Біле жүріңіз

Қуыршақ театры қуантады

Екі жыл бұрын театр өзінің алғашқы атауын қайта алып, қалалық қуыршақ және жасөспірімдер театры болды. Шығыс шайыры Низамидің «Ләйлі-Мәжнүн» қойылымын жасөспірімдерге арнап сахналады.

— Біздің мақсатымыз — қазақтың ұлттық салт-дәстүрін, тарихын, сондай-ақ адамгершілік негіздерін өскелең ұрпақ бойына сахналық қойылымдар арқылы сіңіру. Карантин жағдайына қарамастан театр ұжымы жемісті еңбек етуде. Қиындықтар да жоқ емес, соның бірі — міндетті табыс табу жүйесінің еселенуі болып тұр. Қуыршақ театры өзге шығармашылық ұжымдардай көп орынға арналмаған. Мектеп, балабақшаларда арнайы сахна қарастырылмаған жағдайлар көп. Тіпті, асханаға қойылым қоятын кездер жиі болады. Дамыған елдердің театарларында қайтсем табыс табамын деген мәселе жоқ. Барлық назар шығармашылыққа бағытталады. Әрбір театрды қаржылай қамтамасыз ету демеушілерге бөлініп берілген.

Бұдан бөлек, бір мысалды айта кетейін. Осыдан біраз жыл бұрын Атырауға гастрольді іс-сапармен барғанда жергілікті театр директоры небәрі бір қойылымға бөлінген 10 мың АҚШ долларын азырқанып тұр екен. Ал бізде бір қойылымға бес жүз-ақ мың теңге қаралатын. Мұны естігенде «неткен жанкештісіңдер» деп әріптестерім таңқалған. Мінекей, қаржының жетіспеушілігі көптеген идеялардың жүзеге асуына тосқауыл болып, қолды жіпсіз байлады. Ел боламыз десек, мәдениет ошақтарына көңіл бөлу қажет. Қазір балаларымыз ұялы телефонға телмірген. Өнерсіз, мәдениетсіз халық  мәңгүрт болады. Бір Мәскеудің өзінде 250-дей театр болса, біздің елде небәрі  58 театр бар екен. Осының өзін көп көріп, «қысқартамыз» деп жүргендер табылады. Театр барлық тәрбиенің бастауы, білім әрі рух. Қазір көркемдік кеңестен өтпеген киноларды бала-шағамен бірге көруге ұяласың. Ал, театр тазалыққа үндейді. Елу минут уақытыңызды бөліп, баланы қойылым көруге әкеп тұрсаңыз ертең жемісін көресіз, — дейді мекеме директоры Бақтияр Спанов.

Елбасы, Қазақстанның Тұңғыш Президенті Н. Назарбаев «Дәстүр мен мәдениет – ұлттың генетикалық коды. Патшалықтың, төңкеріс дүмпуі мен тоталитаризмнің барлық ауыртпалығы мен қиыншылықтарына қарамастан, біздің еліміздің аумағында тұратын қазақтар және басқа да халықтардың өкілдері өздерінің мәдени ерекшеліктерін сақтай алды. Тәуелсіздік жылдарында, жаһандану мен вестернденуге қарамастан, біздің мәдени іргетасымыз беки түсті. Қазақстан – бірегей ел. Біздің қоғамда әртүрлі мәдени элементтер бір-бірімен біріккен және бірін-бірі толықтырып тұрады, біріне-бірі нәр беріп тұрады» деген болатын. Өзге елдердің озық мәдениетіне сүйене отырып, ұлттық бағыттан ауытқымаған қуыршақ театры Елбасы Жолдауында айтылған міндеттерді жүзеге асырып келеді. Балаларды ізгілікке баулитын мәдениет ошағының биылғы шығармашылық жоспары да ауқымды. Ал, сәуір айында кішкентай көрермендер «Можно попросить Нину?», «Достық мектебі», «Женитьба» спектакльдерін тамашалай алады.

Лаура ТАСТАНБЕК

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *