Өмірдің өзі

Анаңызды төркіндеттіңіз бе?

Халқымызда дәстүрлік маңызы зор және әйел затына ғана тән ғұрыптардың бірі төркіндеу салты деп аталған. Қыз бала тұрмысқа шыққаннан кейін күйеуімен, кішкентай баласымен барып нағашылар қолынан жиенқұрық алып қайтқан. Ал, арада жылдар өткеннен кейін, үлкен әулеттің анасына айналғанда өзінің үрім-бұтағын ертіп, еліне төркіндеп келеді. Осылайша екі елдің байланысы нығаяды. Төркіндеудің ең басты философиясы — қыз баланың өз елінде қадірлі екенін, қыз қонақ, орнын төр деп бағалап, барған жерде де қыздың қадірлі екенін көрсету. Төркіндеп барған қыз күйеуі алдында да қадірлі екенін білдіреді. Ол тұрмысқа шықпаған қыздарға өнеге, тәлім-тәрбие. Төркіндеуді ананың балалары ұйымдастырған.

Төркіндеу салтын көпшілік «есік ашармен»  шатастырып жатады. Бірақ, екеуінің айырмашылығы көп. «Есік ашар» салтынан кейін қыз төркініне қатынай беруіне болады. Яғни белгілі бір жиын, той-думан сияқты отбасылық басқосуларда күйеуімен келе беруіне рұқсат. Ал «төркіндеудің» төркіні мүлде бөлек. Бұл салт — ұзатылған қыз барған еліне балдай батып, судай сіңіп, ақжаулықты әже болғаннан кейін үрім-бұтағымен, ауыл-елімен бірге барып төркінін, туған-туыстарын таныстыру.

       Әл-Біләл мешітінің бас имамы Талғат Әсембайдың айтуынша, төркіндетудің діни тұрғыда да маңызы бар. Мәселен, қайтыс болған әйелдің  жаназасында молда: «Бұл әйел төркіндеді ме?» – деп сұрайды екен. Бұған марқұмның төркіндері, яғни әке-шешесі, туған-туыстары, қайын жұрты жауап беруі тиіс. Егер әртүрлі себептермен төркіндей алмаса, оның жаназаға қатысып отырған ет жақын туыстары сол жерде марқұм болған әйелдің төркіндеу рәсімін жасау керек. Бүгінде төркіндету салтын сақтап, жалғастырып жүрген аналар бар ма?

Түркістан қаласында 1953 жылы туған ақ жаулықты әже Несібелі Зайырқызы Назарбекова төркіндеу туралы әңгімесінде: 

— Өзім төркіндедім. Төркіндеуге бүкіл ұл-қыздарым мен немерелерімді ертіп бардым. Алдын-ала ағама хабарласып, төркіндеп баратынымды айттым және жөн-жоралғының бәрін жасадым. Түсетін ағамның шаңырағына арнап мал алып, құран бағыштадым. Ал, әкеден туған бүкіл бауырыма жоралғы ретінде арнайы киіт жасадым. Бауырларымның барлығы сол ағамның шаңырағына, менің төркіндеп келе жатқанымды естіп жиналды. Мал сойылып, дастарқан жайылып, көрші-қолаңдарды шақырысты. Қайтарымда олар да маған сый-сыяпаттарын беріп, шығарып салды, — дейді. Демек төркіндету салтының түп мағынасы бүгінгі төркіншіл келіндердің әрекетінен мүлде бөлек. Олай болса, анаңыздың көңілін шат қылғыңыз келсе, сіз де төркіндету салтын ұйымдастырып беруді ұмытпаңыз!

Қазіргі таңда қалталы азаматтар арасында анасын қажылыққа жіберу бес парыздың бірін орындау емес, сәнге айналғандай. Тіпті, кейбіреулер мақтаныш үшін жіберіп те жатады. Анасының жанына өзі де қосыла еріп бармай, «қажылықтан келген соң ішіп қоямын» дейтіндерді де көріп жүрміз. Сонда бізге ана көңілін қуантуға қарағанда, «шешесін Меккеге жіберіпті» деген өзгенің сөзі артық болғаны ма? Әрине, ниетіміз түзу болса, ананы Меккеге апарғаннан артық сауап іс жоқ шығар. Дегенмен, жақын жерден төркіндету салтын ұйымдастырып та батасын алуға болмас па? Ендеше, анаңызды тым болмаса төркіндетіп қайтыңыз. Бұл нағашы-жиен арасындағы туыстық қатынасты да дамытып, анаңыздың төбесін көкке жеткізері сөзсіз!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *