Әлеумет

Қазақстанның «қызыл алтыны»

Күнгейге көктем шуағын мол шашып, қызғалдақтар дәурені басталды. Әсіресе, Шымкентте сәуір келсе қызғалдақ айналаға сәруар нұрын шашып тұрады. Жол бойы мен көше қиылыстары, демалыс орындары түрлі түске боялады.

Елбасы Н. Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласындағы «Қызғалдақтың тарихи отаны Қазақстан» екенін күнгейліктер осылайша ісімен танытуда. Нәзік гүлді өзінің логотипіне айналдырып, бренд ретінде қолданып келеді. Дендросаябақта, Б.Момышұлы көшесі мен Тәуке хан даңғылының қиылысындағы алаңқайда қызғалдаққа арналған алып ескерткіш те орнатылды. Мүсін аумағында «Қызғалдақ – Оңтүстіктің мұрасы» тақырыбын кеңінен 3 тілде (қазақ, орыс және ағылшын) баяндап, түсіндіріп беретін арнайы QR-тақтайша қойылды. Шымкент туралы жарнамалық-ақпараттық парақшаларда қала логотипі ретінде қызғалдақ бейнеленген. Бірер жыл бұрын Шымкент қалалық туризм басқармасының бастамасымен тұңғыш рет «Қызғалдақ жолы» мерекелік фестивалі де өткізілді. Аталмыш фестиваль былтырдан бері пандемиялық жағдайға байланысты тоқтатылып тұр. Бірақ, қызғалдақтар дәурені Шымқалада аяқталған жоқ.

— Қызғалдақ гүлі негізінен күзде отырғызылады. Бұрын гүл отырғызу жұмыстары қала әкімдігі жанындағы тиісті басқармаға қарасты болатын. Биылдан бастап бұл іспен әрбір аудан әкімдігі айналысуда. Қазір басқармадан  гүлдерді есептеп, қабылдап алу жұмыстары жүргізілуде. Ал, күзде қызғалдақ отырғызу үшін гүлзарлар мен алаңшалар дайындалуда. Негізінен соңғы кездері қалада көп жылдық гүлдерді отырғызуға мән берілуде. Бірақ, қызғалдақ та ұмыт қалмайды. Шымкентте негізінен қызғалдақты өңірге Әль-Фараби ауданына қарасты аумақтар жатады, — дейді Қаратау ауданы әкімінің орынбасары Б. Қалдыбаев.

Осылайша қызғалдақты қалада гүлдерді өсіріп, қала тұрғындары мен қонақтарына көз қуаныш сыйлауға барынша жұмыс атқарылуда. Өкінішке қарай, қазіргі қызғалдақ маусымында дала гүлдері аяусыз жұлынып та жатады. Біле білгенге бұл қызыл кітаптан ойып тұрып орын алатын қызғалдағымыздан айырылып қалу қаупін туғызады. Осы мәселеге орай, қызғалдақтардың қорғаушысына айналған табиғат жанашыры, қоғам белсендісі Ғани Назарбектің айтары мол. Біз Ғанидың қызғалдақ туралы ой-пікірін біліп, жазып алған едік.

— Қызғалдақ — Қазақстанның қызыл алтыны, біз соны бағалауымыз керек. Табиғат байлығын қорғау — алдымен адамзат парызы. Екіншіден, оны көбейту арқылы табыс көзіне айналдырып, туристердің ұлы көшін  ұйымдастыруға болады. Кез-келген жанның табиғатқа зиян келтіруі — Отанына жасаған опасыздығы. Еліміз табиғатты қорғауға арналған үлкен қадамдарға енді аяқ басуда. Уақыт өте әлемде көптеген құндылықтар өзгеруде. Соның бірі жақын арада қызғалдақтар болады деп білеміз. Жабайы қызғалдақтарға деген  сұраныс қазірдің өзінде басталды, — дейді ол.  

Зерттеушілердің айтуынша, қызғалдақ атауы ғылыми айналымға ХІХ ғасырдың соңы мен ХХ ғасырдың басында енген. Сол уақытта Петербургтен келген ғылыми экспедициялар зерттеп, қызғалдақ түрлерін өз атымен,  ұстаздарының атымен атай берген. Біздегі ғылымның әлсіздігі қызғалдақ түрлеріне қазақы атау бере алмауымызда. Тәуелсіздік жылдарының өзінде ашылған бірнеше гүлге неміс, голланд ғалымдарының есімдері берілуде. Біздің елімізде бұл гүлдің 40-тан астам түрі өседі.

Қызғалдақ туристерді тартудың таптырмас көзі. Он тоғызыншы ғасырдың соңында орыс көпестері қазақ қызғалдақтарын голландықтарға жаппай саудалады. Өте үлкен көлемде қазып, сатты. Кеңес дәуірінде бұл үрдіс тоқтады. «Базарда ашықтан-ашық сатылып жатқан қызғалдақ ұрықтарына тоқтау салып, өзіміз мәдени қызғалдақ өсіріп, жаңа түрлерін шығаруға болады. Ал, алдағы 20-30 жылда қазіргі қызғалдақтар өзгеріске ұшырап, өтпейтін болады. Оларды жаңарту үшін табиғи қызғалдақтардың ұрығы қажет. Біздегі қызғалдақтардың көбісі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Арнайы қылмыстық жауапкершілік қаралып, әр гүлді жұлғаны үшін белгіленген мөлшерде айыппұл нормасы бар. Яғни, табиғатқа келтірген зауалын айыппұлмен өтейді. Қызғалдақты жапырағынан жұлынса да, гүлінен жұлынса да өлді деп есептеуге болады. Адамдардың экологиялық сауатсыздығы мен табиғатқа жанашырлықтың жетіспеуінен көпшілік өзінің бұл әрекетінің қылмыс екенін білмейді. Бірақ, білместік жауапкершіліктен босатпайды. Білім жүйесінде де арнайы сабақтар,  түсіндірме жұмыстары кем.

Табиғатқа зиян келтіруге адамзат екі түрлі себеппен барады. Бірі бай-бағландар үшін ермек болса, қарапайым адамдар үшін күнкөріс қамы. Экологтар төтенше жағдай, карантин мерзімінің табиғатқа тигізген пайдасы зор деп есептегенімен, экомәдениетімізді түземей, бәрі баяғы қалпына келетіні сөзсіз. Рас, қазір табиғат адамдардан демалып жатыр, бірақ шектеу біткен соң барлығы қайта шығады», — дейді Ғани Назарбек.

Тағы бір айта кетер жайт, қызғалдақты қорғау үшін ұйымдастырылғанымен, оны таптауға бола баратын фестивальдардың пайдасы аз. Негізгі идеясы дұрыс болғанымен, жүйесін өзгерту керек. Фестивальда бір де бір қызғалдақ жұлынбауы тиіс, оны көздің қарашығындай сақтау керекпіз. Халықтың қызғалдаққа көзқарасын ұлттық байлық деп қалыптастыру қажет.

— Қазір туризм әлемде үшінші табыс көзі. Туристерден бөлек, гүлдің бұл түрін қолдан немесе табиғи өсіріп, ұрықтарын сатсақ мұнайдан кем пайда түспейді. Өйткені, өткен ғасырларда алғашқы қызғалдақтың ұрықтары әлемдік деңгейде үлкен сұранысқа ие тауар болған. Қазір Голландияда шығып жатқан қызғалдақтардың тұқымын табиғи түрімен жиі будандастырып тұрмаса олар ауру болып, дұрыс өнбейді. Голландықтар 50-100 жылда көптеген жабайы қызғалдақтардың ұрығын алып кетіп, түр-түрін шығарып, дамытып отыр. Ал біз оны ешқайда сатпай, өзіміз өндірсек, Голландия сияқты бүкіл әлемге қызғалдақ экспорттай алар едік.

Грейг қызғалдағы еліміздің Қызыл кітабына енген. Қызыл кітапқа енген  кез-келген қызғалдақ түрін жұлған, тасымалдаған, жойған, сатқан, сақтаған, әкеткен азаматтар ҚР қылмыстық кодексінің 339-бабына сәйкес қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Сондай-ақ, өсімдіктер әлеміне келтірген залалын  өтейді. Сондықтан автожолдар бойындағы, тау бөктеріндегі қызғалдақтарды жұлып, қылмыскер атанудан аулақ болуға шақырамыз. Бәйдібек ауданы аумағында қазір қызыл кітаптағы Грейг қызғалдағының гүлдеу фазасы басталды. Ал, гүлдердің өсіп-өнуіне зиян келтірмей фотоға, видеоға түсіруге заң тыйым салмайды, — дейді табиғат жанашыры.

Ғани адамзат өзін табиғаттың қожайыны емес, бір бөлшегі екенін сезініп,  оған барынша қамқорлық танытса дейді. Қызыл кілемге оранғандай құлпырған сәттің қызығын жауыздыққа айырбастамайық! Қызғалдақтарды қорғауға Елбасының өзі мемлекеттік деңгейде назар салып, өзгелерге де ерекше көңіл бөлуді тапсырған болатын. Осыған орай тиісті мекемелер тарапынан арнайы іс-шаралар жоспары жүзеге асып келеді. Табиғат сәні — гүлдерді көктей солдырмай, келешекке жеткізу үшін әрбір адам оған ынталы, жанашыр болуы тиіс.

Л. Қалшабекқызы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *