Өмірдің өзі

Сүйек жаңғырту — салтымыз

Мен Қызылорда облысы, Жаңақорған ауданының Қыраш ауылында 1979 жылы дүниеге келгенмін. Отбасындағы төрт қыз, үш ұлдың кенжесі болдым. Мектеп бітіргеннен кейін Түркістандағы Қ.А.Ясауи атындағы ХҚТУ-дің тарих және мұражай мамандығына оқуға түстім. Демалыс күндері әкемнің нағашысының үйіне қонаққа барып жүретінмін. Бірақ, нағашымның ауылынан болашақ жарымды жолықтырамын деп басында ойламадым.

Күйеуім – әжемнің інісінің немере баласы, ал мен жиеннен туылған жиеншар болып келемін. Алғашында бір-бірімізді ұнатып жүрсек те, отбасын құруға туысқандарымыз рұқсат бермейді деп ойладық. Бір күні жолдасым әжесінен: «Райханға үйленсем бола ма?» деп сұрапты. Сол кезде әжеміз мұның ешқандай әбестігі жоғын айтып, «қайта сүйек жаңғыртатын болдық» деп қуанған екен. Немересіне сүйек жаңғырту дәстүрін түсіндіріп, менің әкеме өзі құда түсіп баратынын айтқан. Осылайша әжеміз біздің үйге құда түсіп келді.

Алғашында туысқандарым абдырап қалды, әрине. Бірақ әжем әкеме: «Айналайын, сен екеуміз өмірден кеткеннен кейін екі әулеттің аралас-құраласы тоқтайды. Жат боп кетеді. Бірін-бірі танымай кеткені дұрыс емес. Тағы да біте қайнасып, араласып, құда болып, әулетті жақындастырып, сүйек жаңғыртайық» деп сөзін салмақтайды. Сол кезде әкем: «екі бала келісімін берсе, менде қарсылық жоқ» деді. Осылайша тойға дайындық басталып кетті.

Бұрын нағашы-жиен ретінде араласқан екі жұрт сүйек жаңғыртқаннан кейін құда болып араласуын жалғастырды. Екі әулет қайтадан мәре-сәре болып, жақындасып, таныспағандары танысып, жаңадан бір серпіліс болды. Бүгінде отағасы Нұртаспен шаңырақ көтеріп, үш қыз, бір ұлды тәрбиелеп отырмыз.

        Бұл дәстүрді алда өзім де жалғастырғым келеді. Себебі, сүйек жаңғыртудың жас жұбайларға да берер тәлімі мол. Жастықпен  жолдасыммен ренжісіп қалсақ, екі әулет тез-ақ татуластырып жіберетін. Өйткені, бір-бірін жақсы біледі. Екі жақ өзара кеңесіп, бізге ақылдарын айтады. Осылайша ұрысуға да мүмкіндік бермейді. Үлкендерді құрметтеп, сыйладық. Алдарынан кесе-көлденең өтпедік. Олардың тәрбиесімен өсіп-өндік. Туысқандарымызбен де ара қатынасымыз үзіліп қалмады. Қазіргі таңда әкем де, күйеуімнің әжесі де қайтыс болған. Алайда екі әулеттің қарым-қатынасы үзілмеген. Бұл сүйек жаңғырту салтының арқасы. Екі әулеттің арасын жалғастырып, алысты жақындататын ерекше салт-дәстүріміздің жаңғырғанын қалаймын. Жақсыны жатқа бермей, текті елден қыз алу арқылы ұрпақ болашағын ойлау дәстүрінің астарында үлкен мән бар. Ұрпақты береке-бірлікке, татулыққа шақыратын дәстүрдің бұл түрі қазақ елінің әрбір салт-дәстүрі мән-мағынаға толы екендігін айғақтайды.

         Сүйек жаңғырту — халқымыздың алысты жақындатып, барды молайтатын дәстүрі. Этнограф, жазушы Байахмет Жұмабай: «Қазақтың некеге қатысты тағы бір жақсы салты – сүйек жаңғыртып, құда болу. Мұнда құдандалы болған әулет ұзақ уақыт өткен соң, туыстық байланысты үзбеу мақсатында бір-біріне қыз беріп, келін алысатын болған. Екі әулеттің барыс-келісі азайған қатынасын қайта жиілетер сүйек жаңғырту дәстүрінің мән-мағынасы мол. Қазақ салт-дәстүрінің астарында терең ой мен мағына жатыр, өзі танып-білетін елден келін алып, текті ұрпақ жалғастыру. Сүйек жаңғырту дәстүрінің басты құндылығы рулық ерекшеліктерді ескеру болмақ», — деген.  Қазір де бұл дәстүр екі жастың келісімімен, отбасының берекесіне айналған көпті көрген ата-әжесі бар үйде жаңғырып жатса, ғанибет емес пе?

           Райхан Алтыбаева,

 Шымкент қаласы

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *