатып қалған екен. Мені алыстан көріп қойып, біреуі орнынан қарғып тұрып, ысқырынып, басқаларына белгі берді. Сол мезет бәрі өре түрегеліп, одырайып мен жаққа қарады да, қарсы бетке қарай қаша жөнелді. Қосауызбен атып салып едім, құзға қарай топтанып қашты. Топтан бөлінген біреуінің ізімен ілесіп келемін. Дүрбімен қарасам, жараланыпты. Құз үстінде артқы аяғы салбырап тұр, жақын бару мүмкін емес. Содан кешке дейін соны қуалаумен  болдым. Мені өзіне еш жақындатар емес. Кеш те батты. Тауешкінің қасына елу метрдей жақындадым. Мылтықты қолыма алып, көздеп тұрып аттым. Оқ дәл тиді. Бірақ, жануар биіктігі жүз елу метрдей құздан құлап кетті. Құздың етегінде алдыңғы жылдан қалған қар жатыр екен. Соның үстіне барып түсті. Енді ол құзға бару үшін жаңа ат байлаған жақтан  қайта айналып келуім керек. Атымды жетектеп, айналып жеткенімше түн болды. Олжамды ылдиға қарай сүйреп, қураған ағаштарды жинап, от жағып,  жарық қылдым. Сөйтіп соя бастадым. Өзі де тым үлкен екен. Мүйізі де ұзын. Терісін ашып, етін боршалап болғанша түн жартысынан ауды. Күн суып кетті.  Содан етін қоржынға салып, атыма мініп, ауылға қарай тарта жөнелдім. Аттың аяғын тас жеп қояды ғой. Біраз жүргеннен кейін болдырып, жүрісі баяулады. Амал жоқ, жетектеуге тура келді. Бір кезде тіпті, жүруге жарамай қалды. Сөйтіп атты қалдырып, етті бір жерге үйіп, үстіне атылған патрондарды тастап кеттім. Жаяу тартып келемін. Бес сағат жүріп, таң қылаң берер сәтте үйге жеттім. Таудың жағдайын жақсы білетін байғұс әкем «мына бала құздан ұшып кетті» деп төсекте жылап жатыр екен. Екі сағат тынығып алған соң інім екеуміз құнан мен есекке мініп, кешегі жерге қарай тарттық. Барсақ, атымның үстін қырау басып қалыпты, ет орнында тұр. Кешқұрым ауылға жеттік. Етті таразыға салған едік, 90 келі шықты.

Бұл аңшылық хикаяларымның бір үзік бөлігі ғана. Аңшының аңсағаны әркез бола берсін бе? Тауешкілер талай рет төбемізден секіріп кетіп, атқан оғымыз мүлт кеткен сәттер де көп, әрине. Таулы аймақтарда қасқыр аулау географиялық жағдайына қарай қызықты әрі қиын болады. Жас кезімізде талай соңына түстік. Бірде қосауыз мылтығымды алып, түнде қос қасқырдың ізіне түстім. Дүрбімен қарасам сонадайда кетіп бара жатыр екен. Отыра қалып белден асуын күттім. Айналып сайға қарай барсам, із кесіп өтпепті. Демек, жақын жерде жатыр деген сөз. Ақырын бұқпалап келіп қарасам, үлкен қалың аршаның арасына кірген екі із бар да, шыққан із жоқ. Бірақ, қалың аршаның арасына жақындау мүмкін емес. Жартастың үстіне шығып, аңдып отырдым. Бір кезде бірі, соңынан екіншісі шықты. Екіншісі үлкендеу екен, шамасы арлан болса керек. Біріншісін атып едім, әлгі қалыңның арасына кірді де жоқ болып кетті. Іле-шала арланды да атып қалдым. Оқ дарымаған-ау, ізіне қарасам қан жоқ. Алғашқы атқан қасқырдың ізіне келсем, қалың бұтаның ішінде өлі күйі жатыр.

Бір топ қасқырлардың қоршауында қалған кезім де болған. Қолымда мылтығым бар, өзім жаяумын. Жаздағы малшылардың мал айдаған соқпағымен келе жатырмын. Алдымдағы жолдан басқа еш нәрсе көрінбейді. Бір кезде бірнәрсе сақ-сақ етеді, ойымда ешнәрсе жоқ. Қыратқа көзім түскенде бір-екі қасқырдың сұлбасын байқап қалдым. Әлгі сақылдаған дыбыс солардың тісі екен. Кейін байқадым, мені қоршап алыпты. Дереу есімді жидым да мылтығымды алып, қыратта көрінген сұлбаға шамалап атып жібердім. Сол-ақ екен, әлгі дыбыстар сап тиылды. Таң атқан соң қарасам айналам тола із. Алла сақтап, аман қалыппын. Жалпы, қасқыр өте ақылды, иісшіл аң. Аңшылық ғұмырымда екі рет қасқыр атып алдым. 

Сайрам су тауының биіктігі 4238 метр болса, соның 3000 метріне шықтым деп айта аламын. Ұлым да тауға шыққанды, табиғатты тамашалағанды ұнатады.  Бірақ, аңшылыққа қызықпай-ақ қой деп отырамын. Өйткені, соңғы кезде аң аулаудың шектеулері көп, қиындап кетті. Ал, одан да ең маңыздысы, аңшылық деген құмарлықпен тең. Оған бір қызығып, соңына түскен адам дүниені ұмытады. Тіпті, оқу оқып, дүние жинау, жұмыс істеуді де осының жолына пида қылады, — деген Қалшабек аңшы аңдардың әрекетіне қарап, ауа райын да болжай алатынын айтады.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *