Қоғам

Әйел басшы

 Апта басында еліміз халықаралық әйелдер мерекесін атап өткені белгілі. Бірақ, нәзікжандылардың мерекесі бір күнмен шектелмейді, оларға жыл он екі ай жылы сөз арнау артықтық етпейді. Бір қолымен бесікті, екінші қолымен әлемді тербеткен аналар арасында бүгінде үлкен ұжымды басқарып отырғандары да аз емес. Әрине, ана міндеті негізінен бала тәрбиелеу, ошақ отын сөндірмеу болғанымен, оған қоса елдің дамуына өз үлесін қосып жүргендер де жетерлік. Бүгін біз іскерлігімен көптің көңілінен шығып жүрген осындай бірқатар ана, басшы азаматшалардың өмірлік ұстанымдары мен ой-пікірлерін назарларыңызға ұсынып отырмыз.

Ақмарал БАТЫРБЕКОВА,

Түркістан қалалық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

  «Жұмыста басшы, үйде анамын»

        — Әйел адамның қызметте, әсіресе басшы қызметте жүруі әрине қиындау. Дегенмен мойныңа үлкен жауапкершілікті алған соң, оның үдесінен де шыға білуің керек. Халқымызда «Ана — бір қолымен бесік тербетсе, бір қолымен әлемді тербетеді» деген сөз бар. Мен мұны үнемі жадымда ұстаймын. Басшылық қызметте екенмін деп, балаларымның анасы, жолдасымның адал жары ретіндегі, яғни отбасы алдындағы парызымды ұмытқан емеспін.

Менің ойымша, әйел адам басшылық қызмет жасауы үшін ең алдымен отбасы мүшелері тарапынан қолдау болу керек. Аллаға шүкір, менің жолдасым да, балаларым да лауазымды қызметте жүруіме тыйым салған емес және ылғи қолдау білдіріп, түсіністікпен қарауға тырысады. Мен жұмыста басшы болғаныммен үйде жар, анамын. Сол себепті отбасылық өмірге уақыт табуға тырысамын. Көбіне жұмыстан барған соң тамақ әзірлеуге кіріссем, демалыс күндері үй ішін тазалау, кір жуу сияқты әйел адамның міндетіне кіретін жұмыстарды атқарамын.

Отбасыда ұлымның тәрбиесімен негізінен жолдасым айналысқанымен, мен де аналық жылу сыйлауды ұмытқан емеспін. Ал немерелеріме келер болсам, олардың әжесі ретінде үйге келгенде барынша көңіл бөліп, еркелетіп, ертегі айтып беріп, бар еркеліктерін көтеремін. Мерекелік шаралардың ішінде, әсіресе, туған күнді атап өту отбасымызда дәстүрге айналған. Ол күні таңертеңнен бастап құттықтау хаттар, сәлемдемелер жолданып, мерекелік дастархан әзірленіп, балаларым, анам, бауырларыммен бірге тойлаймыз. Әйел адамның жаны нәзік келеді, сондықтан туған күнімде гүл алғанды ұнатамын. Ең бастысы көңіл ғой, кейде бауырларым өз қолымен дайындаған тәттілерді, бұйымдарды тарту ретінде әкеліп жатады, оған да өз құрметімді білдіремін.

Әрбір ата-ана үшін балалардың сыйлығынан артық сыйлық жоқ деп есептеймін. Ең әдемі сыйлық — кішкене ұлымның өз қолымен жасаған бұйымы. Оның папасы екеуміздің үйленгеннен бастап бірге түскен суреттерімізді жинақтап, фотогалерея жасап, тарту еткені біз үшін тосын сый болды. Кез келген отбасылық мерекені үйде отырып, өзім тәтті тағамдар әзірлеп, отбасы мүшелеріммен бірге тойлағанды ұнатамын.

Ақбала ҚҰЛЫМБЕТ,

Бәйдібек аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

    «Есте қалған сыйлық — екі лак болды»

— Басшы болу оңай емес, ал әйел адам үшін басшы болу – екі есе ауыртпалық жүктейді. Оның бірі – ұжым жайы болса, екіншісі отбасы жайы. Жұмыста басшы болсаң да үйде ана екеніңді ұмытпай, балалардың тәрбиесіне, тамағына жауаптымыз. Жұмыстан орала сала тамақ қамына кірісеміз. Қолымда екі ұлым бар. Екі қызым тұрмыста. Жолдасым екі жыл бұрын қаза болғандықтан үй шаруасы, бала тәрбиесі секілді бар тірлік өзіме жүктеледі. Кешке 11 сыныптағы ұлымның сабағын қадағалаймын. Оны тестке өзім дайындаймын. Қазірден ұлыма «тест әділ өтеді, ҰБТ кезінде өзіңе ғана сен, сол себепті дайындал» деп құлағына құйып жүрмін.

Мереке сайын қыздарым мен күйеу балалар гүл сыйлайды. Ыстық лебізін білдіреді. Біз қарашаңырақта отырмыз. Ата-енем өмірден ерте озғандықтан, жолдасым Шалқарбай екеуміз оның өзінен кейінгі барлық інілерін үйлендіріп, қарындастарын ұзаттық. Сондықтан болар, қайныларым мені анасы секілді көріп, келіндерім енесіндей құрметтеп, мерекелерде бірінші мені құттықтап, құшағымды гүлге толтырады. Олар менің гүлді ұнататынымды біледі. Үйде де гүл өсіремін, жұмыста да аула гүлге толып тұрады. Қай жерден әдемі гүл көрсем соның ұрығын алып келемін. Әйел болғандықтан әдемілікті ұнатамыз.

Алған сыйлықтардың ішінде есте ұзақ сақталып қалатын ерекшесі болады ғой. Менің де ойымнан жолдасым сыйлаған бір сыйлық кетпейді. Егемендік алған алғашқы жылдары дүкен сөрелерінде ештеңе болмай қалды емес пе? Сондай кезде Шалқарбай ЦУМ-ның алдында ұзын-сонар кезекте тұрғандардың қорап-қорап зат алып жатқанын көреді. Оның нақты не екенін білмесе де бір керек зат шығар деген оймен кезектің соңын алып тұра қалады. Күн ыстық, кезегі келемін дегенше бір-екі сағат уақыт өтеді. Кезек таяғанда бір-ақ біледі, сатылып жатқан әйелдер тырнақ бояйтын лак екен. Екеуін сатып алады. Үйге келіп, «сағаттап тұрып алған сыйлығым» деп екі лакты беріп тұр. Одан кейін көлік те сыйлады, басқа да бағалы сыйлықтар берді ғой, бірақ, ерекше есте қалғаны осы екі лак болды. Мен үшін әр мерекенің орны ерекше, бірақ соның бәрін отбасында, жақындарыммен бірге тойлағанды ұнатамын.

Ақшагүл БЕРДАЛИЕВА,

Шардара аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

«Бүгінгі қыз — ертеңгі ана»

— Жұмыста басшы болғаныммен үйде мейірімді отанасымын. Кез келген әйел өзі қаласа үй шаруасына уақыт таба алады. Баланың ыстық-суығына күймейтін, жақсылығына сүйінбейтін ата-ана жоқ шығар. Бүгінгі ұл — ертеңгі әке, ол әкеге қарап өседі. Ал, бүгінгі қыз — ертеңгі ана, ол шешеге қарап өседі, бойын түзейді. Сондықтан, бала тәрбиесіне әке мен ананың бірдей араласуы маңызды. Отбасы — бала тәрбиесінің ең алғашқы ұжымы. Баланың тәрбиелі болып өсуіне берекелі отбасының тигізетін әсері мол.

Кез келген мерекені отбасы мүшелерімен бірге, дастархан басында тойлағанды ұнатамын. Менің ойымша сыйлықтың үлкен-кішісі болмау керек. Маған шын көңілден жасалған сыйлық ұнайды. Мұндай сыйлықтар аз болмады. Дегенмен, солардың арасында ұлымның өз қолымен қағаздан жасаған сыйлығы есте қаларлықтай болды. Ол әлі күнге дейін сақтаулы тұр.

Шұға НҰРАБАЕВА,

Ордабасы аудандық Адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

«Бала тәрбиесімен әке-шеше бірдей айналысуы керек»

— Әйел заты табиғатынан бітім-болмысы әлсіз, сезімге жақын жаратылыс. Әрине, жауапкершілік жүктелгендіктен кездесетін кейбір қиындықтарға төзіп, өзін сабырға шақыруы қажет. Ең тиімді қарым-қатынас — қарапайымдылық. Әрине, талап болу керек, алайда, ұжымды айқаймен басқарудың қажеті жоқ. Адамдармен дұрыс қарым-қатынас орнатқысы келген басшы барынша қарапайым болу керек деп ойлаймын. Біреуді басқару үшін бірінші өз-өзін, өзінің өмірін басқарып үйрену қажет.

Егер адам өз уақытын жоспарлай алмаса, жетістікке қол жеткізу мүмкін емес. Адам баласына берілген баға жетпес құндылықтарының бірі – уақыт. Кез-келген адамның осы уақыт мәселесіне келгенде тым сараң екенін байқаймыз. Құранда бір жұмыстан шаршасаң, дереу екінші бір жұмысты қолға алу арқылы тынығу керектігі айтылған. Сондықтан жұмыстан барған соң үй шаруасының барлығымен өзім айналысамын. Жолдасыма міндетті түрде өз қолыммен тағам әзірлеуге тырысамын. Әрине, кейде мүмкіндік болмай қалып жатады. Ал демалыс күндері аулада жұмыс істегенді ұнатамын.

Әрбір отбасының өз құндылықтары бар. Отбасы берік болуы үшін бала тәрбиесімен әке-шеше бірдей айналысуы керек. Сол себепті, балалардың тәрбиесіне екеуміз де көп көңіл бөлеміз. Сыйлық мәселесіне келер болсам, бүгінде тосынсый жасау әдетке айналған. Ұл-қыздарым мені тосынсый жасап таңқалдырып жатады. Сыйлық ол – ілтипат. Бір адамның екінші адамға деген шынайы ықыласы. Сыйлықтың қатқан жүректі жібітіп, оны жұмсартатын ерекше қасиеті бар. Сондықтан мен мынадай сыйлықты ұнатамын деп айта алмаймын. Ең бастысы шын пейілден жасалған сыйлық болса болды. Сыйлық сыйланған кезде оған тиісінше ризашылық білдіру әрбір мұсылманның міндеті. Өйткені, сыйлық сыйлаушы адам осы ізгі іс алдында уақытын, ойын сол адамды риза ету мақсатына арнады. Сондықтан сыйлық емес, оны ұсынған адамның ілтипаты есте қалу керек деп ойлаймын.

Құралай ШАДИЕВА,

Сайрам аудандық адами әлеуетті дамыту бөлімінің басшысы:

   «Өзіме арналған арнау өлең қатты ұнады»

— Мен үлкен ұжымды басқарып отырған басшы болғаныммен, үй жұмысына уақыт табамын. Қандай қызметте отырғанына қарамастан бұл әрбір әйелдің борышы. Үйде күтуші немесе үй жұмыстарын атқарушы көмекшім жоқ. Қазір әйелдердің көп қол жұмысын техника алмастырған заман ғой, сондықтан ол үшін аса көп уақыт қажет емес. Кешке жұмыстан кейін үй тірлігін өзім атқарамын.

Жұмысым қанша көп болса да бала тәрбиесіне айрықша көңіл бөлемін. Педагог ретінде жақсы мектеп пен балабақша таңдауда олардың қалауын ескере отырып, өзім шешім қабылдаймын. Қанша шаршасам да бала үшін уақыт табуға тырысамын. Демалыс күндері міндетті түрде бала, немерелермен бірге уақыт өткіземін. Табиғатқа бірге шығу, ойын алаңдарына апару секілді апта ішінде көңіл бөле алмаған жағдайлардың орнын толтырамын.

Мереке күндері дастархан басында отбасы мүшелері ізгі тілектерін арнап, балалар өлең шумақтарын айтып, шағын концерт құрады. Менің негізгі мамандығым филолог болғандықтан шығар, сыйлыққа кітап алғанды ұнатамын. Үйдегі кітапхананың негізгі бөлігін сыйлық ретінде берілген кітаптар толтырып тұр. Ерекше есте қалған сыйлық — өзіме арналған арнау өлең болды. Оның ұнағаны сонша әркез қайталап оқып тұрамын, шумақтары жадымда жатталып қалған. Балалық шақтан қалыптасқан дәстүрге сәйкес болса керек, мерекені үйде тойлағанды ұнатамын.

Иә, басшы болып, көпшіліктің көңілін табу, тәртіпке бағындыра отырып, сапалы жұмыстың орнығуына себепкер болу оңай шаруа емес. Ол жауапкершілік әсіресе әйелдер үшін екі еселенетіні де рас. Солай бола тұра бір мекемені ғана емес, тұтастай бір мемлекетті басқарып отырған әйелдер де жоқ емес. Мейлі мекеме басшысы, мемлекет басшысы болсын жұмыстан үйге оралғанда шаршап келдім деместен білегін сыбана үй шаруасына кірісіп кететін аналарды қалай мадақтасақ та жарасады емес пе?!

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *