Біле жүріңіз

Жұлдыздардың жүз концерті — Шымкентте!

«Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» МКҚК директорының міндетін атқаруға білек сыбана кіріскен Сәкен Майғазиев жақында жұмыс жоспарларымен таныстырып, БАҚ өкілдеріне брифинг берді. Басшының мәлімдеуінше, қалалық мәдениет үйі алдағы уақытта жаңа жобалар арқылы үлкен жетістіктерге жол ашпақ.      

— Алдағы уақытта атаулы даталар бойынша 9 мәдени іс-шара, сонымен қатар республикалық байқаулар, шетел өнерпаздарының бірнеше концерттері мен республикаға танымал «Өнер жұлдыздарының 100 концерті — Шымкентте!» атты концерттік бағдарлама ұйымдастыру жоспарымызда бар. ҚР Мәдениет және спорт министрлігімен бірлесіп атқарылатын мәдени іс-шаралар бойынша «Мәдениеттер тоғысы» І республикалық фольклорлық форум-фестиваліне, ҚР Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған «Сырлы саз — Нұрлы Отанға» керуен пойызы, «Әлем саз» І халықаралық фестиваліне және «Сәлем, Елорда!» ІІ республикалық өнер фестивалі аясында өтетін іс-шараларға қатысу ойда бар. Сондай-ақ, өнерпаздарымыз Ақтау, Атырау, Қызылорда, Астана, Алматы қалаларына гастрольдік іссапармен концерт қоймақ. Алайда, карантин шараларына байланысты жоспарларда өзгеріс болуы да мүмкін, — дейді ол.

Бүгінде жаңа жұмысқа кіріскен эстрада жұлдызы қала өнерпаздарын аттестациялауды бастап та жіберіпті. Мәдениет қызметкерлерінің біліктілік талабына сай келетін немесе келмейтіндігін Алтынбек Қоразбаев, Толқын Забирова сияқты танымал өнер иелері мен Нышан Төлегенов, Айжан Тәженова сияқты жергілікті таланттар анықтап, қорытынды баға берген. «Елімізде «Шымкенттің өнерпаздары той әншісінің деңгейінде қалып қойған» деген түсінік қалыптасқаны жасырын емес. Сондықтан, нағыз кәсіби мамандардың жұмыс істеуіне жол ашу арқылы мәдениетті өркендету мақсатымыз», — дейді С. Майғазиев.  

Айта кетелік, «Шымкент қалалық мәдениет үйі» концерттік ұйымы» 2014 жылдан бері көрермендерге қызмет көрсетіп келеді. Бүгінгі таңда мекеме ғимараты Түркістан сарайында орналасқан. Онда 1300 орынға арналған көрермен залы, грим бөлмелері, оркестр, би ұжымдарына арналған бөлмелер бар. Өнер ордасына қарасты 5 мәдениет үйі мен 5 клуб жұмыс істейді.

         Өткен аптада сондай-ақ, Шымкент опера және балет театрының әртістері әлемдік деңгейдегі классиктермен әріптестік сабақ өткізді. Өнер ордасының оркестр ұжымына Италиядағы Карло Феличе атындағы театрдың көркемдік жетекшісі Джузеппе Аквавива алғашқы шеберлік сабағын өткізді. Бұдан кейін «Классикалық музыка жауһарлары» музыка кешінде театр солистері мен симфониялық оркестрі әлемдік сахна майталмандарымен бірге өнер көрсетті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *