Басты жаңалықтар Мәселе

Перзентханада қандала қайдан жүр?

Өткен апта соңында «Сайрам аудандық орталық ауруханасына» қарасты перзентханада оқыс оқиға орын алды. Бізге жаңа босанған аналардың бірін кене шақты деген мәлімет жеткен болатын. Перзентхана ең таза жер болуы тиіс. Ал онда жұқпалы ауру тарататын кене қайдан жүр деп ойладық.

Осы ақпараттың қаншалықты рас-өтірік екеніне көз жеткізу үшін біз сол ауруханада жатқан Әсел есімді келіншекке хабарластық. «Ия, мен бірінші қабатта жатыр едім, шағатын бір нәрсе пайда болды деп төменгі қабатты жапты да бәрімізді екінші қабатқа көшірді. Енді залалсыздандыру жүргізіп жатқан болар», – деген Әсел сеуіп жатқан дәрілердің шақалақ балаларға зияны тимесе жарар еді деген күдігін де жасырмады.

Бұдан кейін біз аурухананың бас дәрігері Қалдыбай Ыдырысовтан перзентханада болып жатқан жағдай туралы сұрадық. «Өткен аптаның бейсінбісі күні түнде перзентханадағы ананың бірін белгісіз жәндік шақты деген мәлімет түскені рас, — дейді бас дәрігер. – Кейін белгілі болғанындай, ол қандала екен. Бізде тазалық жұмыстары жақсы жолға қойылған. Қандаланың қайдан келгені белгісіз. Сырттан келгендердің киіміне, басқа да жеке заттарына жабысып келген болуы мүмкін деген жорамал бар.

Қандала негізінен ит пен мысықтың үстінде болады. Шаққан жері бүрге мен маса шаққандағыдай қышиды. Қышыған жерді адамдар қасиды. Содан жара болуы мүмкін. Күндіз көзге көрінбей тығылып жатады да түнде шығады. Адамға жайсыздық тудырғаны болмаса, одан келер қауіп жоқ. Бірақ, жылдам көбейетіні соншалық, бір күнде миллиондаған ұрық шашуы мүмкін. Сондықтан мен жұма күні түсте ол палатаны жауып, бірден арнайы залалсыздандыру қызметіне хабар бердім. Негізі ереже бойынша біз сол палатаны ғана жауып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізсек те болар еді. Бірақ, сақтық мақсатында, әрі бізде мүмкіндік болғандықтан төменгі қабаттағы аналардың барлығын екінші қабатқа көшіріп, бірінші қабатқа толықтай залалсыздандыру жұмыстарын жүргіздік.

Бізде залалсыздандыратын «дезинфекциялық камера» деген болады. Ол жерде қолданылған заттар 180 градустық ыстық буда залалсыздандырылады. Мұндай жоғары температурада қандала былай тұрсын одан да ұсақ жәндіктер тірі қалмайды. Осылай палаталардан бастап, барлық заттарды толықтай залалсыздандырудан өткіздік. Енді қауіп жоқ деп айта аламыз. Дүйсенбіден бастап перзентхана бұрынғыдай қалыпты жұмысына көшті».

Бас дәрігердің сөзін перзентхана меңгерушісі қызметін уақытша атқарушы Бақыт Бердиева да қуаттады. «Үш күн бойы толықтай залалсыздандыру жұмыстары жүргізіліп, дүйсенбіден бастап перзентхана жұмысын кестеге сай жалғастыруда. Жағдайды өз тарапымыздан сұрастырып, зерттеп жатырмыз, «3-4 айдан кейін қайта шығуы мүмкін» деген болжам айтушылар да бар. Бірақ химиялық тазалаудан кейін ондай жағдай қайталанбайды деген үміттеміз. Әйтсе де енді қырағылықты бұрынғыдан да күшейтеміз», – деді Б.Бердиева.

Көктем келіп, күннің жылынуына, топырақтың қызуына байланысты мұндай жәндіктердің жер бетіне көптеп шығатыны белгілі. Сондықтан, барынша сақ болғанымыз жөн. Перзентханадағы мәселеге байланысты Сайрам аудандық санитарлық эпидемиологиялық бақылау басқармасының да пікірін білген едік. «Мұндай жайттың болғаны рас. «Шымкент дезинфекция» мекемесі шұғыл барып, залалсыздандыру жұмыстарын жүргізді. Барлық заттар залалсыздандыру камерасынан өтті. Ауруханада сағат сайын тазалық жұмыстары жүргізілетіндіктен, бұдан кейін ол жерден кездейсоқ жәндіктер табылмайды деген ойдамын», — дейді аталған басқарманың бөлім басшысы Зина Құттыбаева.

Әрине, тазалық сақтау өте маңызды. Ол әсіресе тазалықты бірінші санатқа қоятын денсаулық сақтау орындарында жоғары дәрежеде болуы міндетті. Ал жұқпалы аурулардың дені тазалық, сақтық шараларын сақтамаудан туындап, асқынатыны айтпаса да түсінікті.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *