Қоғам Мәселе

Денсаулық саласына өзгеріс қажет

Қазақстан заңдары жиі өзгеріске ұшырайтыны үрдіске айналды. Бәлкім бұл өзгеріске толы заман талабы шығар. Десек те, сол заңдарды неге әу бастан адамдар мен олардың денсаулығына, қауіпсіздігіне барынша негіздемеске?

Осыдан бірнеше жыл бұрын міндетті әлеуметтік сақтандыру қоры туралы Заң қабылданып, оны жер-жерде жаппай түсіндіру жұмыстары жүргізілді. Тиімді жақтары айтылды. Бірақ соның көлеңкелі тұстарын ешкім назарға алмаған секілді. Насихаттарда айтылғандай, сақтандыру қорына қаржы құйғандарға көптеген ем-шаралар тегін жасалуы тиіс. Сол қаражатты жұмыскер бала-шағасының аузынан жырып, жалақысынан төлейді. Сөйте тұра емханаға барғанда ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр болатындар бар.

Әрине, уақытын есептеп, өз еркімен ақылы қызметті пайдаланатындар жоқ емес. Ол мәселені қалтасына қарап әркімнің өзі шешеді. Алайда, халықтың әлеуметтік ахуалы әртүрлі ғой. Біреулер 400-500 мың теңгеге дейін жалақы алса, енді бірі 42500 теңгені қанағат тұтады. Бірақ ол екеуі де медициналық сақтандыру қорына ақша төлейді. Ендеше, неге емнің барлығы тегін болмайды?

Тегін қараламын деп жүргенде ақылы қызметке мәжбүрлейтін жайттарды бастан өткеріп жүргендер аз емес. Мәселен, редакциямызға хабарласқан Ұлан Райбек есімді азамат «Денсаулығым сыр берген соң емханаға бардым. Сол кезде еліміздегі денсаулық саласының шикіліктеріне куә болдым. Маған гепатитке ақылы сынама тапсыру керектігін айтты. Мен жағдайымның жоқтығын ескертіп, бас тарттым. Кейін тегін тапсырса болатынын хабарлады. Содан кейін де бірнеше сынамаларды тапсыруым қажеттігін, олардың арасында емханада ондай сынама түрін алатын аппараттың жоқтығын, сол себепті жеке меншік «Олимп» клиникасына ақылы түрде тапсыруым керектігін айтты. Сонда мемлекеттік емханада жоқ аппарат жеке меншік клиникаларда бар болғаны ма? Медицина саласына қыруар қаржы бөліп, заманауи аппараттарды алып жатқаны қайда қалды? Оның үстіне міндетті сақтандыру қорына ай сайын қаржы құйып жатырмыз. Сонда сынаманың өзін тегін тапсыра алмасақ, мұның барлығы кімдер үшін жасалып жатыр?

Әлгі сынаманы тапсыру құны 12180 теңге екен. Мен тағы да қалтамның көтермейтінін айттым. Арада біраз уақыт өткеннен кейін тегін тапсыруға мүмкіндік табылғанын жеткізді. Сонда бұл қандай саясат? Шынымен де мемлекеттің жеке меншік клиникалардың сатып алуға қаражаты жеткен аппаратты алуға жағдайы келмей ме, әлде дәрігерлердің қолдан істеп отырған қиындығы ма? Дәл осындай проблемамен бетпе-бет келіп жүргендер еліміздің кез-келген өңірінде кездесетініне күмәнім жоқ. Бұл денсаулық саласын басқарып отырған лауазым иелерінің кемшілігі ме, әлде заңның солқылдақтығы ма? Салдарынан қаншама мен секілді жағдайы жоқ науқастар сандалып жүр. Арасында амалы таусылып, ажал құшқандардың да болмасына кім кепіл?! Осы мәселеге зерттеу жасап көресіздер ме?», — дейді жанайқайын ашына жеткізіп.

Біз үшін оқырман сұрауы қашан да бірінші кезекте тұрады. Кейіпкеріміздің сауалына орай Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Бақытжан Позыловқа хабарласып, жоғарыдағы мәселе бойынша пікір білдіруді сұрадық. «Министрліктің бекіткен тізімінде қандай қызмет түрінің ақылы, қайсысы тегін екені көрсетілген. Сіз айтып отырған сынама түрлері өте сирек алынады. Мысалы, жылына бір емханадан 4-5 адам тапсыруы мүмкін. Ал ол аппарат ондаған миллион теңге тұрады. Оны босқа ұстап отыру қаржылай шығынды қажет етеді. Сондықтан аз адамды ақылы түрде сынама тапсыруға жібереміз. Бізде онсыз да көптеген сынамаларды диагностикалық орталық пен басқа жекеменшік клиникаларда келісім арқылы тегін тапсырады», – деді басқарма басшысы.

Науқастар ақылы тапсыруға мәжбүр сынама түрлерінің арасында құны 14980, 22500, 23680 теңге және одан да жоғарылары бар екен. Сонда адамдар не үшін МӘСҚ-ке жарна төлеп жүр? Жеке адамдар сатып алуға шамасы жеткен аппаратты мемлекеттің сатып алуға қиналғаны ақылға қонымсыз дүние емес пе?! Осыдан кейін шынында да Қазақстанның денсаулық саласына үлкен өзгеріс қажет екенін түсінгендей боласың.

Ұлықбек ҮМБЕТ.

Добавить комментарий

Ваш e-mail не будет опубликован. Обязательные поля помечены *