Өмірдің өзі

Сабай үңгірі

Түркістан облысы, Төлеби ауданы, Қаратөбе алқабы тауға жақын орналасқандықтан, үлкенді-кішілі үңгірлер көп. Адамдарға ертеде қыста пана,  жазда сая болған. Соның бірі Балдыберек өзенінің күнгей бетіне орналасқан  Сабай үңгірі.

Сабай үңгірі Кеңес өкіметінің тәркілеу жылдарына дейін Бидайшы еліндегі Сабай Қойлыбаев деген дәулетті кісінің қонысы болыпты. Немересі Әбілез Мұратәліұлының айтуынша, атасының екі үңгірі болған. Бірі —Балдыберек өзені жағасында, екіншісі — Жетімботада. Жаз Жетімботаны, қыс Балдыберекті жайлаған. Балдыберектің күнгей беті күн жылт етсе, қар тез еріп,  мал жаюға қолайлы болған. Үңгірдің аумағы кең. Бір отар қой беймарал сыйып кетеді екен. Сабай бабамыз көбіне жылқы ұстапты. Өңірдегі ала жылқы сол кісінің ғана қолында болған екен. Асыл тұқымды жылқы өсіруге қатты мән беріпті. Малдарын түр-түсіне, белгісіне, мінезіне қарап ажыратып танитын қырағы, шаруа жайын жақсы білген.

Өзінен артылғанды елмен бөлісіп, туған елге, туған жерге жақсылығын  жасаудан аянбаған. Қара жердің қойнауынан құт өргізіп, елге ырыс сыйлап келіпті. Балдыберек өзені жағасындағы қара жолдың бойына қазан асып,  жолаушыларды, аш-арықтарды тамақтандырып отырған. Кеңес өкіметінің қазақ байларын тәркілеу саясатының құрығына Сабай бабамыз да ілігіпті. Қызыл белсенділер қорадағы малын түгел тартып алып, қазынаға өткізіп жібереді. Бабамыз қу таяғын ұстап қалады. Өзін Сібірге жер аудармақшы болғанда бір түнде қашып кетіп, Түлкібас ауданы, Балықты ауылындағы нағашыларын  паналайды. Әйелі Оразкүл пысық болған деседі. Тәркілеудің боларын алдын-ала сезіп, Ақсудағы қалың тоғайға бір жылқысын жасырып қояды. Әлгі жылқыға екі ұл, екі қызын мінгестіріп, күйеуінің соңынан іздеп барыпты. Аштық жылдары жалғыз атты сойып жеп, аман қалыпты. Ел ес жиғанда туған ауылына оралады. Мұндағы ағайын-туыстары тоз-тозы шығып, жан сауғалап, жан-жаққа бытырап кетіпті. Біразы аштықтың тырнағынан құтылмапты. Бірте-бірте туған жерге жинала бастайды. Сабай баба атамекеніне оралған соң, көп ұзамай қайтыс болады. Шиеттей баланы асырау, жеткізу Оразкүл апамызға оңайға соқпайды.  Көрші Романовка (қазіргі Қаратөбе ауылы) селосындағы бақуатты орысқа жалданып, кірін жуып, үйін әктеп, жерін аударып, шөбін жинасып, ақысына картоп, капуста алып, бір үйлі жанды асырайды. Орыстар да оның тындырымдылығына, ұқыптылығына тәнті болып, өздерінен артылған сорпа-суын беріп тұрады. «Әжеміз өле-өлгенше сол орыстардан көрген жақсылығын ұмытпай айтып  отырушы еді», — дейді немересі Әбілез.

Бүгінде Сабай әулеті өсіп-өніп, керегесін кеңге жайып отыр.  Шаруашылық нығайып, мал қораларын салғанша, Сабай үңгірін пайдаланып келген. Ол өсірген ала жылқылардың тұқымы ел ішінде әлі кездеседі. Көкпарға барғанда көреміз, көрікті, жүйрік, ықшам ала жылқының тұқымын жұрт қолдан шығарғысы келмейді.

«Жеріңнің аты — еліңнің хаты» демекші, туған өлке тарихын кейінгі ұрпақ біле жүрсін деген оймен үңгір атауы туралы осылай сыр шерткім келді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *