Өмірдің өзі

Бекарыстың Жамалы

Гүлжамал ТӨЛЕГЕНҚЫЗЫ, Қожа Ахмет Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінің доценті, ұстаз. Айтыскер, Түркістан  облыстық мәслихатының депутаты Бекарыс Шойбековтің жары:

— Бекеңмен сонау жастық шақтың жалын атқан көктемінде таныстым. Түркістандағы Қ.А. Ясауи атындағы Халықаралық қазақ-түрік университетінде білім алдық, ол менен бір курс жоғары оқыды. Жаңа 1996 жылды қарсы алу кешінде, Абай деген досының туылған күнінде алғаш рет таныстық. Таныстықтың соңы сезімге ұласып, бір-бірімізбен қыз бен жігіт болып достасып, сырласып жүрдік. Сол сезімінің куәсі ретінде «Жамалым» әні дүниеге келді.

Түркістан облысының қазіргі Келес ауданы, Абай ауылында туып өстім. Үйдің тұңғышымын, өзімнен кейінгі үш ініме осы қарайды деп анам оқуыма көп мән берді. Ал, Бекарыс үйдің кенжесі, сегіз ағайынды. Үйде еркелеп, еркін жүріп, еркін өскен маған осы үйдің босағасында отырып шай құюдың өзі бақыт болып бұйырыпты. Апам Ұлбазар «Келінім демей, қызымдай көремін, жақсы әйел бол. Жоқты бардай қыл, барды нардай қыл. Бар болса тасымаңдар, жоқ болса жасымаңдар» — деп, алғаш босаға аттағанымда-ақ жылы қарсы алды.  Орысша оқығаныммен, қазақы тәрбиемен өскен қызбын ғой. Анам да «Ердің бағы — жарында. «Жақсы әйел ерінің есіктегі басын төрге сүйрейді, жаман әйел ерінің төрдегі басын көрге сүйрейді». Еріңді үй азаматы емес, ел азаматы қылу сенің парызың. Сондықтан үйдегі еркелікті тастап, арыстай азаматыңның жағдайын жасап, ел сенімін ақтағын. Барған жеріңде бағың ашылсын, тастай батып, судай сің», — деп өсиетін айтқан. Апам марқұм тұла бойы тұңғышым — Балгерім қызымды босанғанымда «Дүниеге қарқаралы қыз келді» деп қатты қуанғаны бар. Бекең ол кезде айтыста жүрген болатын.

«Әрбір жетістікке жеткен мықты ердің артында ақылды әйел тұрады» дей ме? Бекеңнің ақылына қаншалықты ақыл қоса алғанымды білмеймін, бірақ оған деген сенімім алғаусыз болды. Тіпті, ең алғашқы аламан айтыстан  маңдайы жарқырап, жүлдегер болып келуіне де тілеулес болған екенмін. 1996 жылы оқу аяқталып, студенттер ауылына қайтқалы жатқанда шығарып салуға келді. Мен үшінші, Бекарыс төртінші курсты аяқтаған жыл. Оқу корпусынан аялдамаға дейін жаяу жеттік. Қоштасарда «Үздік бітірген түлектерді Түркияға практикаға жібермекші. Ал, тамызда Алматыда үлкен аламан айтыс өтеді. Айтшы, сен менің орнымда болсаң айтысқа барар ма едің, әлде Түркияға кетер ме едің?» — деп тосыннан сұрақ қойды. Бұл облыстық, республикалық айтыстарда өзіне қарсылас шақ келтірмей, енді Жамбыл Жабаевтың 150 жылдығына арналған халықаралық айтыста бағын сынайтын  шешуші кезең еді. Мен сәл ойланып: «Егер сенің орныңда болсам, жақсылап дайындалып, тамызда айтысқа қатысып, бағымды сынайтын едім! Ал, Түркия деген не тәйірі, мына тұрған жер емес пе, кез-келген уақытта бара бересің» дегенім есімде. Қанша дегенмен орысша оқығанымның әсері бар, мені бұлай айтады деп ойламаса керек, таңданып қалғандай болды. Осы сөзім стимул болды ма, сол кеткеннен айтысқа дайындалып, аламанда ақындардың бәрін жеңеді. Ауылда ұлан-асыр той! Ректорымыз Мұрат Жұрынов ат мінгізіп, құттықтап, оқу орны зор қошеметпен күтіп алады. Мен он күн кешігіп, жазғы демалыстан әлі келмегем. Қазіргідей ұялы телефонның заманы емес, үйге звондайын десе жездемнің қаталдығынан жігіт тұрмақ, қыздар хабарласуға қорқатын. Сонымен не керек, қыркүйек айында, сабақ басталғанда бір-ақ жолықтық.

Бекарыс екеуміздің үйлену тойымызда ұстазы, ақын Қаныбек Сарыбаевтың жары Ұғлан апаның: «Ақынның жары болу оңай емес, Гүлжамал. Соның қиындығы мен қызығын бірге көремін деп Бекарысқа жар болып келген шығарсың? Үй болудың қиындығы болады, соны бірге жеңсеңдер ғана мықты отбасы шығады» дегені өмірлік сабақ сияқты. Расында үйде болғаннан түзде жүретіні көп өнер иесіне, әсіресе ақынға жар болу оңай емес. Бекең жайшылықта сырбаз көрінгенмен, өзіне тән қаһары, ызғары да бар. Айтыстан бұрын атқа өте құмар. Оның әлемі де — бөлек әлем. Айтысқа барарда алдын-ала қонақүйге барып жатып, демалып, дайындық жасаған емес. Бәйге басталар күні ұшып барып, аяқталысымен қайта ұшып келеді. «Ертерек барып тынығып жатпайсың ба?» деймін ондайда. Талғамы да бөлек, анау-мынау әлкеншек-сәлкеншегі бар киімді кие бермейді. Соның бәрін көңілінен шығатындай етіп үйлестіріп, дайындап отыру менің әйелдік міндетім. Үйге азық-түлік сатып әкелмейді, базарға да бармайды. Мұндай шаруаларды өзіне де көп айта бермеймін. Қонақ шақырса қонақпен бірдей кіріп келе береді (күліп).

Әке ретінде балаларының тәрбиесіне қатты көңіл бөледі. Балаларды мектепке ауа райының жайсыз күндері тасымалдау да оңай болған жоқ.  Айтысқа кетерде таксиге ақшасын төлеп, тапсырып кеткенімен, жүргізушілер уақтылы келмей, балаларым кейде сабаққа бармағаны үшін жылап қалатын. Ел ағасы, депутат Рахым Тәңірбергенов ағамыз «Беке, бір мәшинеңді келінге бер де, өзің алаңсыз жүрсейші» — деп әзіл шыны аралас айтып қалатын. Сол кісінің құлаққағыс қылғаны әсер етті ме, әлде балаларды тасымалдауды өзіме тапсырып қояйын деді ме, білмеймін, бір айтыстан алған көлігін әкеліп, «Гүлеке, мына мәшине сенікі, игілігіңе мін, бірақ балалар сабақтан бір күн қалмайтын болсын», — деп кілтін ұстатты. Негізінде бәйгеден әкелген ешбір жүлдесіне араласқан емеспін. Мерекелерде өзі де сыйлықсыз қалдырмайды. Көбіне гүл, торт әкеледі. Кейде қажет затымды алу үшін ақшалай беріп, «осымен құтылдым ба?» деп әзілдейді.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *