Басты жаңалықтар Мәселе

«Махажанов бізді мүлдем естімейді»

Кентаулықтар Президенттің «халық үніне құлақ асатын мемлекеті қайда қалды?» деп ашынады.

Кеңестік дәуірде гүлденіп, көрікті қалаға айналған Кентаудан еліміз тәуелсіздік алған алғашқы жылдары тұрғындар жаппай көшті. Үйлердің көбі қаңырап бос қалған «Қаратау тәжінің» бағы тайып, болашағы жоқ қалалар қатарына қосылды. Мемлекеттен көрсетілген қолдау-көмектің нәтижесінде Кентаудың екінші тынысы ашылды.  

Қазір Кентау Түркістан облысының орталығына ең жақын және маңызды қалалардың біріне айналды. Тұрғындар саны да артты. Дегенмен жолға қоюды қажет ететін жұмыстар жетерлік. Жергілікті атқарушы билік командасының әлсіздігінен бе, әлде басқа себебі бар ма, әйтеуір халық тарапынан наразылық аз емес. Мәселен, жуырда редакциямызға хабарласқан кентаулық тұрғындар қала басшылығының дұрыс жұмыс істемейтінін, талап-тілектері мен өтініштері қараусыз қалып жатқанын айтып, көмек сұраған-ды. Олар жолдың нашарлығын, кәріз жүйесі, су ағатын арық пен аяқ жолдың жоқтығын айтады. Асықпай тыңдар болсаң тұрғындардың айтары аз емес, уәжі көп, жанайқайлары жеткілікті.

«Мен орталықтағы Нахымов көшесінде тұрамын,дейді жалғызбасты ана Рәзия Мұхамедова. — 13 наурызда жарық өшіп, жылу беру тоқтағанда адамдар көшеге шығып кетті. Біздегі бір кемшілік — ешнәрсе уақтылы шешілмейді. Әкімдерге хабарласқанымыздан нәтиже болмайды. Өзім жұмыссызбын. Үкіметтен ешқандай жәрдем алмаймын. Қаңтардан бері жылуға ақша төлей алмай отырмын. «Жұмыспен қамту – 2020» бағдарламасы аясында жұмысқа орналастырған болатын, екі жарым айдан бері ол да тоқтап тұр. Әні шақырамыз, міне шақырамыз деп созып келеді. Сонда бұл үкіметтік бағдарламаларды орындаудағы көзбояушылық болғаны ма?

Сенесіз бе, көшемізде су ағатын арық жоқ. Жаңбыр мен қардың суы шұңқырға жиналып, кейін үйлерге кіреді. Бұл жайында қала әкіміне талай айттық, шешеміз дегенімен, баяғы жартас сол жартас күйі қалды. Мұндай уәде неше жылдан бері жалғасып келеді. Құрғақ уәде кімге керек? Әлгі жиналған су әбден-тұрып, сасиды. Содан кейін маса, бүрге, үндемес деген секілді жәндіктер қаптап кетеді.

Қала әкімі Дәурен Махажановқа өзімнің жұмыссыз екенімді, көшеміздің асфальті сапасыз екенін, арықтың жоқтығынан сулардың үйлерге кіріп жататынын, көшедегі үйлерді кәріз жүйесіне қосуын сұрандым. Жанайқайымыз жар басында айтылған жаңғырық күйінде қалды. Сонда Президентіміз Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халық үніне құлақ асатын мемлекет» тұжырымдамасы қайда қалды? Махажанов бізді мүлдем естімейді ғой»

Бұл мәселені көптен бері көтеріп жүрген жалғыз Р.Мұхамедова емес. Көпбалалы ана Сандуғаш Асанбекова да

осыған ұқсас уәжді алға тартады. «Бізде жол жөнделмейді, тек шұңқырларды жамап кете береді. Осылайша асфальт биіктей беріп, қазір жаңбыр мен қар суы тура үйлерге кіретін болған. Салдарынан қабырғалар да жарыла бастады, — дейді көпбалалы ана. — Бір күні үйіміз құлап, астында қалып қоймасақ екен деп қорқамыз. Арық жүргізу жөнінде әкімге айтуын айтып келеміз, бірақ тыңдайтын құлақ болмай отыр. Біздегі тағы бір қиындық — осы көшедегі 20-30 үйдің 150 метр қашықтан өтіп жатқан орталық кәріз жүйесіне қосыла алмауы. Үйлердің барлығы «цептик» қазған. Олардан күн ыстықта сасық иіс қатты шығатындықтан, далада отыра алмайсың».

Кентауда осы секілді қордаланған мәселе аз емес екен. Бірақ, олардың жуық арада шешілетініне жергілікті тұрғындар күмәнмен қарайды. Өйткені, әкім мен ол бастаған командаға сенуден қалған. Уәде бергенімен, оның орындалмайтындығын ашына айтады. Бәлкім, Түркістанға облыс орталығы мәртебесі беріліп, Кентаудың халқы күрт өскенде жас әкім жұмысын игере алмай қалған шығар. Ал енді Сауран ауданы құрылып, бұрынғы Түркістан қаласынан қосылған ауылдық округтердің барлығы да жаңа ауданның қарамағына өтуде. Ендігі жерде қала басшылығы кентаулықтардың жанайқайына құлақ түруге уақыт таппаса, құлық танытпаса ондай әкімнің халыққа қаншалықты қажеті бар? Жергілікті тұрғындарды да осы сауал жиі мазалайды екен.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *