Қоғам

Әкімдер мен әйелдер…

Санаулы күндерден кейін халықаралық әйелдер күні шуағын шашпақ. Көктеммен қатар келетін бұл мерекеге нәзік жандылармен бірге ер азаматтар да дайындалады. Әрине, сый-сияпатын, құрметін көрсетіп, сезімін білдіру үшін. Бұл әрбір ер азаматтың ойында жүретін, жыл сайын іске асыратын үрдіс. Дегенмен, мың сан шаруаның бел ортасында жүрген әкімдер бұл мерекеге қаншалықты көңіл бөледі деген сауал туындайды. Жалпы, елге қызмет етіп жүрген жанның жары немесе анасы, перзенті болу оңай ма? Осыны білмек мақсатта бірнеше нәзік жандылардың пікірін тыңдап көрдік.

Сәуле МӘМБЕТБАЕВА,

Жетісай ауданының әкімі Жамантай Бейсенбаевтың жары:

 «Алғашқы ұстазыңмын» деп қалжыңдаймын»

— Биыл жарым Жамантаймен отау құрғанымызға 40 жыл толады. 3 ұл, 2 қыз тәрбиелеп өсірдік. Біздің таныстығымыз қызық басталған, оны айтсам әңгімеміз ұзаққа созылады. Студент кезде Алматыдағы жатақхананың алдына гүл алып келіп тұратын, сол әдетінен әлі күнге дейін айныған емес. Өзім жылтырға құмар емеспін, ал ағаларың мереке сайын гүл сыйлаудан жалықпайды.

Жамантайдың қатал әкім екенін білемін. Бірақ отағасы отбасында өте қарапайым адам. Үйге келгеннің бәріне әзіл әңгімесін айтып, көңілді отырғанды ұнатады. Әулетіміздегі аға буынның бірі болғандықтан барлығы сөзін тыңдайды. Інілері сөзін екі еткен емес. Өзімізде Құдай берген 5 перзент болғанымен үйімізде он бала тәрбиеленді. Ағайын-туыстардың балалары біздің үйде жүріп оқыды, ер жетті. Солардың бәріне Жақаң бірдей қарады.

Бүгінде ұл-қыздар Нұр-Сұлтан мен Шымкентте жұмыс бабымен жүр. Жетісайда екеуміз ғана. Демалыс сайын немерелер келіп тұрады. Олар келмесе өзіміз барамыз. Немерелер аталары келе жатқаннан не керегін айтып, тапсырыс бере бастайды. Ал атасы ұшақтан кешіксе де, олардың сұрағанын алуға тырысады. Үйге немерелер келгенде аталары өзінің үлкен ауданды басқарып отырған әкім екенін ұмытып кетеді. Соларды ертіп жүреді, арқалайды, мойнына мінгізеді.

Отбасының егесіне лайықты жар болу үлкен жауапкершілік, ал ел басқарып жүрген азаматқа жар болу екі есе жауапкершілікті қажет етеді. Оның бабын жасап, қажет кезде ақылдасып отыру да маңызды. Мен кейде Жамантайға «сенің ұстазың менмін ғой» деп әзілдеймін. Ол студент кезден қоғамдық жұмыстарға белсене араласты. Көпшілік алдына шығар кезде сөйлейтін сөзін минут, секундына дейін бірге отырып дайындайтынбыз. Сағатқа қарап оның артық немесе аз сөйлегенін айтып отыратынмын. Соның көмегі тиген болар, бүгінде әбден ысылып, көпшілікке ой-пікірін нақты жеткізе алатын шешендігі қалыптасқан».

Теңгегүл ӨТЕШОВА,

Шардара ауданының әкімі Қайрат Жолдыбайдың анасы:

      «Баланың жетістігін көргеннен артық бақыт жоқ»

— Бес перзент тәрбиелеп өсірдім. Олар жастайынан әкесіз қалды. Бірақ балаларым қиындық көрмес үшін тынымысыз еңбек етуге тура келді. Шардарада қаласындағы «Шардара» мектебінде ұстаздық еттім. Қазір үлкен ұлымның қолында, Нұр-Сұлтанда тұрып жатырмын.

Бес баламды да Алматыдағы бауырларыма жіберіп оқыттым. Барлығы мектепті жақсы оқыды. Әсіресе Қайратым бала кезден ерекшеленіп тұратын. Мектепте жүргенде қоғамдық жұмыстардың белсендісі болды. Байқауларда әртүрлі ролдерді тамаша сомдағанда, әріптестерім «осы балаң әртіс болады-ау» дейтін. Жастайынан жетістігімен көп қуантты.

Өз күшімен оқуға түсті. Туған жеріне жұмысқа оралды. Әрбір азамат үшін кіндік қаны тамған жерде қызмет еткеннен артық не бар?! Елбасының «Рухани жаңғыру» бағдарламасында «Туған жерге туыңды тік» деп айтылған ғой. Мен ұлымның өзі өскен жерде қызмет атқарып жүргенін мақтан тұтамын.

Халқымызда «Баласы атқа қонса, анасы үйде отырып тақымын қысар» деген бар емес пе, сол рас екен. Әрдайым перзенттерімнің тілеуін тілеп, Алладан жәрдем сұраймын. «Жетім көрсең жебей жүр» демекші, ұлдарыма әрдайым жетім-жесірлерге қамқор болуға үгіттеймін.

Қайратым үйіне барған сайын сыйлықсыз қалдырған емес. Көңіліме не ұнаса соны алып беруге тырысады. Әрине, әкім болған соң жұмысы көп екенін білемін. Бірақ әр мереке сайын «Анашым» деп құттықтау хат жазуды әліге дейін ұмытқан емес. Кеше де «Алғыс айту» күніне орай жақсы тілектерін жеткізіпті. Марқайып қалдым. Ана үшін баланың жетістігін көргеннен артық бақыт жоқ екен.

Мейрамкүл ТҰРЛЫБЕК,

Отырар ауданының әкімі Әбдіғали Жүнісовтың отбасылық досы:

               «Әбдіғалидің жары көпшіл жан»

— Әбдіғали Айтжанұлы менің марқұм күйеуім Бекмұрат Қысмұратовпен комсомолдан бірге қызметтес болған досы. Сол кезден бастап отбасымызбен араласып тұрамыз. Жаңа Шілікте мен мектеп директоры қызметін атқарғанда ол кісі ауыл әкімі болды. Өте қарапайым адам. Енді еңбек жолын жұмысшы, жүргізуші болып бастады ғой. Менің білетінім, отбасында адал жар, өнегелі әке, қадірлі ата. Бәріне қамқор.

Әулеті қарапайым. Әбдіғали ініге аға, ағаға іні бола білетін жан. Перзенттері дегенде шығарға жаны бөлек, үйіне бара қалсаң немерелерін мойнына мінгізіп жүргенін көресің. Әрине, әкімнің жары болу оңай емес екенін түсінемін. Елге қызмет ету үшін оның әрдайым жағдайын жасап отыру керек. Кез-келген жағдайларға дайын болу қажет. Жолдасы Балқаш құрбым осы үдеден шыға білді деп айта аламын. 25 жылдан бері оның жағдайын жасап, бала тәрбиелеп үйде отыр. Қарапайымдылығы басым. Кез келген адаммен тіл табысып, араласып кетеді. Ақкөңіл, көпшіл жан.

Мен 3 ұл үйлендіріп, 1 қыз ұзаттым. Соның бәрінің басы-қасында Әбдіғали жары екеуі жүріп, қонақтарды күтісті. Ауырын көтерісіп, жеңіліне де жәрдемін аянбады. Қонақтардың ешқайсысының қызметіне, жағдайына мән берген емес. Барлығымен бірдей қарым-қатынаста болды.

Перзент тәрбиелеуде ананың рөлі үлкен ғой. Балаларына жақсы тәлім-тәрбие берді. Ұлдары әкімнің баласымын демей, әрдайым шаруа қамынан қолдары босамайды. Жоғары білімді маман болса да егіс алқабында жүреді. «Әке көрген оқ жонар, шеше көрген тон пішер» деген ғой, Әбдіғали мен Балқаштың өздері де еңбекпен жетілген ерлі-зайыптылар. Осы әрекеттері перзенттеріне үлгі болуда.

Ақлима БАЙҒҰТОВА,

Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің әлеуметтік және тәрбие істері жөніндегі проректоры, филология ғылымдарының кандидаты, жазушы Мархабат Байғұттың қызы, Түлкібас ауданының әкімі Нұрлан Байғұттың әпкесі:

       «Мереке сайын гүл сыйлауды ұмытқан емес»

— Шыны керек, Нұрланның әпкесі болсам да, мен оған емес, ол маған көбірек қамқорлық жасайды. Мереке сайын бір құшақ гүлі мен арнайы сыйлығын ұмытқан емес. Барлық бала-шаға, студенттер үшін Нұрекеңнен жомарт, Нұрекеңнен асқан ақылшы, қамқор жан жоқтай көрінеді. Бала кезімде «қорған болар ағам жоқ» деп көп ренжитінмін. Қазір Нұрлан мен Дулат атты інілерім ағадан бетер қамқор, жанашыр.

Нұрекең екеуіміздің арамыз бес жас. Інім бала кезінен өжет, қайсар, еті тірі болатын. Тапқырлығы, әзілқойлығы да бар. Балалық шағынан есте қалған бір-екі оқиғаны айтып берейін. Мектепке барар тұсында ойын кезінде құлап, маңдайын айтарлықтай жарақаттап алды. Дәрігерлер ем-домын жасап, қалың бинтпен байлап тастап, далаға шығуға тыйым салды. 1-қыркүйек күні ата-анам «бармай-ақ қой» деп қанша үгіттесе де құлшынып мектепке барып, бинт оралған басымен алғашқы қоңыраудағы жиында дүйім жұрттың алдында өлең оқығаны бар. Сол кезде осындай білімге құштар қайсар інімді мақтан тұтқаным есімде.

Алтыншы сыныпта оқып жүргенде әкеміз тәрбие сағатын өткізіп: «Сендер жұрттың балаларынан он есе тәртіпті болуларың керек. Әкелерің ел танитын журналист, жазушы…» деген сыңайдағы әңгіме айтқан. Жаздың демалыс күндерінің бірі болатын. Салқындау деп балконға ұйықтаған әкеміз түн ұзақ жазу жазып, сол күні әдеттегіден кештеу тұрған. Онда да баласының «Әке, әке…» деп айқайлаған даусынан оянып кеткен болатын. «Бір нәрсе болып қалды ма?» деп бірден балконнан төменге қараса Нұрлан: «Әке, Сізді бүкіл Қазақстан таниды ғой, иә?» деп жымиып қарап тұрған ғой. Әкем күмілжіңкіреп: «Енді былай ғой… бүкіл Қазақстан болмаса да, облыс, қала таниды» деп жауап берді. Сол кезде бауырым: «Қайдам, облыс түгіл көрші подъездегі Саша танымай тұр ғой Сізді» деп бәрімізді күлкіге бөлегені есімде. Мектепті медальмен бітірді. Көптеген жауапты салаларда жұмыс істегендіктен, уақыты тапшы екеніне қарамастан әпкесін, анасын, жарын мерекелерімен құттықтауды ұмыт қалдырған емес.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *