Біле жүріңіз

Мақсаты айқын Маржан

Олимп шыңын бағындырғысы келеді

Еліміздің байрағын биікке желбіретуде ерлерден кем түспей жүрген  қазақ қыздары жетерлік. Спорт өмірінің ажырамас бөлігіне айналып кеткен осындай батыр қыздардың бірі Маржан Бизақ. 1997 жылы 28 желтоқсанда Түркістан облысы, Ордабасы ауданы Бірлік ауылында дүниеге келген ол самбо күресінен Қазақстанның 10 дүркін, Азияның 4 дүркін чемпионы, әлем чемпионатының күміс және қола жүлдегері. Сондай-ақ, Президент Кубогының иегері, дзюдо және белбеу күресінен Қазақстанның 2 дүркін чемпионы.

«Ақылына көркі сай» демекші, бойжеткеннің бойында сұ­лу­лық пен зеректік өзара үйлесім тапқан. Спортқа деген құштарлығы мен сүйіспеншілігі шексіз.

— Спортқа ке­луі­ме ата-анам себепкер бол­ды. Әкем мен анам қолымнан же­тек­теп спорт мектебіне апарды. Сөйтіп 12 жа­сым­­­­нан бастап спортпен айналысып келемін. Төртінші сы­ныпқ­а дейін Бірлік ауылын­дағы Ғ.Мүсірепов атын­дағы жал­пы орта мектепте оқып, кейін Шымкент қала­сындағы №50 мек­тепке ауыстым. Жастайымнан спортпен шұғыл­дан­­ған соң бар арманым осы салада жетістікке жету болды. Нәтиже жоқ емес. Ендігі мақсатым — олимп шыңын бағындырып, еліміздің көк туын әлем жанкүйерлері алдында желбірету.

Жарыс болған соң, жеңіс пен жеңіліс қатар жүреді. Кейбір сәттерде аяқтан шалу кездеседі. Көре ал­маушылық та бар. Мені бір­қатар жарыстарға жібермеген кездер де болған. Бір жағынан қаржы мәселесі де шешілмей жа­тады. Сондай қиын сәттерде ата-анам көңілге демеу болып, «Қызым, бұ­ған мойыма, келесі жолы бара­сың» деп моральдық тұрғыда қолдап, күш-қуат беріп отыра­ды. Сол үшін ата-анама алғыс ай­тамын. Кейде қаражат тапшылығынан жа­рыс­­тардан қалып қоямын. Осы кезге дейін Әлем, Азия чем­пио­­нат­­­та­рынан 5 рет қалып қой­дым. Ақша жинап, жарысқа қалай да бару үшін өзімді қар­жы­лан­­дырған сәттерім де аз емес. Бір кездері ба­зарда қауын-қарбыз сатып, түнгі уақыт­та жүк тасушы болып жұмыс іс­теп, тәжірибе жинау үшін шет ел­дерге дайындыққа барып келетін­мін, — дейді жігерлі ару.

Маржанның алғашқы бапкері Бо­лат­хан Исахов оның табиғи дарынын байқап, турникке тарт­қызып көріп, «Осы қыздан бірдеңе шы­ғады» деп бойына талаптың дәнін сеуіпті. Кейін қалаға ауысып, жаттықтырушылар да алмасты. Қазір шеберлігін Орынбасар Құрал шыңдап жүр.

— 2016 жылы Албанияға жарыс­қа баратын болдық. Әлемдік бә­се­ке алдында Орал қала­сында дайындық жасадық. Алдыңғы бір жа­­рыста қолымды шығарып алып, әлі толық жазылып үлгер­меген едім. Қазақстанның намысын арқалап баратын болғасын уайым­да­дым, қобал­жы­дым. «Жеңіліп қал­майын» деген қорқыныш бойым­ды билеп тұрды. Ал­банияға барып, сал­мақ өлшеу деген сияқты өзіндік та­лап­тарынан өттік. Со­дан жарыс бас­тал­ды. Қолым­ның жарақа­тына қарамастан Моңғолия, Ко­рея, Ан­та­лия, Германиядан кел­ген бәсе­келестерімді жең­дім. Фи­нал­дық кездесуге жолдама алдым. Қолымның шыққанын ресейлік қарсыласым біліп алған. Дәл сол қолымның ауырып тұрғанын біліп, қулыққа көшіп, «Болевой прием», яғни ауырту әдісін қолданды. Амал жоқ, екінші орынды місе тұттым. Сол кезде «Қап әттеген-ай, қолым шық­па­ғанда еліме алтын жүлдемен оралар едім» деген өкініш болған,  — деген Маржан тағы бір естелігімен бөлісті.

— Маған демеушілік жасаушы жер­лес ағам — Нұртас Ахметов. Жарыстарға қинал­май баруыма көмегін аяған емес. Спорттық киманоға дейін әпереді. Нұртас ағамның жақсылық­тарының бірін айтайын. 2019 жылы Нұр-Сұлтан қаласында Тұң­ғыш Президент күніне орай самбо күресінен Әлем кубогі үшін жарыс өтетін болды. Сол жарысқа екі күн қалғанда бап­ке­рім хабарласып, «Маржан, сен бұл жарысқа бара алмайсың, са­ған қаржы қарас­тырыл­мады», — деді. Көңіл-күйім түсіп кет­кенін байқаған туған бауы­рым Өміржан «Осы жа­рыс­тан қалма» деп, жол­ақымды көтерді. Барғаннан кейін орны­ғатын үй-жайды қамдап жүргенімде бап­керім хабар­ласып, «тағы 60 доллар ке­рек, болмаса сені таразыға түсір­мейді» деді. Менде ондай ақша жоқ. Өміржан­нан тағы сұрауға ұят. Амал жоқ, жарыстан бас тартып, ауылға қайттым. Көңіл-күйім болмай жүргенде Нұртас ағам телефон шалды. «Маржан, жа­рысқа дайын­­дал, сен осы жарыс­та же­ңіс­­ке жетуің керек», – деді. Қуанышым қойныма сыймай, жылдам жолға шықтым. Дегенмен, жан дү­нием­­ді қуанышпен бірге қорқы­ныш та билеп тұр. Сенім үдесінен шығу оңай емес. Алла сәтін сал­ды. 56 келі сал­мақтағы қарсы­лас­тарымның бә­рінің жауырынын жер иіскеттім. Чем­пион болдым. Үміт ақ­талды. Жетістікке жетуіме Шымкент қалалық №10 күрес түр­лерінен олимпиада резервінің мамандандырылған балалар мен жасөспірімдер спорт мектебі ұжы­мының да үлесі зор, – дейді ағы­нан жарылған Маржан.

Адамды ұлты мен жеріне, тілі мен дініне бөлмей, өзіне ынтызар етер спорттың құдіреті зор. Өйт­кені, спорт – денсаулық кепілі. Бастысы, оған шексіз беріліп, адалдық танытсаң — берері мол сиқырлы әлем. Сол әлемнің бір бөлігі болып жүрген мақтанышымыз Маржанға «Әлі талай додадан сүрінбей өтіп, еліміздің көк туын желбірете бер!» деп тілейміз.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *