Қоғам

Қыз-келіншектер кеңсесі

Жыл сайын нәзік жандар мерекесі қарсаңында бір тебіреніп қалатынымыз бар. Биылғы күлімкөздер күніне орай ауданымызда тек қана қыз-келіншектер жұмыс істейтін мемлекеттік мекеме еске түсті. Ол – аудандық мемлекеттік архив. Құжаттардың қанттай һәм қалыпты сақталуын қамтамасыз ететін бұл мекемеге көпшілік жиі бас сұғады. Еліміздегі азаматтардан бөлек тіпті, ТМД елдерінен де сұраныс түседі. Бұрынғы еңбекақы, еңбек өтілі, мүліктік құқық туралы анықтамаларды осы жерден аласыз. Сонымен кілең қыз-келіншек…

Мекеме басшысы – Ақбота Мұсратуллақызы Табирова. Қарапайымдылығы қарағанның көзін тойдырар ол Қарасудың қызы. Мінезі ашық, сөйлесе қалсаңыз, талай ойдың түбірін қаузап, әйбат әдемілікті, асыл адамгершілікті ұғынасыз. Ақбота білімнің қарашаңырағы ҚазМҰУ-дың заңгер мамандығын бітірген. Алматыдағы студенттік шағын аяқтап ауылға келген соң 6 жыл аудандық атқару комитетінде заңгер-кеңесші болып тәжірибе жинады. Тәуелсіздік тұғырға берік тұрғанда (1993 ж) ауданымыздағы архивтің басшысы болды. Міне, сол 28 жылдан бері жергілікті архив қорын қалыптастырып, құжаттар ісін жетілдіруге, мекеме, кәсіпорындарда архив ісі мен құжаттаманы басқаруды дұрыс жолға қоюға зор үлес қосып келеді. Сыңғырлаған үнінде сыпайылық бар.

Ұйымдастырушылығы ұтымды жолдарға жетелейді. Ауданаралық семинарлар өткізуде, Президенттің әр жылғы Жолдауларын насихаттауда, сапалы істен нәтиже көруде үнемі белсенді. Ол кісі кейде шәй ішуді ұмытып кететін шығар, бірақ жауапты әрі тығыз істе тыным таппайды. Осынау еңбектің арқасында Сайрам аудандық мемлекеттік архиві өзге аудандарға үлгі болып, іс-тәжірибесі таратылды. Кеудесіне «Қазақстан Контитуциясына 20 жыл», «Еңбек озаты» медальдарын таққан Ақботада құзырлы органдардан алған Құрмет грамотасы, Алғыс хаттар көп. Лайықты жанға бәрі жарасымды.

А.Табирова басқаратын мекемеде жұмыс қызу жүріп жатады. Құжаттар жосықталады, іс тізілімдері реттеледі, www.egov.kz веб-порталымен де сұраныстар келіп жатады. Осындайда аудан орталығындағы мекемеге кірсеңіз алдыңыздан ізетті қыз Забира Кункабаева шығады. Одан кейін байсалды қыз Бағила Байысбаеваға көзіңіз түседі. Тиянақты ісі бар лағылдай Ләззат Омарова отырады. Жұмысты жандандыратын айдидарлы Айнұр Мамырбекова, парасатты Перизат Исабекова да осында. Бұлардың бәрі – айтулы архивистер. Қызметтеріне қарай санаттары да күшті. Есептеуге келгенде есепші Гүлчехра Кошанова көмектеседі. Қысқасы, архивіңізге алаңдасаңыз осы қыз-келіншектер көпке созбай, көңілдегідей іс бітіреді.

Мекеме қызметкерлері қайырымдылыққа да құштар. Облыс әкімінің «Қамқорлық» жобасы аясында аудан архивінің ұжымы Ақбұлақ ауылындағы Наталья Голубковаға жыл бойы 50 мың теңгедей қаржылай көмек көрсеткен. Азық-түлікпен де қарасып, жылы киімдер, ыдыс-аяқ берген. Мамырдағы Жеңіс күні мерекесінде де ардагерлердің отбасында осы қыз-келіншектер жүреді құттықтап.

Солай, оқырман. «Қанатына көктем қондырып» келген жыл құстарының мәре-сәре күйіндей, біздегі өңкей нәзік жандар жұмыс істейтін мекеме мерейі осылай. Бастысы, «қыздың жиған жүгіндей» олардың тиянақтылығы барда аудандық архив абыройы айтыла берер. Мерекелеріңізбен, күлімкөз замандастар!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *